№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЖАҢАЛЫҚҚА ЖАНЫ ҚҰМАР БЕКСҰЛТАН

ЖАҢАЛЫҚҚА ЖАНЫ ҚҰМАР БЕКСҰЛТАН

Адамдар арасында тарихи орындар мен той-жиындарда және т.б. жерлерде суретке түсіп, өткеннен естелік болатын фотоларды жинақтау дәстүрі қалыптасқан. Ал, түсірілген естеліктерді бір топтамаға жинап, портретке айналдыру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ауданда осы өнерді меңгеріп, өз қызметін халыққа ұсынған еңбекқор жастың бірі – Бексұлтан Асқаров.

– Жалпы, жаңашылдықты жаным сүйетін адаммын. Сондықтан, қашанда тыңнан сүрлеу салуға басымдық беремін, – деп бастады жаңалыққа жаны құмар жас әңгіменің әлқисасын.
Ашық-жарқын азамат алғашқы минуттардан-ақ ағынан жарыла сөйлеп, мұрат-мақсатымен бөлісті. Кәсібін небәрі 19 жасында бастаған Бексұлтан аудан тұрғындарына компьютерлік қызмет ұсынады. Бүгінде оның тундыларын жоғары бағалап, тапсырыс беретіндер қатары өскен.
– Жалпы, жастардың табысты болуында аға буынның демеуі қажет-ақ. Осы ретте, бағыт-бағдар беретін қолдаушым бар. Әрбір ісіме жанашырлық танытып, әр бастамама жігер беретін жасап, әкемдей қамқор болып жүрген Жәнібек Сыздықов ағама алғысым шексіз, – деді Бексұлтан Асқаров.
Ол еңбек жолын Бесарық бекетіндегі №247 мектепте ән-әуез үйірмесінің жетекшісі болып бастап, осы білім ошағында қосымша ұстаздарға компьютерлік көмек көрсетіп жүріп, өзінің де біліктілігін арттырады. Ғаламтор арқылы «фотомазайка» жасауды меңгеріп, оны көпшілікке ұсынуды жөн санап, табыс көзіне айналдырады.
– Бастапқыда бұл кәсібімнің ғұмырлы боларына күмәнмен қарадым. Қолымдағы бар-жоғы 35 мың теңгемен бастаған кәсібім қазірде ұлғайып кетпесе де сұраныс бар. Бүгінде фотомазайка мен портреттер жасап, кубиктар мен қол сағаттарға сурет орналастырып, портфолио және т.б. компьютерлік қызметті тұтынушыларға ұсынып, өзіммен қоса бір адамды жұмыспен қамтып отырмын, – дейді жас кәсіпкер.
Жүйелі жоспары, нақты мұраты бар Бексұлтанды Елбасының жастарды қолдауға бағытталған бастамалары қанаттандырады екен.
– Келешегі кемел кез-келген мемлекеттің қозғаушы күші – жастар. Осыны ескерген Президент жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау – мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуы тиіс екенін айтып, 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Биылғы жылдың жастарды қолдауға арналғанына қуаныштымын. Бұйыртса, осы мүкіндікті пайдаланып, мемлекет тарапынан қолдау тауып кәсібімді кеңейтсем деймін, – деді ол.
Иә, Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында жастарға қолдау көрсетудің маңыздылығына тоқталып, «Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынамын», – деген еді. Осы тұста, Бексұлтан Асқаров сынды еңбекті айнымас серігіне айналдырған аудан жастары да мемлекеттен қолдау тауып, жұмыстарын жандандыра түсетініне сенеміз.
12 қаңтар 2019 ж. 1 031 0