№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ЕР-ТҰРМАННЫҢ КИЕСІ БАР

ЕР-ТҰРМАННЫҢ КИЕСІ БАР

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тамырлы тарихымызға түрең салатын кезең басталды. Әсіресе ұлттық құндылықтарды ұлықтап, жастар бойына сіңіруге мүмкіндік ашылды. Бұл – бұрмаланған тарихты түзетіп, сақ-ғұн заманынан бері сабақтаса дамыған салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты танудың тиімді жолы. Әсіресе, жүйрікті алғаш тізгіндеп, оның ер-тұрмандарын жасаған ата-бабаның шеберлігін сөз етуіміз тиіс.

Әлем ғалымдарының ортақ пікірі – жылқының басын білдіргендер Ұлы даланың байырғы тұрғындары. Әсіресе ат әбзелдері ерекше құндылық ретінде бағаланады. Бұл жайында тарихшы Ержан Тоқтарбай: «Жер қойнауынан табылған кейбір құмыраларда ер-тұрманның суреттері бейнеленгенін анық аңғаруға болады. Ол жұмсақ әрі өте жайлы ер тоқым екені сөзсіз көрініп тұр» дейді. Ал біздің заманымыздағы ер-тұрман жетілдірілді. Яғни ағаштан қашап, артық-кем тұсы алынып, адамға да, жылқыға да жайлы етілді. Бұл туралы Дметрый Савинов ат әбзелдерінің сапасы артып, салмағы жеңілденіп, үлгісі кеңие түскенін айтады.
Біздің өткен тарихымыздан сыр шертіп, өркениетті елдің ұрпағы екенімізді еске салып, аудандық тарихи-өлкетану музейінің төрінде жайғасқан ер-тұрманға зер салсақ, одан көп сыр түюге болады. Бұл туралы музейдегі экскурсовод Бағдәулет Хайрулла:
– Ер-тұрман кімге тиесілі болғаны белгісіз. Орта ғасырлық батырлардың бұйымы болғанын тарихшылар айтады. Шамамен ІІ ғасырлық тарихы бар. Осы күнге дейін бүлінбей, жойылмай сақталуының сыры ағашы жылқы майымен сылағанында болуы мүмкін. Осы іспетті тағы да екі ер-тоқым бар, – деп жәдігер жайлы әңгімеледі.
Оның айтуынша, музейге келушілердің назары ер-тұрман, батырдың дулығасы мен қылышына көп ауады. Себебі салмақты жәдігерді қалай көтеріп жүрді? Қалай шайқасты? Өмір сүру мәдениеті мен өркениеті қалай болды? Осы сауал келушілерді қызықтырады.
Кезінде ат баптап, оны көлік ретінде мінді. Сол кезде ер-тұрман жасайтын шеберлер көп болды. Бүгінде көліктің түр-түрі адамның негізгі қатынас құралына айналды. Сондықтан шеберлер азайды, бірақ сұраныс әлі де бар. Мұны ат әбзелдерін жасайтын бесарықтық шебер Байкісі Айдаш айтып отыр. Одан ер-тұрманның ел біле бермейтін қадір-қасиетін сұрадық.
Қазақта «аттан айырылсаң да, ер-тоқымнан айырылма» деген аталы сөз бар. Бұл – байрағы биік, рухы асқақ көшпелі қазақ халқының ат-әбзелдеріне деген құрметін меңзейтіндей. Оған себеп, бабалар әбзелдерді тұрмыстық, сәндік, жауынгерлік мақсатта кәдеге жаратты. Дәстүрге мән берсек жігіттің жеті байлығының бірі саналған ер-тұрман ерекше киеге ие.
– Былтыр қайтарымсыз қаржыға қол жеткізіп, Қытайдан арнайы құрал-жабдықтар алдырған болатынмын. Әрбір әбзелді жасаудың өз тәсілі бар. Ер-тұрман, үзеңгі, ноқта, тартпа, тоқым, жүген және өзге де әбзелдерін жасап, халыққа қолжетімді бағамен ұсынудамын. Ата кәсіптің қыр-сырын біліп, құндылығын дәріптеу борышым деп санаймын, – деді шебер.
Он жыл бойы ат әбзелдерін жасап, оның қасиетін ұққан шебер ер-тұрманды қасиетті бұйым ретінде қастерлеу дәстүрімізде болғанын айтады. Ер-тұрманның түрлі ауруларға емдік қасиеті бар. Ауызға жара шығып, ұшық, ауызтілгек, ауызжара шыққанда аттың ауыздығымен емдеп жататын әжелерді талай көргенмін. Теріні пышақ тіліп, қан тоқтамағанда тоқым тартар ырым-намымын жасайды. Жас нәрестені улы жәндіктен қорғау үшін ер-тұрманның бөліктерін айнала қоршап қою да дәстүрімізде бар. Ал жылқы терапиясының жүйелі жүруіне ат әбзелінің айтарлықтай маңызы бары сөзсіз. Толғағы жеңіл болсын деп, жүгенді жүкті әйелге тартқызу да әлі күнге дейін өз құнын жоғалтпай келеді.
Ер-тұрман жасайтын адамды ерші дейді. Ершілердің ер-тұрманды жасау әдісі әр түрлі. Ердің ағаштан жасалған негізгі бөлегін сүйегі деп атайды. Ағаш тапшы жерлерде ердің сүйегін бірнеше бөліктен қиюластырып, құрап, желімдеп жасайды. Оны «құранды ер» деп атайды. Сол сияқты жуан ағаш діңгекті екіге жарып, әр бөлігінен ер сүйегін тұтас шауып шығуға да болады. Құралды ер жасауға қайың ағашының безі өте қолайлы екен. Өйткені ол өте берік, әрі жарылып шытынамайды, қаңсымайды, өңделген кезде ағаштың табиғи өрнектері ашыла түсіп, өте әдемі болады. Ер сүйегін тұтас шабу үшін тал, киіз терек тәрізді ағаштар қолайлы.
Ерші Байкісі Айдаш: «Сапасына байланысты, негізінен ер-тұрмандар 60 мың теңге болса, жүген 15 мың, тартпа 10 мың теңгеге сатылуда. Әбзелдерді екпе талдан қашап жасаймын. Материалға ағаштар өзіміздің өңірде өседі. Оны баптап, кептіру де ұзақ уақыт қажет етеді. Өзбекстаннан жіп, былғары терілер (кожа) алдырамыз. Кейде Өскемен қаласына да тапсырыс береміз, – деді кейіпкеріміз.
Шеберге тапсырыс берушілер кәсіби ат спортымен айналысатын шабандоздар болып шықты.
– Қазір ат әбзелдерін жасау технологиясы дамыған уақыт Байкісінің жасаған бұйымдарына біздің көңіліміз толады. Нарықтағы бағасы да қолжетімді. Атадан келе жатқан кәсіпке дем беріп, заманға сай икемдеп жатқанына ризамыз, – деді ұлттық ат спорты түрлерінен облыстың аға жаттықтырушысы Исламхан Боранбаев.
Бір ер-тұрман жасау үшін қаншама күшпен қатар білім мен парасат керек. Ершілердің көптеген халық ауыз әдебиетін оқып, батырлар жырын жатқа білуінде де үлкен шығармашылық ізденістің ізі жатқандай. Бізбен сұхбаттасқан ершінің жыраулар поэзиясы, би-шешендердің өнері, ер-тұрман жайында мақал-мәтелдер, хандар мен билер жөнінде аңыз-әпсаналар жайында сөз еткенде нағыз ерші екенін мойындай түсесіз.
31 шілде 2020 ж. 904 0