№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қазақ пен жылқы егіз ұғым

Қазақ пен жылқы егіз ұғым


Қаратауға қайта жол түсті. Мақсат – тау-тасқа қашалып жазылған таңбаларды бағдарлау. Бесарық өзенін бойлап, Таңбалы тасқа да жеттік. Таңбалы тас – тарихтың төлқұжаты дерсіз. Қола дәуірі, тіпті оған дейінгі заманда бедерленген таңбалардан жан-жануардың суретін көптеп көруге болады. Ішінде үйір болып жайылған жабайы жылқыларға еріксіз көз түседі. Көзге ыстық басылғаны – жүйрікті тізгіндеген адамның таңбалары. Иә, жылқыға мінген адамдар. Осы тастағы таңбалар алғашқы жылқыны қолға үйреткен біздің ата-бабамыз екенін дәлелдейді. Содан бері мыңжылдықтар көші өтіп, қазақ пен жылқы егіз ұғымға айналды. Мұны «жылқы дегеніміз – қазақтың өзі!» деген сөзден ұғуға болады. Әсілі, өзін жылқы мінезді деп, өзінің мінез-құлқын, бітім-болмысын, жан дүниесінің айқындаушысына айналдырған қазақтан басқа халық жоқ шығар, сірә!

Содан болар, жылқы қазақтың ұлттық сана-сезім, рухани болмыс, тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, мәдениет пен өнерінің тұтас бір айырылмас бөлігіне айналып кеткен. Әлем ғалымдары жылқыны алғаш қолға үйреткен де Ұлы Даланың байырғы тұрғындары, яғни, қазақтың ата-бабасы екенін мойындайды...
Тұлпарды ырқына бағындырған халықта ат әбзездерін дайындаудың да өзіндік ерекшелігі көп. Бірнеше жыл бұрын Жаңақорған қолөнер шеберлері орталығында соған қанықтық. Сол жөнінде тарқата жазсам. Белгілі қолөнер шебері Пахраддин Садықовпен бірге келген түркістандық Жанболат Сүйенбаевтың ер-тұрманды жасаудың сырымен бөліскен еді.
Пахриддин Садықов: «Жәкен, қатардағы жай ерші емес. Ол қазақтың ер-тұрманын жасауды әлемдік деңгейде насихаттап жүрген шебер. Мәселен, Біріккен Араб Әмірлігінің астанасы Абу-Дабиде 40 күн қазақы ер-тұрман жасаудың қыр-сырын үйретті. Одан өзге Кәрі Құрлық елдеріне табан тіреп, қазақы ердің жасалу технологиясы жөнінен сыр тарқатты», – деп атақ-даңқын дәріптеп, шеберлігін сөз етті.
Ер-тұрман жасайтын ерші жүйріктің бағасын білетін азаматтардың келгенін көріп, арқасы қозып, алтыннан құйып, күмістен жонып, шегедей қағып сөздерін жалғады. 
– Қашаннан қазақ ер-тұрман мен ат әбзелдеріне өнер туындысы ретінде де қараған. Шеберге тапсырыс берушілер ер-тұрман әбзелдерінің ешкімнің мүлкіне ұқсамайтындай, мейлінше әдемі жасалуын қадағалаған. Шеберлер болса тұтынушының ойынан шығу үшін көп ізденіп, ұлттық нақыштағы ат әбзелдерін дайындауға тырысқан. Яғни, ер-тұрман әбзелдері қашанда қазақтың мақтан тұтар бұйымына айналған. Мұндай дәстүр сабақтастығы бүгінге жетіп, маңызын жоймай, сұраныс артып келеді, – деді ұста.
Ер жасамас бұрын, оның ағашын дайындау маңызды екеніне тоқталды шебер:
– Ердің төзімді, мықты болуы дайындаған ағашына байланысты. Ағаш күзде бірінші суық ұрғаннан кейін ұйқыға кетеді. Ершілер осы уақытта көбіне бес-алты немесе жеті-сегіз жылдық ағашты кесіп алады. Сосын көлеңкелі жерге қойып, баптайды. Өйткені, көлеңкедегі ағаштың өз нәрі өзінде қалады. Жалпы, ердің ағашы жылдың төрт мезгілін де көруі тиіс, – деп ағаш дайындаудың сырымен бөлісті.
Одан кейін ерді жасаудың әдіс-тәсіліне тоқталды. Негізінен құрап жасайтын ерлер ұзақ жылға шыдайды екен. Ал, құрақ ер жиырма бөлшекке дейін тұрады. Оны жасағанда қазақы өлшеммен дайындалады.
– Аттың арқасына түсетін геометриялық өлшемді қазақтан артық білетін халық жоқ. Мәселен, сүйем, сынық сүйем, жұдырық өлшем, білек өлшем, қарыс өлшемге салып, ерді жиырма күнде құрастырып, жасауға болады, – деді ұста.
Жалпы, ер-тоқым жасау бірнеше мамандықты игеруді талап ететін кәсіп. Ең алдымен, ағаш шебері бола білуің керек. Ердің басы «қаңқа басы» деп аталады. Ағаштан аттың арқасына тимейтіндей етіп шауып шығу үшін мүсін өнерін меңгеру қажет. Жүні түсірілген терімен дайын болған ағаштың сыртын қаптауды «көнделу» дейді. Ол үшін тері өңдеу ісін жетік білуің тиіс. Сондай-ақ терінің сырты былғарымен қапталады. Бұл тұста былғары жасау ісін меңгеруің қажет. Одан кейін зергерлік өнерді қажет ететін ердің әшекейі жасалады. Әсіресе, өмілдірік, құйысқан сынды ер-тоқым бөліктерін дайындағанда зергерлік таныту керек. Барлығын жинап шыққанда толыққанды ер-тоқым дайын болады. Күрделі саналатын ерді жасап шығу үш-төрт айға созылады.
Ал, ердің берік, төзімді болуына ершінің шыдамдылығы мен шеберлігі ұштасқанда мүмкін болады.
– Біріншіден, ердің беріктігі құраманы құрастырғандағы дәлдікке байланысты. Екіншіден, өзіндік технологиясы бар. Яғни, малдың сіңірін тұзға көміп, пісіреді. Одан кейін тұзды сіңірген сіңірді он күн күнге кептіреді. Сосын сіңірді төстің үстіне қойып, балғамен ұрып, қылдай түтеді. Дайын болған өнімді ағаш желіммен (клей) ерге жағады. Соңғы кезеңі он бес күндей ерді көлеңкеге кептіріп, былғарымен қаптайды. Мұндай ерді – «тоздалған ер» деп атайды. Бұл ердің бағасы да қымбат болады. Жобамен бір тайдың құны, – деді Жанболат Тасболатұлы. 
Сыртқы бітім ерекшеліктеріне, жасалу техникасына орай ердің «қазақ ері», «шошақ бас ер», «үйрек бас ер», «құранды ер», «қозықұйрық ер», «қызық бас ер», «қан бас ер» деп келетін түрлері бар. Осылардың ішінде құранды ерден басқасы көбінесе бес бөлікті қосу арқылы жасалады. Атап айтқанда, екі қас (артқы қасты керсен деп атайды), екі қаптал және бел ағаш (орта ағаш), ағаштан шабылып барып біріктіріледі. Оны ер қосу дейді. Кейде жақсы қиюласу үшін ердің бөлшектерін тезге салатын да дәстүр бар. Ер бөлшектері негізінен орама жез шегелермен бекітіледі. Бел ағашын көбінесе таспалап бекітеді. Қазақ даласындағы қоспа ерлердің жасалу техникасында бір ізділік бар. Ал, сыртқы бітіміне қарай әр түрлі бола береді екен.
Р.S.: Қазақсыз жылқы тарихы, жылқысыз қазақ тарихы тірілмейді. Ұлтты рухани жаңғыртамыз десек, жылқының асыл қасиетін дәріптеп, оның әбзелдерін насихаттау керек-ақ. Жанболат Сүйенбаевпен әңгімелесу барысында осыны ұқтық.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
19 шілде 2020 ж. 940 0