Есеп-2018: Бесарық ауылдық округінде қандай жұмыстар атқарылды
Облыстың «Швейцариясына» айналған Бесарық ауылдық округінің табиғаты көркем. Мұнда туризмді дамытуға әбден болады. Әйтсе де, ауыл тұрғындары ауылшаруашылығы саласына икемделген. Бір жағынан тау суы еккен өнімді сапалы ете түседі. Осыны ескерген «Тату агро» ЖШС қызанақ өсіріп, томат пастасын өндеуге инвестор тартты.
Бұл ауылды жұмыспен қамтуға септігін тигізді. Алдағы уақытта томат пастасын халықаралық нарыққа шығаруды көздеуде. Бұл жөнінде ауыл әкімі Әлібек Абдуллаев жағымды жаңалықтарымен бөлісті. Сондай-ақ, құрамына Апанқақ, Кеңес, Талап елді-мекені кіретін округте мал басын көбейтуге де қолайлы. Мұнда «Көбелдес» секілді ірі мал шарушылығымен айналысатын шаруа қожалықтар да бар. Қысқасын айтқанда түйе, жылқы, мүйізді қара, қой-ешкісі түлеген ауыл. Біз осыны ауыл әкімінің сөзінен ұқтық.
Ауылдағы тың өзгерістің бірі – кәсіпкерлер саны артқан. Салық түсімін кеңейтуді мақсат еткен әкім кәсіпкерлік нысандарды анықтап, кәсіпкерлікке тіркелуін қадағалаған. Осының нәтижесінде 17 адам кәсіпкер атанды. Олар – сауда саттық, шаштараз, көлік жөндеу орны, және т.б секілді істермен айналысқан. Сұрақ-жауап кезеңінде «ТатуАгро» ЖШС-нің төрағасы Әділхан Асқаров «ауылдағы 2 көшеге асфальт төселсе екен» деген тілегін жеткізді. Ауыл тұрғыны Памир Шәметов болса 90 орындық балабақша салынса деген ниетін айтты.