Солай болған
Олар он алты еді
Манап, Есіркеп, Әмірді орталарына алып, сәл қолдары қалт етсе баяғының сал-серілерінше сауық құрып, содан өздері көл-көсір рахат тауып, рухани қанаттанып, қажып-қалжырау дегенді білмеген бұл он алты азаматтың достығы тым ертеден басталды.
Өздері түрлі мамандықтың иелері. Ақынды да, әртісті те, есепшіні де, шопанды да, жүргізушіні де, қоймашыны да, дүкеншіні де осы он алтының ішінен табуға болар еді. Бірақ барлығының басын бір арнаға тоғыстырып, ынта-ықыласын, арман-дертін, мұңы мен назын, күйініш-сүйінішін бір өнерге әкеп ноқталап қойған құдыретті күш тірліктерінде бір-бірімен ажырамастай етіп, жіпсіз байлап тастады. Бүгінде осы кісілерден көзі тірісін санамалап едік, бес саусағымыздың бірі бүгусіз қалды. Төртеу-ақ қалыпты. Олар Әшім Мұсатаев, Алпамыс Сабырханов, Қуатбек Арынғазыұлы және Салхидинұлы Сағаділла қариялар.
Қазірде Түркістанда тұрып жатқан Қуатбек қария былай дейді:
– Сонау 1960 жылдан бері достығымыз, жолдастығымыз үзілмеді. Бізде ешуақытта сен, мен деген әңгіме болған емес. Қалай болсын? Мәкең мен Есағаңның өлеңдерін елжірей тыңдап, дастан-жырларына таң атқанша құмарымыз қанбаушы еді. Арасында Есіркеп пен Мәкең, Әмір айтыстарында достарының басындағы түрлі өткен жағдайларды әзіл-қалжыңға айналдырып, өлең сөзбен өрнектегенде ішегіміз түйілердей болушы еді.
Одан әрі Әмірдің құйқылжыта салған әндері, Қалкөздің (Жүсіпов) рубаяттары Мүтәштің (Әбужүсіпов) термелері, Тұрсынханның (Наржанұлы) күйлері, Абибулла мен Әшекеңнің тауып айтатын әңгімелерімен уақыттың қалай өткенін білмей қалатынбыз. Бір-бірімізге қатты бауыр басып кеткеніміз сонша өсіп келе жатқан ұл-қыздарымыз бар ғой, құда-жегжат болайық та деуге де аузымыз бармапты. Бүгін осы ойымызға өкінеміз. Қайта құдандалы болып қалғанымызда тамырымыз тереңге кетіп, біздің достығымызды, жақындығымызды ұрпағымыз жалғар еді. Өкініштісі, өле-өлгенше қиыспас достар болып өткен біздің балаларымыз бір-бірін бүгінде танымайды. Марқұм болған достарымыздың бибілерінен Сәуле, Әміркүл, Раушан сынды замандастарымыз мұсылмандықтың бес парызы – қажылықты өтеп оралып, ел анасы атанып жүр.
– Тіршілікте су ішкілігінің таусылмай ұзын өмірдің нәсіп болуы да арқаңа үлкен міндет арқалатып, жүгіңді ауырлата түседі екен, – дейді Қызылордалық қария Сағаділла.
Бұл кісі кезінде Шиеліде тұрып, қызмет жасаған кісі екен. Бірліктік Әбибулла деген азаматпен әскери борышын бірге өтеп, кейіннен айырылмас дос болған. Сөйтіп осы он алтының айнымас бір мүшесіне айналған екен.
Бұл кісі Жаңақорғанға осы мәуліт айы ішінде бала-шағасымен келіп, үш досының басын қосып, мәслихат өткізіп, ойға алған мақсатын ортаға салады.
– Он алты едік. Өмірден он екісі озып кетті ішінде ерте солып, арманы ішінде кеткен арыстарымыз да аз емес. Әрқайсысы қандай еді. Салмағы алтыннан да ауыр, айрылыспас дос болған осы азаматтарымыздың артында қалғанда арттырғанымыз не? Ертең барғанда не бітірдік деп барамыз? Қане, бір күн де кеш қалмай, осы әруақтарды атап ас берсек қайтеді, – деген ұсынысын ортаға салады.
Сөйтіп сенбі күні орталық мешітте он алтының рухына бағышталған ас берілді. Оған арнайы шақырылып өзіміз де қатыстық. Асқа жоғарыда аталған кісілерден басқа Мұсатаев Қасымның, Нәлібаев Әлібайдың, Жиенбаев Елеудің, Арынғазиев Кенжебайдың, Сандыбаев Тұрсынбайдың көзі тірі жарлары, ұл-қыздары келіп қатысып, әкелерінің өткен күн шежіресін тыңдап, экран арқылы фотобаяндарға қанықты.
Қазір не көп, ас көп. Ата-анасына, туған-туысқандарына арнап аста-төк ас беріліп жатады. Ал енді достарына арнап ас беру, өз басым, Жаңақорғанда бірінші көріп отырған жағдай. Осы жерде жақсы презент деген мәселе шығады. Қызылордадан келіп, осы іске ұйытқы болып отырған Сағаділла қария, ұл-қыздары қолдап-қуаттамаса, қолқанат болмаса жалғыз өзі не бітіре алар еді. Алдымен өз перзенттері, содан соң Әмір, Манап, Әбибулла, Қуатбек сынды достарының ұл-қыздары да қол ұшын созып, осындай игі шара ұйымдастырыпты. Бұған шын разы болған ауданның бас имамы Садулла қажы көп асыл хадистер айтты.
Бір жігіт ғұламадан «Әкем ерте қайтыс болып кетті. Оның алдындағы перзенттік парызымды қалай өтеймін?» дегенінде: «Әкеңнің көзін көрген дос-құрбыларыңнан қарым-қатынасыңды үзбе, оларға сый-құрмет көрсет» деген екен.
Руға, топқа бөлінуді емес, елді ағайындыққа, ауызбіршілікке бастайтын салиқалы шара талай жасқа ой салды. Осы шараның үстінде-ақ қол көтеріп сөз сұраған Тәжібайдың ұлы Әжібай: Сіздердің әкеміздің рухына арнап жасап жатқан садақа астарыңыз қабыл болсын. Мамыр айында осында отырған барлығыңызды Құттықожаның баурайына дәм татып, замандастарыңызды еске алуға шақырамын, – деді. Осындай ізгі ниетпен тағы бір-екі жерден қолдар шошайды.
Ал біз жақсы үрдістің жарқын жалғасын таба беруінің, қазақы қадір-қасиетімізбен қайта қауышуымыздың бұл да бір көрінісі деп түсіндік.
Баян ҮСЕЙІНОВА.