№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Егемендік рухы



Қазақтың қасиетті жері біздің асқақ рухымыз, баға жетпес байлығымыз, мәңгілік мұрамыз. Ғасырға тең ғаламат жылдарда Қазақстан сан қилы тарихи кезеңдерді бастан кешті. Кеңестік кендір бұғаулы саясаттың қамытын қиып, қамалын қақыратып, өз алдына керегесі берік, шаңырағы биік егеменді мемлекетін құрды.
Жаңа заман біздің өрісімізді кеңейтіп, жасымызды ұзартты. Тілімізге теңдік, ойымызға кеңдік берді. 1992 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының мерейлі мінберінде жаңа мемлекет ретіндле әлемге қарата сөз арнадық.
Қазақ даласы «Ұлы Түркі дүниесінің қара шаңырағына айналды. Алтай мен Атырау, Жайық пен Іленің, Алатау мен Сарыарқаның арасын Жібек жолы жалғаған кешегі күнді біз қайта жаңғырта бастадық. Осы жолда тұңғыш Президентіміз, Елбасымыз мойнына алған міндетін былай сипаттайды: «Тыңдай білу заманыңның тынысын,
Төрге оздыру қазағымды ұлы сын.
Мойындатсақ мұратыңды жаһанға, сонда ғана, пенде емес ұлысың.
Сонда ғана ұлықтайды ұлысың».


Отанды сүю –
баршаға міндет

Біз бала кезімізден Отанды, елді сүю жөнінде тақпақ жаттап өстік. «Оңай сөз ғой Отанды сүйем деген, мен Отанды атамдай иемденем» деп Мұқағали ақын қалай дәл айтқан. Отанын сүй­ген жанның қылдай қиянатқа қолы бармайды. Отанның әр талын қызғыштай қорып, бөтен сұқ көзге кіріптар етпейді. Отанына өз ұясын қорыған қарлығаштан бетер қорған болып, сол жолда жанын да құрбан етуге даяр. Атамекен деген сөзде кие бар. Сондықтан да жастарымыз білімі мен қайрат-жігерін өз елінің мүддесіне жұмсауы тиіс. Отанды сүю – баршамыздың міндетіміз.
Тәуелсіздік тізгіні қолға тигеннен кейінгі ең бірінші сүйінші жаңалық – шетте жүрген қамкөңіл қандастарымыз туған жерге көш басын түзеді. 1992 жылдың 27 тамызында шетелдерде тұрып жатқан қандас бауырларымызды Отанға оралту туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы шықты. 1992 жылы Дүние жүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өтті. Елімізде дүние жүзі қазақтарының бес құрылтайы өтті. Олардың кейінгілері жаңа елорда төрінде – Астанада өтті. Әлемде өз қандастарын атажұртқа жинап, мемлекеттік тұрғыда көмек-қолдау жасап жатқан дүние жүзіндегі үш елдің бірі – Қазақстан.
1993 жылдың қысында көші-қон саясатымен біздің Жаңақорған жеріне Ауғанстаннан, Түркиядан келген 20-30 оралманды қоныстандыру мәселесі әлі көз алдымызда. Оралман отбасылар сол кездері оңтайландыру саясатымен жабылып қалған балабақша үйлеріне орналастырылды.
Қай жер, қай кезеңде болмасын, адамды өлтірмейтін, аяқтан нық тұр­ғызатын қарекет – жеке кәсіп пен сауда-саттық қой. Алыстан келген ағайындарымыз келген күннен осы кәсіпке дендеп бел буып, нарықтық саясатқа енді ғана төселе бастаған ел тіршілігіне екпін берді. Өздерінің келген жағында қалып қойған ағайынмен қарым-қатынас тоқтамай, бұл жақта түкке жарымсыз жататын тері-терсек, жүн-жұрқа, темір металл бұйымдары теңделген көліктер көші жиіледі. Бұл аудан өміріне, ел әлеуетіне тың серпін әкелді. Оралман ағайынның көбі жағдайын түзеп алған соң ауасы жайлы, жері шұрайлы оңтүстік өңірлерге қоныс аударды.
Ұлы ұстаз Әл-Фарабидің «Адам мақ­сатына өзін-өзі жетілдіру арқылы жетеді» деген сөзі бар. Қоғам да сондай өзін-өзі дамытып, жетілдіріп отыратын жанды құбылыс.
Біз елге ел, басқа бас қосып, Қазақстан халқының саны мен сапасын арттыру арқылы ұлттың демографиялық саясаттың ең маңызды бағдарламасын жүзеге асырып келеміз. Осынау жылдарда елімізге миллионға жуық бауырымыз оралды. Көш әлі тоқтаған жоқ.
Қазіргі кезде өзге елде өмір сүріп жатқан қазақтардың жалпы саны ұлтымыздың үштен бірін, яғни 5 миллион адамды құрайды. Олар әлемнің 40-тан астам елінде өмір сүріп жатыр. Олар шет жерде ғұмыр кешсе де қазақтың мәртебесіне тілеулес, мерейіне ортақ, жеңісіне қуанады. Өйткені әлемдегі бар қазақ – бір қазақ.

Қазақтың көгіне
күн болған

Өткен ғасырдың басында «оқыған» деген жаңа термин дүниеге келді. Қазақтың оқығандары қатарында «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам. Қараңғылықтың кегіне, күн болмағанда кім болам?» деп алдына айқын мақсат қойып, жолын ғұмырында жанып өткен Сұлтанмахмұт Торайғыровтың арманы бүгінгі көкірегі ашық жастар үшін әлі де серт сынды.
Жиырмасыншы жылдары ғұмыр кешкен ұрпақ сол кездегі қиындықты жеңе отырып, қолы жеткенше қарманып, аяғы жеткен жерден білім елды. Бірі Қазанға, бірі Петерборға, Уфа мен Орынборға ұмтылып, сахараны жайлаған сауатсыздықтың сұлбасына қайсар жігерін қарсы қойды. Аңсарлы тілектің тізгінінен айрылмады. Жаңа дәуір білімді ұрпақты қажет ететінін жақсы түсінді. Алаш көсемдері өздері игерген мамандық төңірегінде ғана қалып қоймай, қазақты алға апарудың сан түрлі жолын таңдап, оны іске асыруда азаматтық алғырлық, қайраткерлік қуат таныта алды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында халықтың тұрмыс-тіршілігінде көп қиындықтар болды. Бірақ соған қарамастан білімге ұмтылған жастарға қамқорлық еселене түсті.
1993 жылдың күзінде, 5 қараша күні арнайы Жарлыққа қол қойылып, «Болашақ» бағдарламасының тұсауы кесілді. Жастарды шетелдің арнаулы оқу орындарында оқыту мәселесін шешетін халықаралық бағдарлама өмірге келді. Ол түлектер сенімді ақтады. Абай айтқан «Интернатта оқып жүр талай қазақ баласы» дегенді қазір «Шетелде оқып жүр талай қазақ баласы» деп кеуде керіп, кең көсілетін болдық.
1993 жылы Қазақстанның мәде­ниетіне, әдебиеті мен өнеріне еңбек сіңіріп, Отан руханиятының дамуына қолтаңба қалдырған қайраткерлерді қолдау мақсатында Президенттік стипендия тағайындалды. Сонымен қатар жыл сайын жас таланттарға берілетін «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы, ғылымның жас толқынына берілетін арнайы сыйлықтар, шығармашылық жастарға жыл сайын берілетін атаулы сыйлықтар бар. Ол өз өңірімізде «Сыр үміті» деп аталады.
Келешектің күн тіртібі күрделене бермек. Оған тәлім-тәрбиесі ата-баба өсиеттеріне сай қалыптасқан, денсаулығы мықты, намыс-жігері мен қажыр-қайраты кемелденген, білім-білігі заман талаптарына сай жан-жақты жетілген ұл-қыздарымыз ғана қасқая қарсы тұра алады. Сондай ұрпақ қана ұлтымыздың ұпайын түгендеп, халқымыздың еңселі ертеңін нұрландыратын болады.Осындай сапалы да, саналы ұрпаққа егемен еліміздің тағдырын сеніп тапсыруға болады.
Біз осы елде туып, осы елде еңбек етіп, осы елде ұрпақ өсіріп, осы елде өмір сүріп, өркендеп жатқанымызды мақтан етеміз.
Біздің еліміз – Ұлы Дала елі, Мәңгілік ел. Біздің осы қасиетті атауды санамызда берік ұстап, бірлігін бекемдеу – ортақ борышымыз. Бұл – Ұлы Дала ұрпағының ұлағатты парызы.
Баян ҮСЕЙІНОВА.
30 қараша 2018 ж. 1 165 0