Болашақ тетігі – талапты білімде
Мемлекет дамуының берік тұғырнамасы болып табылатын адами капиталды нығайту басты назардан түскен емес. Осының нәтижесінде 2015 жылдары Қазақстан білім сапасы бойынша әлем елдерінде 55-ші орында болып, оқу жасындағы жасөспірімдердің мектеппен қамтылуы 97,9 пайызды құрады. Біздің еліміз адами даму индексі бойынша жоғары нәтижеге жеткен елдер қатарында.
Тоқсаныншы жылдары Қазақ химия-технологиялық институтын тәмамдап, жоғары оқу орны жанынан ашылған ғылыми зерттеу орталығы мамандары қатарында Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи мавзолейін реставрациялау жұмыстарының басы-қасында тарихи ескерткішті сараптама жұмыстарымен айналыстық. Бізді таңқалдырғаны, қарапайым қол күшімен тұрғызылған кесене келбетінің осы күнге дейін кесегі кетілмей дін-аман жеткен сапасының мықтылығы. Құрылыстың негізгі бөлігін құрайтын қыш материалын үгіп, құрамын зерттеп көргенімізде кірпіштің құрамы Түркістанның майда топырағы мен Сауранның сазды құмынан тұратынын анықтадық. Нешеме ғасыр заманалар көшінде сыны бұзылмай сақталуының сырын ешкінің қылы, түйенің сүті тәріздес табиғи қоспаларды араластырудан деп пайымдауға да болар еді, бірақ қышты дайындау процесінде 1000 градустық отта күйдіруге тура келеді. Мұндай ыстықта кез келген органикалық зат жойылып кетеді. Дәл осы құрамда бүгін зауыттарда қыш өндіріледі, мұндай сапа жоқ. Құпияның көздігі судың құрамында деп те жоруға болады. Түрлі деңгейдегі радиациялық әсер, экологиялық ахуал су сапасын жойып, топырақтың эрозияға ұшырағанын мойындауға тура келеді. Мешіттің күлдіреуішіндегі көк бояулар әлі түсін жоймаған, құрамынан 28 түрлі химиялық элементтер табылды. Қазір де ол элементтер бар, бірақ сапасы ондай емес.
Қалдықсыз өндіріс технологиясын меңгеру бағытында Ақтау (бұрынғы Щевченко) қаласында желім өңдеу зауытында іс-тәжірибеден өтіп қайтқан болатынмын. Ғылымдағы осы ізденістерімнің барлығы кейін ұстаздық жолымда маған көп жәрдемдесті. Химия-биология пәнін оқыту процесінде синтетикалық-молекулалардың қосындылары тақырыбын тарихпен, географиямен, экологиямен байланыстыра өтуіме мұрындық болды.
Біздің өміріміз, жалпы адамзат өмірі осы заманда өте тез өзгеруде. Бүгінгі біздің байлығымыздың басты көзі – мұнай мен газ болашақта өзінің маңызын жойып, баламалы энергетика көздері қолданысқа кірері анық. 2017 жылы біздің елімізде ашылған, әлемнің 100-ден аса елі өздеріндегі озық технологиялық үлгілерімен қатынасқан болашақ энергетиканың көрмесі – ЭКСПО – соның айғағы.
Мен қазірде Әділет департаментіне қарасты еңбекпен түзеу жүйесі мекемесінде білім кешенін басқарамын. Қарамағымдағы педагог-психолог, тәлімгерлердің міндеті – жазатайым қателіктерге барып, өмірден опық жеп жүргендерді ізгілікті қоғамның қамқорлығына алып, толыққанды азамат қатарына қосу, болашақ мақсаттарына маңызды бағдар беруді көздейді. Сайып келгенде ел Президентінің алдыңғы қатарлы 50 елдің қатарына кіру талабы қоғамның әрбір мүшесінің кінәратсыз тағдырына тығыз байланысты. Біздің ұжым осы бағытта қажыр-қайратпен еңбек ете отырып, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға зор көңіл бөліп келеміз. «Үштұғырлылық» саясаты басым сипат алып отыр. Дәріс қазақша, орысша және ағылшын тілінде жүргізіледі. Түрлі ұлт-өкілдерінің мемлекеттік тіл-қазақ тілін үйренуге деген ұмтылысы қуантады.
Мемлекеттің басты байлығы – адам. Сондықтан әрбір тағдыр иесіне салмақты сын арқалатып, өмірден лайықты орнын табуына баршамыз болып атсалысуға тиіспіз.
Туған жерім – Қаратау өңіріне ат басын бұрып, ағайынның хал-жағдайын біліп, өңірдегі керемет кен орны шипажайда ем алып, тән мен жанды қатар сауықтырып, рухани күш-қуат, үлкен сүйіспеншілік, перзенттік сезіммен Астана күні мерекесін Жаңақорған топырағында қарсы алғаныма ерекше қуаныштымын.
Ұлбосын Арысбекова,
ғалым.