№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЕЛДОСТЫҢ ЕРЕКШЕ КӘСІБІ

ЕЛДОСТЫҢ ЕРЕКШЕ КӘСІБІ

Жаңақорғандық жастар еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша жеке кәсіп ашуға бет бұра бастады. Ата кәсіп саналатын мал шаруашылығымен қатар техникалық қызмет, компьютерлік оқыту, автоэлектр пен түрлі тағам пісіретін орындар кент ішінде көбейіп келеді. Ал, Елдос Кеншімбаевтың көрсететін қызметі өзгелерден бөлектеу. Орындықтар мен дивандарды қаптау, қалпына келтіру, панельді терімен тарту, 3D кілемше, полик және басқа да қызмет түрін көрсететін жастың кәсібіне сұраныс күн санап артуда.

Иә, қазір түрлі бағдарламалар арқы­лы жеңілдетілген несие мен қайта­рымсыз гранттар жеңіп алған жастар бизнесін дөңгелетіп, жұмыссыз жандарды тұрақты жұмыспен қамтуда. «Бастау бизнес», «Бизнестің жол картасы 2020», екі айлық оқу арқылы 250 мың теңге грант жеңіп алу сынды жобалар арқылы жұмысын жүйелеген жастар шағын шаруасын ширата түсуде. Елдос былтыр «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы арқылы облыс орталығында «Авто-ателье» деп аталатын инновациялық жобаны қорғап шығады. Нәтижесінде жобасы қолдау тауып, 800 000 теңге грантты жеңіп алған болатын.
– Ұтып алған грантқа Алматы қала­сынан екі қалың материалдарға арналған тігін станогын және сығымдағыш (компрессор – түрлі түсті бояу шашатын және кілей төгетін құрал) алдық. Жұмысты бастағанымызға екі айдан асты, тапсырыс берушілер көбейіп келеді, – деді жас кәсіпкер.
Иә, тапсырыс беруші тұрғындардың көп екенін оның шеберханасына арнайылап барғанда көрдік. Нұрсұлтан есімді жігітті тұрақты жұмыспен қамтып отырған ол келешекте тағы да қосымша қызметкер санын арттыратынын айта кетті. Жылы ескі көлік болсын, жаңасы болсын орындықтарын қайта қаптап беру үшін күні-түні жұмыс жасайтын қос азаматтың бос уақыты жоқ. Себебі, тұтынушы талабы уақыт күттірмейді.
Елдос Ноғайбекұлы №125 мектепті бітіріп, Алматыдағы «Сымбат» сән академиясына оқуға түседі. Негізгі мамандығы – модель-конструктор. Яғни, киім тігуші. 2015 жылы жоғарғы білімін алып келген ол үйде өз бетінше көрші-қолаң, ағайын-туыстың ескірген, жыртылған орындықтарын қаптап, оқу орнынан алған білімін практикалық түрде жүзеге асырып, тәжірибесін толықтырады. Сөйтіп, былтыр көптен армандаған жобасын сәтті қорғап, бизнесін бастайды.
– Өзім бала кезімнен пластилиннен түрлі бұйымдар жасап, кейіннен қағаздан киім сызбасын сызып жүретін едім. Сондықтан, мен мамандық таңдаудан қателескен жоқпын. Бұл таңдауыма ата-анам қарсы болмады, қайта демеп, үнемі ақыл-кеңестерін беріп отырды, – дейді кейіпкеріміз.
Бойына туа бітті осындай талант дарыған Елдос үйде ұлдың үлкені. Қолы қалт ете қалса болды әлеуметтік желі арқылы тәжірибе жинақтайтын ол болашақта «аквапринт» құрылғысын алуды жоспарлап отыр. Бұл құралдың көмегі көбіне жаңа үлгіде шыққан көліктер үшін таптырмайды екен.
– Мұндай қызмет Түркістанда өте көп. Десе де, өзге өңірдің нарығына жүгінгеннен гөрі жергілікті қызмет түріне көп мән береміз. Себебі, Елдостың қызметі өте сапалы. Сондықтан, жас болса да іскер азаматтың көрсеткен қызметіне ризамыз, – дейді кент тұрғындары.
Қазір дипломы бар, бірақ тұрақты жұмыс таппаған жастар кәсіпкерлік саласына бет бұруға ниетті. Алайда, олар бизнесті неден және қалай бастау жолын біле бермейді. Бүгінгі біздің кейіпкер көп жастарға жақсы үлгі болары анық. Биылғы жыл жастардың жылы, сондықтан, мүмкіндігінше шағын кәсіптің шырайын кіргізетін кез келген секілді.

Әлібек ТЕМІРБЕК.

20 сәуір 2019 ж. 1 084 0