Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » «ҚАРЕКЕТТЕГІ»: ҚУАНЫШТЫҢ ҚАЙЫРЫМЫ

«ҚАРЕКЕТТЕГІ»: ҚУАНЫШТЫҢ ҚАЙЫРЫМЫ


«Кімде-кім ауру адамның жағдайын кешкісін сұрап барса, жетпіс мың періште таң атқанша ол адамға кешірім тілейді. Әрі оған жұмақта орын дайындалады. Ал кімде-кім таңертең барып көңілін сұраса, жетпіс мың періште күн батқанша оған кешірім тілейді. Ол үшін жұмақта орын дайындалады». Тереңінен түсінгенге таудай тәмсіл жатыр бұл хадистің астарында. Ақиқатында мұсылман – мұсылманның бауыры. Кімде-кім бауырының қажетіне жараса, Жаратқан оның қажетін өтейді. Міне, бір жеті бұрын қожакенттік Қуаныш Башаров сауапты істің жаршысы болды. Маңдай терімен тапқан нәпақасын тарту етіп, өзі тағдырлас сырқат бауырдың сауығуына тамшыдай болса да үлесін қосты. Түсінікті болу үшін тақырыпты тарқата айтсақ.
Ағымдағы жылдың қаңтар айының 11-күні «Қазақстан» Ұлттық арнасындағы белгілі журналист Бейсен Құранбек жүргізетін «Қарекет» бағдарламасын тамашалаған боларсыз. Егер күйбең тіршіліктен қол босамай, көре алмай қалған болсаңыз қысқаша баяндайын. Бұл күнгі бағдарлама қонағы, қызылордалық тоғыз жасар Ділназ Әбдіхалықова. Құлыншағының қоларбаға таңылған тағдырын тілге тиек еткен Ділназдың анасы аталмыш бағдарламаға ат арытып құлыншағының дертіне шипа болар дауа мен демеуші іздей келіпті. Тоғыз жасар қыздың ауыр диагнозы елді елжіретті. Қатысушылардың бірі кеңесін берсе, енді бірі алғаусыз тілегін ақтарды. Бағдарлама барысында Қожакент ауылының тұрғыны Қуаныш Башаровтың бейнеүндеуін эфирге қосты. Ол тағдырлас қарындасына өз еңбегімен тапқан қаржысын беруді ұйғарғанын баян етеді.
– Өзім туылғаннан сал ауруына шалдыққанмын. Қазіргі күні өзім секілді жандарға көмектесіп тұрамын. Жақында қызылордалық Ділназ қарындасымның жағдайын естідім. Еміне қаражат керек екен. Кішкене көмегім болсын деп өз еңбегіммен тапқан ақшаны жіберіп отырмын. Тез сауығып кетуіңе тілектеспін – деді қожакенттік қайсар ұл бейнеүндеуде. Мұнан кейін еріктілер тобы Ділназ Әбдіхалықоваға Қуаныштың қаржылай сәлемдемесін көп алдында табыстады.
Расында ой саларлық сауапты іс жасады. Аз ба, көп пе, мәселе – ниетте. Тірлігінде тік жүрген талай жанның жасамайтын жақсылығын жанашыр жерлесі жасады. Ең бастысы – Қуаныш Башаров бағдарламаның атауы айтып тұрғандай қарекет жасады. Бүгінде ол халық алдында әншілік өнерімен елдің ықыласына бөленіп жүр. Көптің батасын алып, болашағының баянды болуына барын салуда. Осылайша, Ұлттық арна арқылы жүрек жылуын паш еткен Қуаныштың қарекеті көпке үлгі.

Самат ОҢҒАРҰЛЫ.
16 қаңтар 2018 ж. 2 594 0