№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » БАБЫН ТАПСАҢ БАЛ АРАСЫ ТАБЫС КӨЗІ

БАБЫН ТАПСАҢ БАЛ АРАСЫ ТАБЫС КӨЗІ


16 жыл ара шаруашылығымен айналысып келе жатқан ағайынды Немцовтар ауылдағы шағын бизнестің шырайын келтіріп келеді. Бал кәсібін табыс көзіне айналдырған Павел мен Иванның өніміне сұраныс жоғары. Төменарықта берекелі істің бабын тауып отырған шаңырақтың шаруасын көзбен көру үшін арнайы бардық.
Жалпы, биыл Жаңақорғанда шағын және орта бизнестің шаруасы ширай түсті. Бизнеске ынталы азаматтардың қатары күн санап артуда. Басым бөлігі мемлекет тарапынан берілетін көмек, яғни жеңілдетілген несие, гранттар мен «Zhasprojekt» жобасы арқылы кәсібін дөңгелетсе, енді кейбірі өз қаржысына бизнесін бастап кетті. Мұның барлығы аудан халқының әлеуметтік тұрмысының түзеліп келетінін аңғартады. Әсіресе, ауылда ағайынның жұмыссыздық деңгейі төмендеген.
Сонымен уақыт күттірмей төменарықтық Немцовтар шаңырағына бас сұқтық. Үй ауласында шағын мал шаруашылығын қолға алып, асыл тұқымды саналатын сібір ит тұқымының санын көбейтіп отырған ағайындылар қысқы дайындықта жүр. Мемлекетке мойнын созбай өз күштерімен келе жатқан Павелді әңгімеге тарттық.
– Шаруа қалай болып жатыр?
– Жаман емес. «Қыстың қамын жаз ойла» демекші, қысқы дайындыққа кірістік. Қорадағы малдың жем-шөбін жинап, араларды орманнан алып келдік. Жалпы бал арасын өсіру оңай дүние емес. Бұл жұмыс тиянақтылықты аса қажет етеді. Ең бастысы, болашақ омартаның айналасында орман немесе ағаш шоғырларының, бау-бақшалардың, аралар бал тарта алатындай гүлдер мен шөптер өскен далалық аумақтардың болуын ескерген абзал.
– Табиғи өнімге сұраныс қай өңірлерден көбірек?
– Шыны керек, биыл көрші аудандардан бөлек өнім Астана мен Ақтауға дейін жөнелттік. Мәселен, Ақтауға 10 піләк жібердік, енді келер жылы одан да көбірек жіберуге тырысамыз. Барлығы өзімізге байланысты, өнімді молырақ өндірсек сұраныс арта береді, – деді омарташы.
Иә, нағашы атасы Гордей Жило уақытында ауылда бал арасын асырауды қолға алған жандардың алғашқысы. Одан кейін әкесі жалғаған кәсіпті кеңейтуге кіріскен Павел мен Иван бала армандарының орындалып келе жатқанына шүкірлік етеді. Тек кәсіп ретінде ғана емес, емдік тұрғыдан да пайдалы аралардың аула ішінде 50-ден аса жәшігі орналасыпты. Емдік демекші, бал барлық ауруға дауа. Тіпті ұяшықтары да халық емінде кеңінен пайдаланылады екен. Мұны дәрігерлер де мойындаған, себебі балдың құрамындағы пайдалы элементтер, химиялық заттар араның денесінде бар. Тіпті ара уы да көп дертке шипа көрінеді. Осы тұста, Павел де медициналық көмекке көп жүгіне бермейтінін тілге тиек етті. Оның айтуынша, бал тек қыста ауырып қалғанда ғана емес, асқазанға, тіпті жүрекке пайдасы көп екен.
– Көктем шыға шеңгелі көп тоғайлы аумаққа шығамыз. Одан жантақ пен жоңышқа гүлдеген тұста көшіп-қонып жүретін араларды тек егістік алқапқа жіберіп алмасақ болды. Ертелі кеш ұясына ризығын әкеліп, тыным таппайтын тынымсыз кішкентай тіршілік иесінің еңбекқорлығына таңданасың, – деген кәсіп иесі олардың еңбексүйгіштігі қарапайым мысал ретінде біздерге үлгі дейді.
Әзірге Германиядан алдырған «карника» тұқымды аралардан өнім алып отырған Павел кәсіби біліктілігін арттыру үшін жиі тәжірибе алмасып отыратын жасырмады. Көбіне Шымкент қаласына жиі барып, ізденіп тұратын ағайындылар алдағы уақытта Германияға барып, тәжірибе алмасуды мақсат тұтып отыр. Бұйыртып жатса мемлекеттен жеңілдетілген несие алып, кәсібін кеңейткісі келеді. Алайда, биыл бұл ойы жүзеге аспай несиеден құр қалыпты.
– Оңтүстік Қазақстан обылысында 30 жылға жуық тәжірибесі толысқан бір кәсіпкерден сабақ жиі аламыз. Белгілі кәсіпкер аналықты қолдан жасау әдісін жетік меңгерген. Шынымды айтсам, омарташылық кәсіп ғылыммен айналысқанмен бірдей, – дейді кәсіпкер.
Аналықтан бөлек, еркек аралар нағыз бал өндірушілер санатынан екен. Олар жұмысшы арадан сәл үлкен, құйрық жағы жұмыр болады. Аяғында гүл тозаңдарын жинайтын тозаң себеті, сондай-ақ балауыз шығаратын безі болады. Ең пайдалы, дәмді балды бөлетін де осы аралар. Еркек ара бөлген балдың иісі аңқып тұрады. Алайда, барлық ара бал бермейтінін біле жүріңіз. Бал беретіндері бөлек, тұқым басатындары мен ұя тазартушылары, өзге араларды бағып-қағатындары болады екен.
– Мұндай кәсіпті омарта орналасатын орынды таңдаудан және қажетті құрал-жабдықтарды сатып алудан бастау керек. Бұл үшін омарта орналастырылатын жер телімі желден жақсы қорғалған, құрғақ жерден таңдалғаны дұрыс. Бәрінен бұрын қыста паналары жыл болғаны дұрыс, – дейді Иван.
Мемлекет басшысы отандық өнімнің үлесін арттыруды тапсырды. Яғни, бүкіл әлемге танылатын «Қазақстан жасалған» табиғи азық-түлік брендін қалыптастырып, ілгерілетуге мүмкіндік береді» дейді Елбасы. Осы тұрғыдан алғанда ағайынды Немцовтардың отандық өнімі келешекте көрші елдерге экспортталуы ғажап емес.
Түйіндей айтқанда, ауданда омарташылықпен айналысып, оны кәсіп еткен отбасылардың саны енді артып келеді. Тілін түсінген жандарға бұл тек табыстың көзі емес, отбасылық бизнестің бастамасы.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
29 қыркүйек 2018 ж. 1 373 0