№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Экспорт әлеуеті: 1445 тонна қарбыз шетел асты

Экспорт әлеуеті: 1445 тонна қарбыз шетел асты

«Бес жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын, тиісінше, кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырамын». Бұл Президент пәрмені. Биылғы Жолдаудағы он басымдықтың бірі – экспорт әлеуетін арттыру. Яғни, Мемлекет басшысы отандық өнімді халықаралық нарыққа шығарудың стратегилық жолын тауып, ілгерілетуді айрықша атады.
Қазақстан Республикасының Инвестициялар және Даму министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2017 жылы Қазақстанда 2 млрд долларға жуық 114 млн тонна азық-түлік тауарлары экспортталған. Атап айтқанда, Ауғанстанға, Біріккен Араб Әмірлігіне, Иранға, Қытайға өсімдік майы мен бал, ет және құс өнімдеріне сұраныс артқан. Оның ішінде, Жаңақорған ауданынан бір ғана «Көбелдес» шаруа қожалығы Иранға 850 бас қозы экспорттаған. Сондай-ақ аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінен алған мәліметке сай, өткен жылы жалпы 1130 бас қозы Иран мен Біріккен Араб Әмірлігіне, 288 бас қаракөл қойы Маңғолияға экспортталған. Жайылманың бренді болған бақша өнімдері де шетел асқан. Жалпы, аудан бойынша 4854 тонна бақша өнімі экспортталса, оның 4754-і жайылмалық диқандардың дәмді қауын-қарбызы. Ал, биыл бұл межеге жете аламыз ба? Біз осыны бағамдадық.
Аудандық ауылшаруашылығы бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Серік Сейдуалиевтің айтуынша, биыл 1720 гектар аумаққа бау-бақша өнімі егіліп, бүгінгі таңға дейін 996 гектардан 2430 тонна өнім жиналған. Оның ішінде, Жайылма, Қаратөбе, Келінтөбе, Аққорған ауылдары белсенді екен. Ал оның ішінде 1445 тонна қарбыз, 1,5 тонна қауын алыс-жақын шетелге экспортталған. Бұл бүгінге дейінгі мәлімет. Жиын-терім маусымы әлі толық аяқталмағандықтан алдағы уақытта бұл сандар еселеп өсетін болады. Сонымен қатар, Рахымбаба Құтыбаев төрағалық ететін «Ынтымақ» ЖШС жақын арада Иран еліне 1000 бас қой экспорттауды жоспарлап отыр екен.
– Жайылма ауылы қашанда бақша және көкөніс өнімдерімен танымал. Жылдан жылға бақша дақылдарын ерте пісірудің әдісін дамытып, көшеттеп егу тәсілін қолға алғалы жақсы нәтиже беруде. Және де аудан әкімі Ғалым Әміреевтің бастамасымен ауыл диқандары өз өнімдерін Жаңақорған кентінен, Қызылорда қаласынан, ауыл іргесіндегі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі бойынан арнайы ашылған базарда саудалауға мүмкіндік алды. Оған қоса, жайылмалық диқандар Ресейге 1445 тонна қауын-қарбыз экспорттады. Бұл да болса, брендті бақша өніміне шетел нарқында сұраныстың мол екенін байқатады – дейді Жайылма ауылдық округінің әкімі Талғат Зейдалиев.
Иә, жайылмалық диқандардың биыл қарбыздың келісі көңілдегі бағада саудалауын ала жаздай еткен еңбек пен төккен терінің өтеуі деп білеміз.
СЫР ӨҢІРІНІҢ СЕРПІНІ
Сонымен қатар, аймақта ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау бағытында өткен жылы ауқымды жұмыстар атқарылған. Яғни, облыстың ауылшаруашылығы өнімдерін өткізу нарығына кешендік маркетингтік зерттеулер жүргізіліп, нәтижесінде облыстың агроөнеркәсіп кешенінің 2020 жылға дейін дамуының Агрокартасы әзірленген. Соның нәтижесінде, 2017 жылы 84,6 мың тонна күріш сырт елдерге экспортталған. Күріш экспорты 2016 жылмен салыстырғанда 61,1 пайызға, жалпы ауылшаруашылығы өнімдерін экспорттау 60 пайызға артқан.
Агрокарта аясында жылдам дамытуды қажет ететін салалар және ауыл шаруашылығы өнімдерін (күріш, балық, ет, бақша, т.б.) экспорттау көлемін 2020 жылға қарай 5 есеге дейін ұлғайту жолдары айқындалған. Бұл Мемлекет басшысының бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімдерінің нарығында талап етілген өндірісті ынталандыру жөніндегі тапсырмасына толық сәйкес келеді деген сөз. Өйткені, Елбасы биылғы Жолдауында алдағы 5 жыл көлемінде ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми жетістіктерді пайдалана отырып, өңдеу саласына көп көңіл бөлу қажеттігін айтты. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, өңделген өнімдерді экспортқа шығару көлемін 5 жылда 2,5 есеге көбейту талап етіледі. Әрі былтыр облыста күріш, қауын-қарбыз, пияз, болгар бұрышы секілді ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау 37 пайызға өскені белгілі болды. Яғни, 89,5 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері шетел асқан. Оның ішінде, Жаңақорған ауданының да үлесі қомақты. 2018 жылы да ауданның экспорттық әлеуеті арта түсетіні айқын.
Түйіндей айтқанда, экспорттың көлемін арттыру әлемдік нарықта еркін және бәсекелестікке төтеп бере алатын тауар шығаруға ынталандырады. Яғни, отандық өндірістің екінші тынысы ашылып, көкжиегі кеңейеді. Тек, халықаралық қауымдастықтың талабына сай өнім шығарып, ұсына білсек болғаны. Бұл орайда, мемлекет отандық өндірушілерге қолдау көрсетіп, бизнес үшін қолайлы жағдай жасады. Енді жаһандық нарыққа шығатын, бәсекеге қабілетті өнім шығару – барша шаруалар мен диқандардыңіскерлігін шыңдай түседі.  Бұл өз кезегінде Елбасы Жолдауында айтылған бүкіл әлемге танылатын «Қазақстанда жасалған» табиғи азық-түлік брендінқалыптастырып, ілгерілеуге мүмкіндік береді. Шетел нарқын бағындыруда жаңақорғандық кәсіп иелерінің де өзіндік орны айрықша.
Әбдісамат ӘБДІШ.
25 тамыз 2018 ж. 991 0