«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » БОЛАШАҚ КІЛТІ – БІЛІМДЕ

БОЛАШАҚ КІЛТІ – БІЛІМДЕ


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымызға басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт», – деді. Иә, ХХІ ғасырда ой озықтығы мен сана ашықтығымен озуға болады. Білімнің салтанат құруы бәсекеге қабілеттіліктің негізгі критерийі саналады. Сондықтан Үкімет адами капиталды қалыптастыратын һәм дамытатын білім беру саласын жаңартып, жаңғыртып, реформалауда. Заманауи типтік жобадағы мектептер салынуда. Тәжірибелік сабақтар өткізілетін сыныптар жабдықталуда. Интернетке қолжетімділікті артты. Осы ретте, біздің білім бәсекелесінде орнымыз қандай? Жастардың заманауи ілімді жинаудағы табысы қандай? Осы сауалдарға «Көзқарас» пікір-сайыс алаңында тиісті сала мамандары жауап берді.
Нұралхан ТҮКТІБАЕВ,
Жүсіп Қыдыров атындағы №54 мектептің директоры:

– Жолдауда «Бәсекелік қабілет дегеніміз – материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары» деп көрсетілді. Бұдан түйетініміз, бәсекеде сапалы біліммен ғана сынға түскенде ұтатынымызды ұғасыз.
Бесарықтағы білім ордасының тарихы тоқсан жылға жуықтады. Осы уақытта саланың үздік мамандары мектептің білім беру ісінде озық тәжірибесін қалыптастырды. Әсіресе, кадрлардың буын алмасуына, сыныптардың қажетті құрал-жадбықтармен жабдықталуына жағдай жасады.
Қазір мектептегі 59 мұғалімнің 18 жоғары санатты, 25 бірінші санатты. Осындай білікті ұстаздардан білім алған шәкірттер аудандық, облыстық білім додаларында жүлдеге ілігіп жүр. 2015 жылы екі «Алтын белгі» иегері шықса, 2016 жылы бір «Алтын белгі» иегері бітірді. 2017 жылы бесеуі алтынға лайық білімін дәлелдеді. ҰБТ қорытындысы бойынша соңғы үш жылда жоғары көрсеткіш көрсеттік. Былтыр екі түлек 125 балл жинады.
Енді сапалы білім берудің сыры неде? Соған тоқталсам. Жалпы, мектепте ҰБТ-ға дайындау үрдісін 8-сыныптан бастау қалыптасқан. Оқушы 9-сыныптан оқушының мамандыққа бейімділігіне қарай пәнді таңдап дайындықты күшейтеміз. Оқу жылы басталғанда сыныптан 2-3 рет сынама тест алып, оқушылар жоғары, орта және төмен деңгейге сынып оқушыларына бөлінеді. Сосын төменгі деңгейдегі оқушыны орта деңгейге, ортаны жоғары деңгейге жеткізуге жұмыс жасалады. Ең негізгісі, оқушыларды 6-сыныптан қабылдап алып, 11-сыныпқа дейін бір ұстаз білім нәрімен сусындатып, нәтижесін көзбен көреді. Сонда ұстаздың да жауапкершілігі артады. Бұл – ұстаздар арасындағы бәсекелестікті тудырады...

Тұрсынай ШАЛАБАЕВА,
№110 мектеп-лицейінің робототехника үйірмесі жетекшісі:

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында айтқандай «Заманның ағымынан қалмай алға қарай ілесе беру керек» деген сөздерінің өзінде қаншама мағына жатыр десеңізші!
Робототехника. Робот. Бұл терминді еңбектеген балаға дейін түсінеді. Себебі, роботтар өміріміздің көптеген саласына енді. Тіптен, ғарышты игеру, денсаулық сақтау, өндіріс, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қорғаныс ісі және т.б салаларда үлес салмағы артып келеді.
Демек, қазіргі жаһандану, инновациялық жаңару заманында роботтардың алатын орны айқындалды. Қазіргі кезең – роботтардың кезеңі.
Олай болса, жаһандық үрдістен лайықты орын алуымызда робототехниканы меңгеруді кешіктіре беруге болмайды. Осыны ескерген, білім бөлімі мен мектеп басшылығы 2017 жылы жаңаша бастаманы қолға алып, «Робототехника» үйірмесін ашты. «Робототехника» кабинеті 10 дана роботоконструктормен жабдықталған.
«Робототехника» үйірмесін жандандыруда оқушыларды түрлі деңгейдегі шараларға қатыстырып, тәжірибе жинақтауын басшылыққа алдық.
Облыста өткен «Robotest-2018» роботтар фестивальіне Зарина Қалкөз, Аружан Махамбет,Ерасыл Айдар мен Асыл Мұсабек қатысып, жақсы нәтиже көрсетті.
Қазір мектеп оқушыларының робототехникаға қызығушылығы артып келеді. Олардың қабілет-қарымын ашып, адам өмірін жеңілдететін сапалы роботтар құрастыруына жәрдемдесетін боламыз.

Дастан КАДИРОВ,
Тәрбие орталығының тәлімгері:

– Қазақстан Республикасының білім беру мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының «Жаңартылған білім беру мазмұнына» көшу арқылы заманауи ақпараттық қоғам қалыптастыру жағдайында қазіргі білім беру тәжірибесінде кеңінен қанат жайып отырған келешегі зор бағытының бірі – робот техникасы саласы. Мемлекет басшысы Жолдауында «елдің даму векторларының бірі – адами капиталды инвестициялау» дегенінен-ақ бұл саланың маңызын түсінуге болады.
Расында, әлемде робототехника ғылымы кең қолданыс тауып, мемлекет дамуының қозғаушы күшіне айналды. Қазақстан дамыған елдер қатарына қосылу мақсатында ғылыми-техникалық прогрестің осы бір маңызды бағытын меңгеруді жолға қойды. Яғни, робототехника автоматтандырылған техникалық жүйелерді құрумен айналысатын қолданбалы ғылымды дамытуға маңыз беруде.
Біздің орталықта ашылған үйірме 2017 жылы жұмысын бастады. Алғашында 35 бала ниеттілігін білдірсе, соның 6-сы ғана толық сабаққа қатысып, өзінің қарым-қабілетін байқатты. Яғни, робототехниканы үйрену ең қиын мәселе. Бұл 5 пәннен үздік оқуға итермелейді. Атап айтсам, информатика, геометрия, алгебра, физика, графика, технология пәндерінен жақсы меңгеруі тиіс.
Сабақта құрастырудан өзге осы бес сабаққа қатысты дәріс жүргізіледі. Осы тұста, кейбір балалар сабаққа қатыспай көп мағлұматтан құр қалады. Осыны көп ата-ана түсіне бермейді. Дегенмен, жастардың робот жасауға ынтасы жоғары екенін айту қажет.

Меруерт МЕЛДЕНОВА,
№163 мектептің география пәні мұғалімі:

– Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында оқушыларды заманауи технологияларды игерудің тиімділігін айта келе, «Бұл жас ұрпақты ғылыми-зерттеу саласына және өндірістік-технологиялық ортаға ұтымды түрде кірістіруге көмектеседі» деді. Демек, оқушы озық технологияны игеруде жастайынан ғылыми жобаларға икемделу қажет-ақ. Ол үшін бала жан-жақты білім алуы тиіс. Әсіресе, ағылшын тілін меңгерудің артықшылығы көп. Себебі, ғылым мен ақпарат ағылшын тілінде қалыптасқан.
Мектепте 17 бала болашағын география пәнімен ұштастырып отыр. Олардың жоғары нәтижеге қол жеткізуі үшін бағыт-бағдар берудемін. Оған қоса, өзге мектептерден де шәкірттер жиі кеңес сұрайды. «Болам деген баланың белін бу» дегендей, ғылым жолына таңдаған жастарға уақытымды аяп қалмаймын. Шәкірттің республикалық байқауларда бәсі биік болуы, интеллектуалдық қабілет-қарымын ашуда ең бірінші баланың қызығушылығын оята білу маңызды. Сондықтан, ұстаз күнделікті ізденіс үстінде жүріп, заманауи үрдістерді игеріп отыруы міндетті.
Жалпы, ғылыми жобаларға балаларды ерте жастан баулу керек. Себебі, әр баланың дарынын ашып, 5-сыныптан бастасақ, бала жоғары сыныпқа келгенде үлкен белес бағындыра алады.

Дауылбай ЕСІРКЕПОВ,
Бегайдар Аралбаев атындағы №52 мектептің математика пәні мұғалімі:
– «Білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту керек». Бұл Елбасының халыққа арнаған Жолдауынан үзінді. Мектептерде осыған байланысты математика пәніне ерекше басымдық беріліп отыр. Себебі, барлық ғылым математика саласымен тығыз байланысты. Яғни, есепке жүйріктілік артпайынша, ғылымға бетбұрыс болмайды.
Соңғы жылдары мектеп бітірушілер арасында математика және жаратылыстану бағытын таңдағандардың саны артты. Заманбек деген оқушымыз аудандық олимпиадада соңғы үш жылда үштіктен көрініп жүр. Оқушым Фариза Өмірбай ҰБТ-да математикадан 24 балл алды. Сол секілді «Алтын белгі» иегері Айдана Мәдәлі де математика пәнін таңдады. «Тау самалы» лагерінде қосымша білім беруге жыл сайын шақырыламын. Математикаға баланың қызығушылығын арттыру үшін өмірмен байланыстыратын тәсілдерді жиі қолданамын.

Сәуле КАМАЛОВА,
№240 орта мектептің ағылшын пәні мұғалімі:

– Үштілділік жөнінде Елбасы «Кез келген ортанқол мектептің балаларға ең жоғары деңгейде шет тілін оқып үйренуіне жағдай жасайтындай дәрежеге қол жеткізуіміз міндет» – деп ағылшын тілінің маңызын айтты.
Үштілділік – ғылыми технологияны дамытуда қозғаушы күшке ие. Осы тұста, саясаттанушы Тұрсын Әбдуәлидің: «Мемлекет басшысы жаһандану жөнінде мәселе көтергенде де өре түрегелдік. Жаһандану дегеніміз қарапайым сөзбен айтқанда жоғары деңгейге жеткен елдермен қарым-қатынасымызды нығайту. Соның бірі – тілдік коммуникация. Бұл үшін халықаралық қатынас тілі болып саналатын ағылшын тілін үйренуге жастарды жатпай-тұрмай баулу керек. Оның қажеттілігін уақыт өткен сайын өткір сезініп келеміз» деген ойы еске түседі.
Ағылшын тілін үйренгеннен біз ұтылмаймыз. Осы себепті оқушылардың жастайынан ағылшын тілін меңгеруін қолдап, жағдай жасауымыз тиіс. Біздің мектеп шәкірттерінің ағылшын тіліне қызығушылығы артып келеді. Қосымша сабақтарға сұранып, тіл білімін шыңдап жатқан оқушылар көбейді. Содан болар аудандық пәндік олимпиададан жүлдені қанжығаға байлап, облыста үшінші орынға тұрақтаған шәкірттерімен мақтана аламын.

ТҮЙІН. Пікір-сайыс алаңында бас қосқан ұстаздар ХХІ ғасырда білімсіз жетістікке жете алмайтынымызды жақсы түсінетінін айтты. Сондықтан, біліктілігі мен білімін жастардың сапалы білім алуына сарп етіп жатқандарына сендірді. Лайым, білім бәсекесінде бәсіміз биік болсын. Себебі, Елбасы айтқандай, адам капиталы бәрін шешетін заманға келдік...

Мақпал МАРҚАБАЙ.
15 маусым 2018 ж. 2 038 0