ТАЗЫ – ТАЗАЛЫҚ НЫШАНЫ
Қазақ итті жеті қазынаның біріне жатқызса, тазы тұқымын ерекше мән беріп, тектілік қасиетіне зер салып, бітімі мен сипаты, түр-тұлғасына қарай бөліп қалаған. Оның ішіндегі алғыры «құмай» деп аталады. Бұл сөз өте жылдам, жүйрік деген мағынаны береді. бұл тұқым батыл, жүйрік, әрі тазалыққа құмар болады. тумысынан ақылды, әрі мінезді келетін тазылар мәпелегенді қатты жақсы көреді. Өзге иттерге ұқсамайтын тазылардың тағы бір қасиеті адам баласын тез түсінеді, өте ақылды келеді, өзге адамға ермейді.
Яғни, егесіне адал келеді. Сондықтан, болар қазақ халқы тазыларға үй ішінен орын берген. Ал, жүйріктігі жөнінен келсек, үй жануары өте жылдам. Мықтысы 85-90 шақырым жылдамдықпен жүріп отырады.
Бүгінде ат үстінде өсіп, аңға құмай тазы салуды дәстүрге айналдыру қайта өрістеп келеді. Сондай тазы баптайтынның бірі Жаңарық ауылының тұрғыны Мұхамедәлі Махмуд. Жаңарықтық саятшының тазыға құмарлығы, қызығушылығы тым бөлек. Ол саятшылықтың бірі – тазы ит жүгірту деген пікірді ұстанады.
– Аң қуғанда әрбір тазының өзіндік әдісі болады. Көбіне тазылар тірсектен қияды. Содан кейін құрбандығының алқымынан алып, тұншықтыра кетеді. Ал, кейбірі айналып өтіп, қасқыр болсын бетін қайтарып, содан кейін жанталаса кетеді. Олардың жалпы негізгі қызметі аңның арынын басып, аптығын қайыру. Жалпы, тазының барлығы аңға жарай бермейді. Кіл мықтылар ғана көздегенін тасада қалдырмайды. Сондай-ақ, жылқының соңынан ерген иттен үміт аз. Нағыз құмайлар жемтігін алыстан көреді, – деп ой бөлісті саяткер. Иә, бүгінде асыл тұқымдының күшігін өсіріп, баптап жүрген ауыл азаматының сөзінің жаны бар. Сондықтан, нағыз желдей жүйіткіген мықтыларына «құмай» деген ат берген. Олардың табиғаты бөлек болады. Бұлар нағыз аңшы тазылар. Ал, кент тұрғыны Сейітжан Молдабеков ата кәсіп саятшылықты жанына серік еткен жанның бірі. Қашанда түзге шығып, дала жыртқышына тазы салу оның кәсібі, әрі ең сүйікті ісі. «Жезтабан» есімді құмайы қасқырға қырағы.
Жалпы, бұл иттерді аңшылыққа үш жастан бастап қосу керектігін кәсіби мамандар сөз етті. Ол үшін бір жастан асқаннан кейін ауыздықтап отыру қажет екен. Сонда ғана дала аңшысы болып шыға келеді. Аңға шығар алдында екі айдай жылқы баққандай қарайтын иелері бір ай таң асырып жүгіртеді. Ал, аңға тек қазан айынан бастап шығу керек. Көктемнен күзге дейін дала жануарлары төлдейді, әрі иттерге аң аулау да ауыр тиеді. Себебі, ыстық күнде олар құрттауы мүмкін, тез шаршайды. Ал, қар қалыңдаған сайын тазылардың жаны кіреді.
Бүгінде Сыр беткейде қасқыр көп болмайтындықтан аңшылар тау беткейге бет түзейді. Алайда, арланға жалғыз тазының шамасы жете бермейтіндіктен қасқырға көп шаппайтын саятшы көбінесе түлкі, қоян, шағал, борсыққа қақпан құрады
Иә, адам атаулының ең жақын серігіне айналған бұл ерекше жануарлардың сыры көп. Тіпті, олардың әрқайсысының өзіндік аң аулау тәсілі бар. Бірі белден жұлмалап, омыртқасын үзсе, енді бірі тірсегін қиып, алқымынан алып демі біткенше жемтігін жібермейді, ал үшінші түрі нағыз бетпе-бет келіп айқасады.
Қорыта айтқанда, суыққа төзімді, жылдам, қайсар мінезді, бір сөзбен айтқанда жүрек жұтқан тазылар қашанда қазақ даласында күзетшілік қызмет атқарған аңшылық кәсіпке де епті келеді. Тістегені аузында кететін асыл тұқымды құмай тазылардың еңбегі адал.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.