№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Кәсіптің шырайын келтірген

Кәсіптің шырайын келтірген


«Білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бастап дағдыланыңдар. Шеберліктің шыңына жете білсеңдер мамандықтың бәрі жақсы. Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады. Тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады». Бұл Елбасы Н.Назарбаевтың Жолдауынан үзінді.
Иә, заманауи кәсіпке жетелеген Жолдау–жастар қауымын еңбекқор, белсенді болуға үндейді. Себебі, замана талабы солай. Осы сенім үдесінен шығып жүрген кәсіпкер жастар жетерлік. Бірі өз қаржысына бастаса, енді бірі мемлекеттік қолдау қаржысына жеке кәсібін бастауда. Соның бірі кенттегі «Аққу» сауда орталығынан аядай қызмет көрсету орнын ашқан жас кәсіп иесі Нұрсұлтан Қамбаров. Ол–тәуелсіздіктің төл құрдасы. 1991 жылдың 23 желтоқсанда дүние есігін ашқан. Қызылордадағы «Болашақ» университетін «бағдарламашы» мамандығы бойынша бітірген мақала кейіпкері, келешегін кәсіптік саламен байланыстыруды құп көреді. Қазіргі таңдағы таңдаған бағыты–ұялы телефон жөндеу. Темірден түйін түйген шебер кәсібін дөңгелетіп, ризығын теруде. Сұраныс та мол. Себебі, әрбір тұрғынның қолында қос-қостан ұялы телефон. Техника болғаннан кейін бұзылмай тұрмайды.
–Кішкентайымнан бұзылған сағатты жөндеуге құмар болдым. Мектеп бітіргеннен кейін «бағдарламашы» мамандығына таңдауым түсті. Оқу орнында ақпараттық технологияның қыр-сырына қанықтым. Ауылға келгеннен кейін ата-анаммен ақылдаса келе, кәсіп ашуды қолға алдым. Әрине, алғашқыда қиындау болды. Ұялы телефон жөндейтін құрылғыны түгендеуге біршама уақыт кетті. Шүкір, бүгінде бәрі қалыпты. Тұрғындардың бұзылған ұялы тұтқасын тез әрі тиімді бағада жөндеп беруге барымды салудамын–дейді, Н.Шералыұлы.
Күнделікті күйбең тіршіліктен қолы қалт ете қалғанда, ала допты серік етеді. Жасанды алаңды жанына жақын тұтатын Нұрсұлтанның командасы бар. Өзі тұратын мөлтекауданнан «Алтынсарай» футбол құрамасын жасақтады. Белсенді ойыншысы әрі жетекшісі. Кентте жабық спорт алаңқайы болмағандықтан, достарын көлігіне мінгестіріп Түркістанға тартады. Өзі жетекшілік ететін құрама облыстық, аудандық деңгейдегі спорттық жарыстардарда үнемі жүлделі орынға ілігеді. Осылай салауатты өмір салтын серік ететін Нұрсұлтан кәсібіне сергек кіріседі.
Осылайша, кәсіп пен спортты тең игерген телефон шебері келешекте кәсібін кеңейтіп, қызмет көрсету аясын ұлғайтуды көздейді. Тек ол үшін қажырлы еңбекқорлық пен жалынды белсенділік қажет. Бұл екі қасиет те Нұрсұлтанның бойынан табылатыны айқын.

Әбдісамат ӘБДІШ.
17 қаңтар 2018 ж. 1 391 0