№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Жігерлі жастар жиыны

Жігерлі жастар жиыны

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында «2019 жыл – жастар жылы» деп жарияланған еді. Яғни, жастардың потенциялын ел дамуына бағыттап, жастар саясатын дамытуға жүйелі қолдау көрсетіп, олардың мәселесіне жан-жақты мән берілмек...

Жылдың табысты болуында өткенді қоры­тындылап, кемшіліктерден сабақ алып, жетіс­тіктерді дәріптеудің маңызы зор. Осы ретте Манап Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде «Жаңақорған жастары жарқын болашаққа!» атты аудан жастарының форумы өтті.
2018 жылы жаңақорғандық жастар спорт, өнер, білім бағытында биік-биік жетістіктерге жетті. Әсіресе, кәсіпкерлік саласындағы табысы жетерлік. Атап айтқанда, «Zhas Projekt» жобасы бойынша Сыр өңірінде көш бастады. Сондықтан, мәдениет үйінің фоесінде жоба аясында жеңімпаз атанған жастар жобасын ұсынды. Аудан әкімі Ғалым Әміреев ауылдық округтер мен кенттен келген жобалармен мұқият танысты.
– Бұл Сүттіқұдықтан келген Нұрәділ Сабыр төрағалық ететін «Инкубатор» құс шаруа­шылығының тауары. Келешекте құс шаруашылығын дамытуға ниетті, – деді «Жастар ресурстық орталығы» аудандық бөлімінің басшысы Әкімбек Әлібек.
Кәсіпкермен емін-жарқын әңгіме өрбіткен аудан басшысы осылай әрбір жобаға тоқталып, мән-жайға қанықты. Кейдендік жүгері сусыны, одан кейін Құттықожадан келген қымыздың сапасына мән беріп, наубайхана жұмысымен танысты. Төменарықтан келген балалар театрына назар аударып, мүмкіндігі шектеулі жандардың жетістіктерін көрді. Әсіресе, көздің жауын алған Жайылмадан келген Ақжарқын Тасболаттың құрақ көрпелеріне жоғары баға берді.
– Жұмыс қалай жүріп жатыр?
– Жақсы.
– Дұрыс, іске сәт! – деген аудан басшысы тұрғын үй салуға қажетті іргетас қаптамалары, үй безендіруге қажетті гипс бұйымдарын жасайтын кәсіпкер – Өркен есімді азаматтың ісіне береке тіледі.
Сонымен, көптен күткен салтанатты жиын басталды. Шара шымылдығын түрген аудан басшысы Ғалым Махмұтбайұлы:
– Мемлекет басшысы еліміздің өркендеу жолындағы даму кезеңдерінің әрбір сәтінде тәуелсіз елдің жастарына үнемі қолдау білдіріп, олардың бәсекеге қабылеттілігі жоғары ақпаратты коммуникациялардың тетігін жетік меңгеруі керектігін көрсетіп, оған мол мүмкіндіктер жасап келеді. Соның нәтижесінде көптеген жобалар жүзеге аса бастады.
Жалпы, 2018 жыл аудан жастары үшін жаңа­лықтарға толы жыл болды. Әсіресе, кәсіпкерлік саласындағы жастардың саны еселеп, жұмыссыздық деңгейі азайды. Былтырғы жылдың қорытындысымен Жаңақорғанда жас кәсіпкерлердің саны 530-ға жетті. 2018 жылы 102 кәсіпкер қатарға қосылса, 247 жас жұмыспен қамтылды. Биылғы меже бұдан да биік... – деді.
Кездесуге қатысушылар жастардың қоғам­дық-мәдени өмірін қалыптастыруға байланысты бірқатар ұсыныс-тілектерін жеткізді. Былтыр Жаңақорған жастары «Zhas Projekt» арқылы қайтарымсыз 1 000 000 теңгені құрайтын 69 жобаны жеңіп алды. Сөз тізгіні осы жобаның Қызылорда облысы бойынша координаторы Баян Егізбаеваға берілді.
– Ақпан айында алты ай жүзеге асырылған жобаларды қорытындылайтын боламыз. Жал­пы, жаңақорғандық жастар аталмыш жобада белсенділік танытты. Бұл көрсеткішпен тоқ­тап қалмай одан әрі қолға алған кәсіпті дөңгелетіп, шағын кәсіпті орта деңгейге, одан да жоғарылатуға тиіс. Себебі, ауданның өсуі, елдің көркеюі жастардың қолында. Жүзеге асырған істеріңізді келешекте де дамыта беруге тілектеспін, – деді жастар жанашыры.
Одан кейін сөзді жоба жеңімпазы Жұлдыз Әбдіразаққызы жалғап:
– Алғашында жастар жобасына күмәнмен қарадық. Алайда, жұмыс жанданған шақта бұл жобаның тиімді екеніне көз жеткіздік. Сондықтан, дамуға демеу болған жоба үйлестірушілеріне алғысымды білдіремін. Елбасы биылғы жылды жастарға арнап, үлкен сеніммен қарап отыр. Енді ерік-жігерімізді, қажыр-қайратымызды, бар күшімізді көрсететін сәт келді. Біз, жастар – елдің ертеңі деген қастерлі сөзге лайық болуымыз керек, – деді.
«Содружество Қызылорда» қоғамдық қоры­ның әлеуметтік-кәсіпкерлікті дамыту жоба­сының жетекшісі Азамат Жаппасов атқарған жұмыстарына тоқталды. Яғни, әлеуметтік кәсіпкерлік жобасы аудан жастарына не береді? Ол осы сұраққа жауап берді.
Біріншіден, әлеуметтік мәселелерді шеше отырып, бизнесті дамытады. Екіншіден, жұмыс­сыздықты азайтады және халықтың қаржылық сауаттылығын арттырады. Қордың негізгі міндеті – кәсіпкерлікті оқыту, идея қалыптастыруға, бизнес-жобаны дайындауға және қаржы көздерін алуға үйретеді. Демек, ауданға инвестиция тартудың тиімді тетігі.
Былтыр Жаңақорған ауданында бренд тауар ретінде «Кәусар» сусыны пайда болды. Жүгері сусынын шығаратын Кейдендегі шағын зауыт 3 000 000 теңге қайтарымсыз грант алып, қаржылық қолдау тапқан еді. Кәсібін дөңгелетіп отырған Қасым Әбжаппаров жастармен ой бөлісіп, ағалық ақылын айтса, Жайдарман ойындарында бақ сынап жүрген «Жаңақорған» құрамасының көшбасшысы Есқара Бейбіт биылғы жылғы жоспарларымен бөлісті.
Одан кейін сахна төріне «ЮНЕСКО-ның» Қазақстандағы вице-президенті Ғани Бисенбаев көтерілді. Қарапайым мұғалімдік қызметтен лауазымдық қызметке көтерілген кәсіби маман өмірлік тәжірибесімен бөлісті.
«Жетістікке жетудің үш амалы бар: бірі – өз-өзіңе сену, қандай іс болсын тәуекелге бар, екінші – ата-ананың ризалығын алу керек, үшінші – қамқорлық, яғни, адам баласының ризашылығы, олардың ақ батасы сені биікке шығарады» – деді Ғани Бектайұлы.
Айта кетейік, жастар басқосуына Түркістан облысы Ауыл Жастары одағының төрайымы Сабира Байзақова мен Қызылорда облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақов қонақ ретінде қатысты.
Соңыра, аудандық мәдениет үйінің өнер ұжымының концерттік бағдарламасына ұласты.
Иә, осылайша еркін форматта өткен дәстүрлі форум өткен жылды қорытындылап, жастар жылын мазмұнды өткізуді жоспарлады...

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
12 қаңтар 2019 ж. 714 0