БҰРЫН ЖОҚШЫЛЫҚПЕН, БҮГІН ТОҚШЫЛЫҚПЕН КҮРЕСУДЕМІЗ
Түнеугүні бір ағамыздың сөзінен кейін түн ортасы болса да компьютердің алдына отыруға тура келді. Ол кісі тамаша бір ойтүрткі тастады. Ел ағасы әңгіме арасында: «Ееее бұрындары бабаларымыз жоқшылықпен күрессе, бұл күндері қоғам тоқшылықпен күресуде» деді, күрсіне. Тереңінен түсінгенге тағлым аларлық тәлім жатыр түбінде. Тарих бедерін парақтасақ, бабалар көрген таршылық заман, бізді тәубемізге түсіреді. Десе де, тәуменді тарихты қысқаша баян етсек. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ жұрты әуелі жаһан соғысы, сосын ақпан, қазан төңкерісі, соңыра қос бірдей ашарлық нәубеті мен саяси репрессия, одан кейін екінші дүние жүзілік соғыс тауқіметін тартты. Бір ғана 1928-1932 жылдары халықтың үштен екісі аштықтан қырылды. Бұқара халық басы ауған жақа көшті. Басым бөлігінің сүрінген жерінде сүйегі қалды. Жығылған жерінде жан тапсырды. Қысқасы, аштық жайламаған аймақ қалмады. Не десекте, қазақ жұртының сол бір зобалаңда көрген қорлығы «Ақтабан шұбырындыдан» асып кеткені айқын. Осынау замана запыраны мен ашарлық ақиқатын біз кітаптан оқып білдік. Әуелі Алла, азаттық жолында арпалысқан азаматтардың, ұрпақ жолында күрескен батыр бабалардың арқасында ел тәуелсіздігіне, дұрысы тоқшылық заманға қол жеткіздік. Асылында халқымыздың басынан өткен аштық нәубетті еске алғанда, біз сүріп отырған заман нағыз қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман. Біздің айтпағымыз, «Аштықта жеген құйқаңды, тоқтықта ұмытпа» деп отыратын абыз ақсақалдардың бізден ұзап бара жатқаны. Яғни, тарих ақтаңдақтарын таразылап, бізге сабақ қылып айтып отыратын қариялар қауымы көптеп қажет қоғамға. Хош. Бұл таңдалған тақырыптың алғашқы үтіріндегі сөйлемге қатысты ойтамызық.
Енді екіншісіне аз-кем тоқталсақ. Бұл күндері қоғам тоқшылықпен күресуде. Сөзіміз дәйекті болсын. Жақында Қазақстан Ұлттық арнасында «Мәселе» атты жаңа бағдарлама көрерменге жол тартқан болатын. Міне, осы жаңа жобаның үшінші шығарылымында «тоқшылықты» мәселе етіп көтерді. Елімізде 5 миллион адамның банкке берешегі бар. Өкініштісі, несиеге алған қаржының 85 пайызы мақсатсыз жұмсалады екен. Яғни, қымбат көлік, той-томалақ, өлім-жітім, қымбат тон-ішіктер, тағысын тағы. Өткен жылы қазақстандықтар 3 триллион теңге несиеге тұрмыстық техника алған. Ал, бір ғана Шымкент шаһарындағы тойханаларда жылына 100 миллиард теңгенің тойы өтеді екен. Осылайша мұны журналистер мәселе етіп көтеріп, тоқшылықпен күресіп жатыр. Біздің де қосқан үлес болсын деп таяуда аудандық төл басылым бетінде ас берудегі ысырапшылдықты көлемді етіп газет бетіне бастық. Той мен құдайы ас дастарханының парқы жоқ деп шырылдадық. Алайда аудандағы 83 мың халықтың ішінен мақалаға үн қосатын бір жан табылмады. Пайым, пікірін қойындәптеріне түртіп, қолдайтын азамат табылар деп көп күттік. Сол күткеннен мол күттік. Жәәә...Кезінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов айтқандай: «Той деп шашылды, ас деп шашылды, ар, білім деп дәулет шашарға қай қазақтың қайраты жетеді?»...Бұл сұрақтың жауабы жуық арада табыла қоймас. Десе де, тақырыпқа тұздық ретінде мына бір мәні бар статисканы айтып көрейінші. Әлемдік азық-түлік агенттігінің мәліметінше, бір жылда аштық пен дұрыс тамақтанбаудан 10 миллион адам көз жұмады екен. Ал, ысыраппен жұмсалып жатқан азық-түліктің төрттен бірі үнемделсе, 870 миллион адамның азық-түлік қажеттілігін өтеуге жетеді. Ал, енді сіз ойлана беріңіз. Біз, жер-жаһаннан өзімізге оралайық. Ойымызды түйіндейік. Асылында бабалардың жете алмаған бақытты күніне біз жеттік. Кеше оразасын жасырын ұстап, тамағын зорға тауып жеген бабаның ұрпағы бүгінде тағамды талғап жейді. Тәуірін таңдап һәм талғап болған соң, дағдарыстың қазаққа қатысы жоқ деп, мақсатсыз несиеге бой ұрдырамыз. Сондағысы, нан бетіне сары май жағып жеуден жалығып, қызыл уылдырық алудың кейпі. Айтпақшы, дағдарыс демекші, мұның да бір хайыры бар. Өйткені, дана қазақ «таршылық адамды шынықтырады, баршылық адамгершілікті ұмыттырады» дейді. Бабадан асырап айтар бұдан өзге даналық ойымыз жоқ. Сондықтан осы тұстан тақырып тәмам.
Әбдісамат ӘБДІШ