"Жаңаша" жылды жапты
Мамыр айында Арал аудандық мәдениет үйінде Қазақстанның халық әртісі Құдайберген Сұлтанбаевтың шығармашылық өнер жолын насихаттауға арналған «Күлкі – думан» атты әзіл-сықақ отауларының облыстық байқауы өткен еді. Жаңақорған ауданының атынан қатысқан «Жаңаша» әзіл-ысқақ отауы үздік өнерімен көзге түскені әлі есімізде. Құрылғанына 31 жыл толған шығармашылық ұжымның жеткен жетістіктері бір төбе. Буын алмасуды сәтті еңсерген ұжым басшылығын Тоқтар Әжімұратов тізгініне алды. Енді «Жаңаша» жаңаша бағытта дамуды қолға алды. Оған М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен қорытынды концертінде көз жетті.
Жаңақорғандықтардың рухты әзілді сағынып қалғанын мәдениет үйіне жиналған көрермендердің қолдауынан сезіндік. Көрермендерінің көңіл сарайынан орын тауып жүрген шығармашылық ұжымда Қалтай Арқабаев, Мәдениет Тотаев, Қазыбек Башаров, Нұрлан Бабажанов, Гүлнар Байтөреева, Шәкизат Қарабекова, Рыскүл Ұлықпанова, Құралай Мұсахметова өнер көрсетті. Одан кейін Сайран Ділманов, Талап Тотаев, Кенже Әкімбаева, Мұхтар Дәрібаев, Балмұхаммед Әбжаппаровтар өнерімен дараланды. Жаңа буынға Тоқтар Әжімұратов жетекшілік етсе, Айдарбек Молдабек, Жасдәурен Сабырханов, Мұхтар Нұржігіт, Назерке Жәнібек, Балауса Сахан, Нүрдін Нұрай, Іңкәр Әлиасхар өнер көрсетіп жүр. 2016 жылы халықтық атақ алды.
Айта кететіні, республика бойынша көптеген ауданда әзіл-ысқақ отауларының белсенділігі төмен. Мәдениет үйінде штат ретінде сақталып тұр. Ал Жаңақорғандық шығармашылық ұжым әлі көрерменімен байланысын үзген жоқ. Бұған оңтүстік ауданның әзілге жақын болуы да сеп екені анық.
Бүгінгі қоғамдағы түйдек-түйдек мәселелерді әзілмен жеткізіп, көрерменіне ой тастаған концерттік бағдарламада кредитке арқа сүйеп той өткізудің салдарынан шаңырақтан берекенің кететіні көрсетіліп, еркек пен әйелдің қарым-қатынасы, ішімдіктің адамға зияны жайлы сахналанды.
Көрерменге риясыз күлкі, астарлы ой салған кеште М.Көкенов атындағы мәдениет үйінің директоры Зулфия Шалабаева сөз алып:
– Аудандар арасында халықтық атақ алған бірден-бір әзіл-ысқақ отау – «Жаңаша». Осыдан үш-төрт жыл бұрын шығармашылық ұжымның ертеңі қалай болады деп жүргенімізде аға-әпкелерінің жолын жалғайтын үшінші буын сахнаға келді. Қазір үш буынның басы қосылып, өмірдегі ащы шындықтарды әзілмен кестелеп, сахналап жүр. Біз осындай дәстүр сабақтастығымен мақтанамыз, – деді.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ