» » ӘКІМДЕР ЕСЕБІ: БЕРЕКЕЛІ БІРЛІКТЕГІ ТІРЛІК ҚАЛАЙ?

ӘКІМДЕР ЕСЕБІ: БЕРЕКЕЛІ БІРЛІКТЕГІ ТІРЛІК ҚАЛАЙ?

Алдымен Ақүйік ауылдық округінің тыныс-тіршілігімен танысып, жұрттың көкейінде жүрген сауалдарды түртіп алдық.

Ақүйік салық түсімдері жөнін де көштің басында. Мәселен, былтыр жер салығын – 192 пайызға, мүлік салығын – 132 және көлік салығын –181 пайызға орындады. Осыған қарап ауылдағы кәсіпкерлік саланың серпілісін анықтауға болады. Тауар айналымындағы қаржысы 2 млн. асатын табыс салығын көрсететін кәсіпкер саны онға жеткен.
Көркейту-көгалдандыру, абаттандыруға бөлін­ген 11 135 000 теңге толық игерілді. Ынтымағымен танылған ауылда көше жарығы, ауыз су мен үлкен жолды жөндеу жұмыстары жиі айтылатын еді. Оның барлығы кезең-кезеңімен реттеліп келеді.
Әскербек Мұсаевтың баяндамасынан түсінгеніміз, ауыл тұрмысы түзеліп, әсіресе, ауылшаруашылығы саласы даму жолын тапқан. Алайда, мал ұрлығы тыйылар емес. 6 қылмыстық істің екеуі әлі ашылмаған. Сондай-ақ, ауыл ақсақалы Дәуіт Мейірбеков көптің тілеуі газ келсін дегенін жеткізді. Ал, аудандық мәслихаттың депутаты Рахымбаба Құтыбаев аяқ су мәселесін айтып, 1980 жылы бой көтерген латоктың тозғанын сөз етті. Су ағарды күрделі жөндеуден өткізу туралы ұсыныс айтты. Хош.
Айтпақшы, биылғы жылы ауылда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында біршама жұмыстар атқарылады. Бірінші, жалпы құны 442 млн. теңге болатын 90 орындық «Қызғалдақ» балабақшасын салуға екі инвестор ниет білдірген. Екінші, ауыл азаматы Б.Бердалиев спорт кешенін салуды бастап кетіпті. Қос жобада облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасынан қолдау тапса, онда биыл балабақша да, спорт кешені де ел игілігіне берілетін болады.
22 қаңтар 2019 ж. 661 0