№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Әр балаға 21 мың теңгенің тағайындалуы туралы жаңалық бүкіл еліміздегідей әрбір жаңақорғандық отбасының саңылауынан сығалады

Әр балаға 21 мың теңгенің тағайындалуы туралы жаңалық бүкіл еліміздегідей әрбір жаңақорғандық отбасының саңылауынан сығалады

   Атаулы әлеуметтік көмек көрсету көлемінің ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының 70 пайызына дейін ұлғайтылуына байланысты республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлініп, әр балаға 21 мың теңгенің тағайындалуы туралы жаңалық бүкіл еліміздегідей әрбір жаңақорғандық отбасының саңылауынан сығалап, басы бар баласының бабын таба алмай сынсыраңқырап жүрген біраз жандардың көңіліне жарық сәулесін құйып тұр. Елбасының халық жағдайын көтеру бағытында нақтылаған міндеттемелері қатарында 2019 жылдың 1-сәуірінен бастап көп балалы және аз қамтылған отбасылар үшін атаулы әлеуметтік көмек тағайындау тапсырмасын өз ауданымызда тиянақты жүзеге асыруда тиісті сала қызметкерлеріне уақытпен санаспай жұмыс істеуге тура келіп тұр.

   Осы жексенбіде аудандық жұмыспен қамту орталығына барғанымызда аудан әкімі орынбасары Ғалымжан Сопбеков бастаған кент және ауылдық округ әкімдігі мамандарының орталық қыз­мет­керлерімен бірлесе ынтымақты жұ­мылған қызу тірліктің үстінен түстік. Мұн­дай күшейтілген жұмыс тәртібі апта сайын жалғасуда. Неге? Көп балалы және аз қамтылған отбасылардың жеке әлеуметтік картасын әзірлеп, жаңадан жәрдемақыға өтініш берушілердің есебін жүргізу, ұсынған құжаттары негізінде комиссия қорытындысымен тиісті деп танылған тұлғаларды ақпараттық жүйе арқылы рәсімдеп, уәкілетті органға дер кезінде ұсыну қажеттігі туындауда. Нақ қазіргі күндері уақыт, жағдай талғамастан жұмысты жоғарыдағыдай ұйымдастырудың түпкі мәні де осында жатыр.
   Бүгінге дейін нақтыланып, бірыңғай базаға енген бағдарлы нәтижелер туралы баяндаған аудандық жұмыспен қамту орталығы директоры Жаңабек Тұрлыбековтың мәлімдемесі төмендегідей:
– Аудан бойынша осы бағытта 3200 тұлғаны қабылдап, кеңес беру жұмыстары жүрді. Осының ішінен әлеуметтік көмекті алуға құқы бар 1113 отбасына «бұл 5454 адамды құрайды) жәрдемақы тағайындау жөнінде шешім шығарылып, тиісті орынға жолданды. Осы жерде айта кететін мәселе, бұрыннан атаулы әлеуметтік көмек алып келе жатқан 319 отбасына өзгерген заңдылықтарға сәйкес қайта есептеу жүргізіліп, қосымша қаржысы есептеліп, бұл санаттағыларға сәуір айының қаржысы қолдарына тиді. Ал жаңадан тіркеліп, есепке алынып, зерттеу, зерделеу комиссиясының қорытындысымен жәрдемақы тағайындалған 619 отбасына 80 млн. 966 мың теңге есептелсе, бұл жалпы төленуге тиіс 110 млн. теңге қаржының 73,6 пайызы. Бір жылға тағайындалатын қаржы республикалық бюджеттен төленеді. Ал сараптау жалғаса береді. Аудандағы әрбір отбасының әлеуметтік ахуалына тұрақты мониторинг жасауды міндетіне алған сала мамандары тоқсан сайын есеп беріп отыруға мүдделі, – дейді ол.
   Түйіндей келгенде, күнкөрісі күрмеуге кезікпен кілтипанды келеңсіздіктерді жеңілдетуге тырысқан үкіметтің бұл қамқорлығы күнделікті тірлікке сеп, көңілге демеу. Бірақ бұл арзымайтын ақшаға басы бүтін байланып, бос отыру «ұл туды» дегенде өмірге болашақ тіреуім «малтабар» келді деп бөркі қазандай болып қуанатын қазекемнің табиғатына сиыспайтын тәрізді. Болашақтың мазмұнына маңдай термен негіз қалауды мұрат тұтқан отбасы егелері еңбегіне арқа сүйегеннің мұқтаждық атаулыдан қаншалықты азат, қаншалықты ерікті де, еркін өмір сүретініне қазірдің өзінде айқын көз жеткізген. Сөзіміздің дәлелі болсын, он бес жылдан бері сауда ісімен айналысып келе жатқан жас кәсіпкер Романқұлұлы Русланмен тілдесіп едік. Әңгімеміз жәрдемақы төңірегінде өрбіді.
– Руслан, жәрдемақыға өтініш бердің бе? Ата-анаң, өзің, келіншегің, үш балаң бар. Ілініп қалатын шығарсың? – дегенімде:
– Құжат тапсырып көруге ниетім болмады. Өйткені мұқтаж емеспін. Оған қол да тимейді. Күнделікті көкөніс дақылдардан салат әзірлеп сатамыз. Айналымымда басқа да азық-түлік жеткілікті. Табыс жаман емес, – дейді.
Бұл Русланның ата-анасының қолын ұзартқан жеке кәсібі. Осы кәсіпті көз алдымызда үзбей жалғап келе жатқан бұл отбасының жағдайына айтпаса да тәнтіміз. Өздері соғып алған жаңа баспана Жаңақорғанда озық үлгідегі қатардан саналады. Тұрмыс-жағдайлары да жоғары. Бұрынғыдан көп өзгерген, көп өскен. Өзгермегені – бейнетқорлық қағидалары ғана болдым, толдым демейді. Қанша дәулетті болса да халыққа қалтқысыз қызметінен танбаған. Сол бұрынғыдай қағылез, кішіпейіл, қанағатшыл. Нашарларға қарасуды, жоқ-жітікке көмектесуді бұлжымас әдетке айналдырған.
Базарда тұратын тағы бір танысым, көкөніс сатумен айналысатын жасы өзіммен құралпас Гүлсара Төлепбаеваға да осы сауалымды қойдым.
– 21 мың теңгені алуға мүмкіндігің бар ма?
– Білмеймін, – деді ол жайбарақат. Қолымда үш немерем бар. Күнкөрісіміз жақсы ғой. ИП-ым бар, тіркелген. Табысым есептеулі. Бізге бермейтін шығар.

  P.S. Түсінгенім, тиыннан теңге құрап үйренген табанды талап иелері көктен түсе қалғандай тегін олжаға тым әуес емес тәрізді. Маған солай көрінді. Тегінде өзіне, өз еңбегіне сыйынғаннан артық нығмет бар ма екен. Биік болмыстың белгісі бұл. Жарық күнде жақсылық көп. Тек соның жарқын жақтарын көре білгенге, бағалай білгенге не жетсін!

Баян ҮСЕЙІНОВА.

30 сәуір 2019 ж. 1 070 1

Жанабаева Акбопе от 2 мамыр 2019 21:31
Мен атаулы алеуметик комек аламаи отрмын прапискада акемнин уинде болган себебинен озим жалгыз басты агасын комектесиниздерши отиниш