Тоттенхэм vs Ливерпуль (финал туралы ой)
Соңғы 10 жылда қалыптасқан тенденция бойынша Чемпиондар лигасының жартылай финалында Барселонаны ығыстырған команда финалда үнемі жеңіп келеді. 2008 жылы МЮ, 2010 жылы Интер, 2012 жылы Челси, 2013 жылы Бавария. Әрине, бұл жәй кездейсоқ статистика болуы мүмкін. Бір жағынан Клопп финалда жолы болғыш (фартовый) бапкер емес. Бұған дейін басқасын есептемегенде соңғы үш Еурокубок финалында ұтылды (2013, 2016, 2018).
"Залечь на дно в Брюгге" дейтін фильмді көрген боларсыздар. Сонда фильмдегі кейіпкер не тозақтық, не жұмақтық емес картинадағы сұралушыға қарап "Чистилище вроде как посередине. Говном ты не был, но и до вершин не добрался. Как "Тоттенхэм" деп салыстыратыны бар. Тоттенхэм расымен сондай команда. Шарықтап шыңға да шықпады, құлдилап құзға да құламаған. Бірақ, Тоттенхэм соңғы 1,5 жылда бірде-бір трансфер жасамай АПЛ-де үздік төрттікке кірді, ЛЧ финалына шықты. Есесіне Лондонда кәрәмәт стадион соғып алды. Что еще нужно для полного счастья?!
Клопп алғаш Ливерпульге келгенде "Төрт жылда бір трофей әпермесем бетіме түкір" деп астам сөйлеген, жалпы сөзінде тұратын бапкер. Төрт жылда азулы команда жасады. Қақпашысы қырағы, қорғанысы мығым, орта шебі алапат, шабуылы өткір. Командаға Клопп қосқан Александер-Арнольд, Наби Кейта, Жоэль Матип, Джердан Шакири, Алекс Окслейд-Чемберлен, Фабиньо, Алиссон, Джорджиньо Вейналдум, Садио Мане, Вирджил Ван Дейк, Мохамед Салах және Эндрю Робертсон секілді жігіттердің әу бастағы құнының жалпы жиынтығы 441,9 млн евро болса, бүгінде ол 905 млн. евроға жетті. Демек Клопп өзі аттай қалап алдырған ойыншының потенциалын толықтай пайдалана алады және оларды екі есе қымбат етіп шығарады деген сөз.
Бұл жағынан Моурисио Почеттино да құр алақан емес. Харри Кейн, Деле Алли, Эриксен, Лукас Моура, Сон Хын Мин, Алдервейрелд, Вертонген сияқты жігіттерді ТОП ойыншы дәрежесіне жеткізді. Команданың ішкі тұрақтылығын сақтап, клубтың қаржылық мүмкіндігіне нұқсан келтірмей, бұл тұрғыда өзінен әлдеқайда жоғары тұрған Англиядағы Сити, МЮ, Ливерпуль, Челси, Арсенал секілді алыптармен тең айқасып жүр. Аз жалақымен барлық ойыншыға үміт сыйлап, ұжымның берекесін сақтап отыр.
Ертеңгі финалға тоқталайын. Егер бұл АПЛ-дегі кезекті бір ресми матч болса, ойланбастан Ливерпуль жеңеді дер едім. Бірақ бұл финал. Тоттенхэм бұл финалды өмірінде бірінші рет көріп отыр, өмір бойы армандап келді. "Қас дұшпаны" Арсенал ұтпаған қалқан құлақ кубокты Тоттенхэм Лондонға сүйреп әкелсе қызық сонда болмақ. Ал Ливерпуль талай финалда жеңіп, талай финалда ұтылған, соңғы рет тіпті өткен жылы. Екі команданың да трофей ұтпағанына көп болды. Сондықтан мотивация да, мүмкіндік те бірдей. Ойыншылар әбден тынықты, ертең қаласа 120 минут кеудеден жан шыққанша ойнайды.
Давлениге келсек (ойыншыларға психологиялық қысым жасайтын факторлар). Тоттенхэм бұл жағынан ада, қағаз жүзінде аутсайдер. Жеңілсе ешкім бетінен қақпайды, жеңсе нағыз қаһарман (қазіргі бюджетімен әрине қаһарман). Ал, Ливерпуль жеңілсе... Әлемдік медиа Клопптан бастап ойыншыларына дейін сөзбен қуырады. Қатарынан екі рет ЛЧ финалында ұтылу - нағыз фиаско. Екі бірдей турнир үшін таласып, екеуінен де әудем жер қалғанда айрылу соңынан көлеңке боп қуатын трагедия. Міне, Ливерпульді тұсаса осы тұсауы мүмкін. Себебі, давление ойыншыларды шешім қабылдар сәтте не асықтырады, не тежейді. Қысқасы қанша профессионал болсаң да іштегі уайыммен тепе-теңдікті сақтау қиын.
Екі команда бір-бірін өте жақсы біледі. Ашық ойынға да, қорғанысқа да бейім командалар. Меніңше, екі команда да бапкердің нұсқауымен бірінші таймда ашық ойынға бармайды. Финал - тәуекелді қаншалықты қажет етсе, соншалықты сақтықты да сұрайтын шешуші матч. Сондықтан сақтық керек. Тіпті бір гол жіберіп алған команданың өзі 60 минуттан кейін ғана тотальный басымдықпен шабуылдауы мүмкін. Ливерпульді былтырғыдай аяқтан шалатын қақпашы жоқ (Кешір, Кариус), қазіргісі Алиссон дейтін өте салқынқанды, ақылды кипер. Тоттенхэмнің қақпасын да Льорис дейтін Әлем чемпионы қориды. Екі команданың қорғанысы да жаман емес, бірақ Ван Дейк жанына Елдос Ахметовті жұп қылсаң да позициялық қате жібермейтін кәміл қорғаушы. Латарельдерге келсек, Ливерпульдің қос қанаты да мықты, қорғаныста да, шабуылда да. Ортаны алсақ, Ливерпуль хавбектері прессингке мықты, ал Тоттенхэмнің орта шебі жан-жақты (более креативные). Ал, шабуылда Ливерпульдің Мане, Фирмино, Салах дейтін үштігінен соңғы 10 жылда 2014-тегі Бэйл-Криштиану-Бензема, 2015-тегі Месси-Неймар-Суарес үштігі ғана мықты шығар. Жалпы, позициялық шабуылда екі команда да мықты.
Ливерпульдің биылғы Баварияға қарсы түзде өткізген матчын көріп, команданың анағұрлым өскенін, қажет болса прагматикалық ойынға көше алатынына көз жеткізгем. Егер ертең дәл солай ойнай алса, сөз жоқ финал қызылдардың пайдасына. Ал, Тоттенхэмнің Ситиге қарсы үйде өткізген матчы (1:0) команданың қорғанысты мықтап қолға алса гол жібермейтініне көзім жетті.
Негізі Клопптың командасында бұрын тек амал бар, айла жоқ еді. Соңғы сәтсіздіктер оны да өзгертті. Ал, Почеттино амалы да, айласы да бар бапкер.
"Матч тоқсан минутпен бітпейді, матч төрешінің ақырғы ысқырығына дейін жалғасады". Меніңше, жеңімпаз негізгі уақытта анықталмайды. Көп гол соғылмайды деп үміттенем. Ливерпуль 40-60 минуттар аралығында гол салып, Тоттенхэм оны 75-90 минуттар аралығында теңестіруі мүмкін. Экстра-тайм, тіпті пенальти сериясын көруіміз ғажап емес.
Ал, финал кім жеңсе де, қалай жеңсе де драмамен бітеді.
Жандос БАЙДІЛДА.