Ауыл әкімінің есебі тыңдалды
Қожакент ауылында жылдағы дәстүр бойынша аудан, ауыл әкімдерінің ауыл тұрғындарына есеп беру жиналысы өтті. Оған Жаңақорған ауданының әкімі Ғ.М.Әміреев, Қызылорда облысы ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ө.пашкенов, Жаңақорған ауданының маслихат хатшысы Е.Ильясов, ауыл әкімі А.Айтжанов, аудандық сала басшылары, жергілікті полиция инспекторы және ауыл тұрғындары қатысты. Жаңақорған ауданының əкімі Ғалым Махмұтбайұлы Əміреев пен Қожакент ауылдық округ əкімі Асылбек Айтжанов жəне жергілікті полиция қызметінің басшысы Ербол Тоқанұлы Əлімбетов ауылдық округ тұрғындарына 2017 жылы атқарылған жұмыстар жөнінде есеп беріп, алдағы міндеттер туралы айтып өтті. Қожакент ауылдық округінің тұрғыны, жергілікті қауымдастық мүшесі Тұрғанбаев Бекмұрат - Қожакент ауылдық округіндегі №168 орта мектебіндегі оқушы саны бүгінгі таңда артып отырғандығы жайында жəне алдағы уақытта жаңа мектеп қажеттілігі жөнінде ұсыныс білдірді. Аталған ұсыныс бойынша аудан басшысы Ғалым Махмұтбайұлы Əміреев: "егер шын мəнінде Қожакент ауылына жаңа мектеп қажет болса тез арада жобалық сметалық құжатын жасатуымыз қажет жəне үлгергенімізше биыл құрылысын бастауға болады" деп жауап берді. Ауылдағы А.Әбиев көшесіне, оқушылардың таңертеңгілік мектепке баруға қараңғы болуына байланысты көшені жарықтандыру туралы ауыл тұрғыны Мұхтар Бұрхановтың ұсынысына , жоба сметалық құжат әзірлеп, жұмыс жасауды ауыл әкімі А.Айтжановқа тапсырды.