№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Байкенжелік кәсіпкер Мақсат ӘЛИЕВ: жиһаз өндірісін кеңейтпек

Байкенжелік кәсіпкер Мақсат ӘЛИЕВ: жиһаз өндірісін кеңейтпек


Жиһаз жасау бір қарағанға оңай дүние сынды. Ағаш жонып, шеге қағып әуре болмайсың. Барлық жұмыс ептілікпен станок арқылы жасалынады. Десе де, Байкенжеге барғанда шағын цехтағы қызу тірлікті көріп бұл ойдан арылдық. Өйткені, ағашты иіп, одан түрлі бұйым жасау үлкен өнер, асқан шеберлікті қажет етеді екен. Ал, байкенжелік Мақсат Әлиев осы істің нағыз маманы. Шебердің қолынан шыққан дүниелерге тапсырыс ауыл-аймақтан бастап, аудан орталығынан көптеп түседі екен. Таңданатыны жоқ, жиһазды сапалы және талғамға сай жасайтындықтан жергілікті өнімге сұраныс жоғары болмай ма?!.
Біз білетін Мақсат бұған дейін ауылдық әкімдікте жастар ісі жөніндегі маманы еді. Мемлекеттік қызметшіден, мықты жиһаз ісінің шеберіне қалай айналғанын білмекке сөзге тарттық. Бақсақ, бітірген мамандығы – ағаш өңдеу технологиясы екен. Әуелі оқыған-тоқығанын ізінен ерген інілеріне үйретпекке «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасымен аудандық балалармен мәдени-тәрбие жұмыстары орталығына жұмысқа орналасады. «Шебер қолдар» үйірмесіне жетекшілік жасап, жеткіншектерді еңбекке баулиды. Ағаш өңдеу технологиясының қыр-сырын үйретіп, байқауларға баптайды. Соңыра, туған жерге туыңды тік деген ұстаныммен Байкенжедегі №193 қазақ орта мектебіне қызметке орналасады. Мұнда да үш жылдан аса педагогика саласында тәжірибе жинайды. 2015 жылдан бастап, жігерлі жас ауылдық округтегі әкімдікке жастар ісі жөніндегі маман қызметін қолға алады. Ауыл жастарының мәдени-рухани өмірінің бел ортасынан табылып, талай шаралардың көркін қыздырады. Не керек, 2017 жылдың соңында саналы түрде кәсіпкерлік саласына бет бұрады. Мақсаттан бұл салаға ауысыңа не себеп болды деген сауал қойдық. Жауабы төмендегіше өрбіді:
– Алматыда «Бастау-бизнес» кәсіпкерлік мектебінің негізін қалаушы, Ахметбек Нұрсиланың 2 айлық бизнес курсына қатыстым. Мықты мотивация алдым. Өзімнің 4 жыл бойы оқыған мамандығым ағаш өңдеу технологиясы. Яғни, мемлекеттік қызметтегі жалақыны, осы саладан еселеп табуға болатынын түсіндім. Шыны керек, бұл курсқа барсаң, өмірге деген көзқарасың өзгеріп қайтады. Медиа ресурстарды тиімді пайдаланып, заман ағымына сай қарекет жасауға кірістім. 2017 жылдың қараша айынан бастап, жиһаз жасау ісін қолға алдым, – дейді байкенжелік жас бизнесмен.
Осылайша, биыл «АлиМакс» дара кәсіпкерлігін ашып, түпкілікті кәсіпкерлік саласына ауысады. Әзірге қолда бар дүниемен әрекетін жасауда. Шикізатты Түркістан мен Жаңақорғаннан алып, ауылда талғамға сай жиһаз құрастыруда.
– Негізі өзім оқушы кезімнен ағаштан түрлі бұйымдарды жасағанды жақсы көретінмін. Сандық, бесік, өзге де дүниелерді жасайтынмын. Міне, сол қызығушылық үлкен өмірге қадам басқанда өмірлік кәсібіме айналды. Бүгінде жеке тұрғындардан бөлек, мектеп, балабақша мекемелерінен тапсырыс түседі, – дейді Мақсат Әлиев.
Қарапайым жиһаз тұтқасынан бастап, ұсақ-түйек заттары мен ЛДСП, МДФ материалының барлығы да отандық өнім. Мақсаттың ендігі мақсаты – соңғы үлгідегі станокқа қол жеткізу. Мемлекеттік грантқа бағын сынап көрді. Бірақ, бұйырмады. Жігері жасмаған жас кәсіпкер әлі де үмітті. Сөз арасында келер жылы Елбасы пәрменімен «Жастарды қолдау жылы» болатындығын айтып, қуанып отыр. Бәлкім биыл болмаған бизнес-жобасы келесі жылы бағы жанып, мемлекеттік қолдауға ие болатынына сенеді. Негізгі ниеті – бастаған кәсібін аудан орталығында кеңейткісі келеді. Өйткені, сұраныста жоғары әрі шикізатта қолжетімді. Егерде ауқымы кең жиһаз жасау цехын орталықтан ашса, одан әрі бұқараға қолайлы етіп, екінші деңгейлі банк бөлімшесімен бірлесіп, жиһаздарды несиеге беруге болатынын тілге тиек етті.
– Бәсекелестік бар жерде, сапа жоғарылайды. Жиһаз өндірісі тенденцияларын қадағалауға, әрбір тұтынушының талғамынан шығатын дүние жасауға тырысамын. Яғни, сұраныс пен ұсыныс арасындағы оңтайлы теңгерімді табамын, – дейді жас кәсіпкер.
Тапсырыстар ұлғайған уақытта 2-3 адамды жұмыспен қамтып отырған дара кәсіпкердің мақсаты айқын. Тұрғындар талғамына сай жиһаз өндірісін дамыту. Жыл сайынғы Елбасы Жолдауының да жүгі – тұрғындарды ерінбей еңбек етіп, бәсекеге қабілетті кәсіп жасауға үндеу. Осы сенім үдесінен шығып, мемлекет межесін бағындыруға жұмыс жасап жатқан «АлиМакс» дара кәсіпкерлігі де алдағы уақытта ауданда өзіндік бренд қалыптастырары айқын.

Самат ОҢҒАРҰЛЫ.

#Жаңақорған #Кәсіп
13 қазан 2018 ж. 1 264 0