Қуат көзін кәсіпке айналдырған
Әлемде халық санынын көбеюі мен өндірістердің қуаттылығының артуы электр энергиясына деген сұранысты ұлғайтты. Сондықтан, баламалы энергия көздеріне сұраныс артып келеді. Оған аудандағы шаруа қожалықтардың күн батареяларын пайдалана бастауы дәлел. Шаруалардың жасыл энергияның игілігін көруге қол ұшын созып жүрген жас кәсіпкердің бірі – Бексұлтан Мұратбайұлы.
– Жасыл энергия – жаңармалы қуат көзі. Ол бүгінгі заманның талабы. Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында аса қырағылық пен шапшаңдықты, жаңа заманға тез бейімделуді талап етті. Жаңа заманға шапшаң бейімделудің астарында заманауи технологиялардың тілін ұғып, оны игілікке икемдеуді меңзеп отыр. Бүгінде ауданда шаруалар мүмкіндігінше жасыл энергияға көшуге тырысуда. Бірнешеуі күн батареяларын орнатып та үлгерді, – дейді жас кәсіпкер.
Бексұлтан мектеп жасынан техникалық салаға жақын болады. Электр энергиясын өндіру жолдарын зерттеп, күн көзінен қуат алатын батареяларға қызығушылығы артады. Алдымен аудандағы аграрлы колледжде автомеханик мамандығын алып, күн батареяларын орнатуды өздігінен ізденіп, үйренеді. Заманауи техниканың тілін үйренген жас, аудан халқына өз қызметін ұсынуды жөн санапты.
– Алдымен ағам Нұрсұлтан Алматы қаласынан күн батареяларын орнатудың қыр-сырын меңгеріп, маған үйретті. Осы уақытта аудан халқы да күн батареяларын орнатуды қолға алып жатқан еді. Осы істі бастау үшін, мемлекеттен өткен жылы 100 АЕК көлемінде грант жеңіп алдым, – дейді ол.
Жас кәсіпкер өткен жылы «Жаңақорған ауданының жұмыспен қамту әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімінің «Халықты жұмыспен қамту орталығында» 3 айлық даярлық курсын оқып, «электромонтер» мамандығын алған. Күн батареяларын орнату бойынша бизнес-жоспар жасап, 250 мың теңге көлемінде грант жеңіп алып, құрал-жабдықтарын алып, өз ісін бастаған.
Жас кәсіпкердің айтуынша, ол аудандағы Қыркеңсе мен Қандөзге және Қосүйеңкі мен Сауранға дейінгі аралықтағы бірнеше шаруа қожалықтардың күн батареясын орнатқан.
– Статистикалық мәліметтерге қарағанда, біздің елде электр желілерінің шығыны 14 процент болса, Еуропада 10 процентті құрайды екен. Ал, Қытай, Корея, Жапонияда небәрі 5 процент. Өйткені бұл елдер жасыл энергияны игілігіне икемдегеніне бірнеше уақыт болған. Соның арқасында электр энергиясының шығынын үнемдеп отыр. Біздің аудан да осы бастамадан қалыс қалмай, заман талабына сай күн батареясын пайдаланып жатқаны көңіл қуантады, – дейді Бексұлтан Мұратбайұлы.
Р.S.: Сайып келгенде, ХХІ ғасырда әлем халқы экологиялық және экономикалық жағдайдың бұзылуынаң жаһандық проюлемасымен бетпе-бет келетіні анық. Бұл проблеманы шешудің тиімді жолы – жасыл экономикаға көшу. Осы ретте, Елбасы «Қазақстан – 2050» Стратегиясын қабылдады. Ал, «Қазақстан-2050» Стратегиясының жасыл экономикаға көшу бағытындағы тұжырымдамасының негізгі мақсаты – су және жер ресурстарын қайта қалпына келтіріп, табиғат капиталын пайдалану тиімділігін арттыру. Осы орайда, Бексұлтан Мұратбайұлының қолға алған бастамасы қатарластарына үлгі екені сөзсіз.
Айсұлу АЛДАНАЗАР.