» » Есеп-2018: Манап ауылдық округінде қандай жұмыстар атқарылды

Есеп-2018: Манап ауылдық округінде қандай жұмыстар атқарылды


Манап ауылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі бойында орналасқандықтан сервистік қызмет көрсету орталығын жандандыруға мүмкіндігі мол. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында айтқандай «көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыруға» қолайлы жерде орналасқан. Осыны қаперге алған аудан кәсіпкері ауылдың солтүстік шығысында сервистік қызмет көрсететін орталық салуды қолға алып, құрылысы жүргізілуде. Бұл жоба ауылдың әлеуетін арттыра түсетіні ақиқат. Енді бір жыл кейінге шегініп, 2017 жылы өткен есептік кездесуді еске алайық. Манаптықтар қаншама жылдан бері аяқ су қиыншылығын көргенімен, шешімін таппай келе жатқанына шағымданған еді. Биыл мәселенің түйіні тарқатылыпты. Ауыл әкімінің есебінен осыны аңғардық. Ербол Әлменовтің сөзінен арнайы аймақтың сметалық құжатын әзірлеп, жерін белгілеп қойғанын, қоршау жұмысы көктемде бас­талатынын, аяқ судан таршылық болмайтынын білдік. Жергілікті полиция қызметі басшысы Ербол Әлімбетов аудан төңірегіндегі қылмыстық іс-әрекеттер туралы айта келе, Манап ауылдық округінің уческелік инспекторы Саматбек Сыздықовтың жыл бойы атқарған ісін саралады. Он екі айда 35 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтағанын тілге тиек етті. Манапта 5 қылмыс оқиғасы орын алғанын жеткізді. Баяндамашы сөзінен бүгінге дейін қылмыстың біреуі ашылып, төртеуі ашылмағанын ұғындық.
Кездесу соңы сұрақ-жауапқа ұласты. Ауыл тұрғыны Шынтас Мейірбеков:
– Мен мал шаруашылығымен жан бағып отырған жанмын. Мал тұқымын асылдандыру мақсатында «30 басқа 1 өгіз» болуы шарт па? – деді. Осы тұста «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма басшысының төрағасының орынбасары Әбдікәрім Абдуллаев жауап берді. Ол:
– Бүгінде бұқаның орнына қолдан ұрықтандыру процесін пайдаланып, жылдық өнімділігін арттырған шаруашылықтар бар. Сіздерге бұл туралы түсіндірме жұмыстар жүргізіп, қандай жағдайда мал тұқымын асылдандыруға болатынын, мал басын қалай арттыруға болатынын егжей-тегжейлі түсіндіру қажет. Алдағы уақытта арнайы мамандарды сіздерге жіберіп, түсіндірме жұмыстар жүргізіледі, – деді.
Атбасын бұрған алғашқы ауылда үлкен қариялар қос әкімге ақ тілегін жеткізіп, батасын берді.
27 қаңтар 2018 ж. 1 518 0