№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » АУЫЗ СУ ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН

АУЫЗ СУ ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН


Халыққа ауыз су қашан жетеді? Жаңа құбырдан су алуға қашан көшеміз? Осындай сауалдар мазалаған тұрғындар енді еш уайымдамаса да болады. Өйткені, су құрылысы аяқталуға жақын. Қазір кент көшелерінде орналасқан су құбырларының барлығында тіршілік нәрі бар. Оған «ТемірСтройСервис» ЖШС мамандарының ауыз су құбырларын сынақ-тәжірибеден өткізгені дәлел бола алады. Енді соған толығырақ тоқталсақ.


Жақында аудан әкімінің орынбасары Адай Салыбековпен бір топ сала басшылары ауыз су құрылысының тынысымен танысты. Топ құрамында кент әкімінің міндетін атқарушы Жарас Мырзалиев, Арал СЖКБД филиалы Жаңақорған өндірістік бөлімше басшысы Ғани Шерниязов, аудандық тұрғын үй коммуналды шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі КММ ауыз су жөніндегі әдіскері Ерсұлтан Смайлов, қоғам белсендісі Алшынбай Тұртанов және көше комитеті төрағалары бар.
Жол бастаған «ТемірСтройСервис» ЖШС директоры Тимур Дабылов, «Арал» СЖКБД бақылаушысы Тәңірберген Сыздықов алдымен кенттегі Б.Аралбаев көшесіне аялдады. Серіктестікке қарасты учаске басшысы Нұрсұлтан Абдиров көше бойындағы құдықта орналасқан бағананы жоғары шығарып, қақпақты бұрай қалғанда, су сарылдай жөнелді. Бұл – №2 көтермелі «Құм сахаба» су қоймасына жаңадан орнатылған 4000 мың кубтық су қоймасынан келіп тұрған тіршілік нәрі. Бұл – кентішілік көше бойындағы жаңадан жүргізілген құбырларда су барын білдіріп қана қоймай, жаңа су қоймасының жұмысқа дайын екенін аңғартқандай. Осы тұста аудан әкімінің орынбасары Адай Салыбеков бас мердігер компанияның директоры Тимур Дабыловты сұрақ астына алды.
– Мемлекеттік бағдарлама аясында жүргізіліп жатқан жұмыстың барлығы халықтың игілігі үшін. Сондықтан тұрғындардың талап-тілектеріне баса назар аударыңыздар. Қазіргі таңда жұмыс сапасы қалай?
– Әрине, бірінші кезекте тұрғындар тілегі күн тәртібінде. Ал сапаға келсек, жобада көрсетілгендей ауыз су құрылысына қажетті құбырлар мен жабдықтар отандық өнім. Екі апта сайын Арал СЖКБД су құрылғыларын қадағалаушылар келіп, тексеріп, мән жаймен таныс болуда. Бүгінгі күні 193 км көшенің ұзындығына қарай әр түрлі диаметрлі құбырлар орнатылды.
– Көшелеріне құдық қойылмаған тұрғындар да бар. Олардың мәселесі не болмақ? Сосын сервистік қызметке кім жауапты?
– Біз сметалық-жобада сызылған жұмысты толық жүргіздік. Ал сервистік қызмет жобада көрсетілмеген. Сондық­тан тұрғындар құдықтардан су тартып, ауласына дейін өзі кіргізіп алуы тиіс. Бұл жұмыстарды Арал СЖКБД филиалы Жаңақорған өндірістік бөлімшесі арқылы жүргізеді.
Әкім орынбасары мен серіктестік басшысы арасындағы екеуара әңгімеден соң, жиналған көпшілік әрі қарай Жеңіс, Мұсаханов, Қорғантоғай, Жанпейісов көшесіндегі құбырлар мен бағаналарды көріп, су құбырларын залалсыздандыру сынағынан өткізді. Аталмыш көшедегі барлық су құбырларына таза ауыз су келіп тұр. Мұнан кейін жұмысшы топ №3 КТУ су скважинасы мен №2 көтермелі «Құм сахаба» су қоймасына жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты.
Айта кету керек, Жаңақорған кентінің «бас ауруына» айналған ауыз су мәселесі алдыңғы жылдан бастап «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге аса бастағаны белгілі. Алайда ауыз суға қарық боламыз ба деген қарақұрым халық, ә-дегеннен қазылған арықтан көз аша алмай қалған болатын. Бүгінде жол жөнделгендей болды. Алайда ауыз су құрылысы аяқталар тұста тағы бір мәселе туындады. Ол – тұрғындар көше бойынан келген ауыз суды үйіне өз қалтасынан қаржы шығындап, тартуы тиіс. Оған қоса, көшесіне құдық қойылмаған тұрғындар да мердігер компания өкілдеріне жолығып, жоба-сметалық құжатта бар-жоғын біліп алғаны абзал.

Ханзада ДОШАН.
03 тамыз 2019 ж. 1 183 0