№69 (8983) 12

12 қыркүйек 2026 ж.

№68 (8982) 8

08 қыркүйек 2026 ж.

№67 (8981) 5

05 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » БҰРЫН ЖОҚШЫЛЫҚПЕН, БҮГІН ТОҚШЫЛЫҚПЕН КҮРЕСУДЕМІЗ

БҰРЫН ЖОҚШЫЛЫҚПЕН, БҮГІН ТОҚШЫЛЫҚПЕН КҮРЕСУДЕМІЗ


Дін мен дәстүр, жаназа және астардағы ысырапшылық хақында

Дін мен дәстүр. Тақырып ауаны түсінікті. Біз сәл әріден бастасақ. «Өлім байдың барын шашады, жоқтың артын ашады». Бұл мақалдың мән-маңызы заман талабына сай өзгерді. Яғни, бүгінде бәсекеге түскен бұқара қолында қаражаты жоқ болса да қарызданып, Құдайы астың дастарханын жайнатып жібереді. Байқасаңыз, бүгінгі таңдағы құдайы астың тойдан еш айырмашылығы жоқ. Дастархандағы дәмнің арасында құстың сүтінен басқаның бәрін табасыз.
Өзекті тақырыпты дін мен дәстүр аясындағы мақала байқауына арқау еткендегі бар мақсат – қуаныш пен қазаның аражігін ажыратып, мейлінше қарапайым дастархан мәзіріне үндеу. Әрі жаназа мен жерлеу рәсіміндегі шариғатқа қайшы амалдарға тоқтам жасауға шақыру. Қысқасы, діни рәсімдердің озығын дәріптеп, тозығын тастау. Себебі, дін мен дәстүрге еш қиыспайтын дүдамал амалдар дендеп барады.
Бұл бағытта кезінде ауданда әкімдік пен имамдар тарапынан көптеген игі шаралар, бәтуалы басқосулар өткен болатын. Қаншама бастамалар соңына дейін жетпей қалды. Баяғы қаз қалпына қайта түсіп алды. Мұны ел болып қолға алса, қайта тәртіпке келтіруге болады. Бұған дейін де кенттегі, ауыл-аймақтағы имамдар халық арасында осы игі бастама жайлы уағыз айтып келді. Әлі күнге насихаттан кенде емес.
Шындығында, ақіреттік сапарға аттанған адамын арулап шығарып салу – мұсылманның қастерлі міндеті. Десе де, жаназа тақырыбына қатысты діндарларды толғандырған мәселе көп. Бұл бағытта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ғұламалар кеңесінің ортақ келісімімен «Жаназа және жерлеу рәсімі» атты діни еңбек жарыққа шыққаны белгілі.
Әрине, салт-жоралар дегенде есімізге түрлі дәстүріміз кіретіні белгілі. Алайда, бүгінгі айтпағымызға арқау болып отырған жаназадағы ысырапшылық мәселесі. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Жеңдер, ішіңдер бірақ ысырап етпеңдер! Алла Тағала ысырап еткендерді әлбетте жақсы көрмейді» - деп, ысырапшылдықты ұнатпайтын істерден екенін біздерге ашық жеткізіп отыр. Олай болса Аллаға ұнамайтын істерден қашық болуымыз керек емес пе? Біз асты не үшін немесе кім үшін береміз? Егер ас беріп, ол асқа жиналғандардың дұға-тілегі қабыл болып, дүние салған кісіге сауабы тисін десек қабыл болатын жолын іздеп, Аллаға ұнайтын істер істеуіміз керек емес пе?, сіздер қалай ойлайсыздар?
                                                 СОҢҒЫ НАМАЗДЫҢ САУАБЫ
Жаназа намазы мәкрүһ уақыттан басқа кез келген уақытта – күндіз болсын, түн болсын оқыла береді. Мәкрүһ уақыт деп күн шығып немесе батып бара жатқан және күн тас төбеде тұрған үш кезді айтады. Иә, жаназаны баршамыз да білеміз. Қалай оқылатынын, кім оқитынын және не істелетінін? Тіпті жаназа намазын оқу үшін де дәрет алу керектігін де жақсы білеміз. Бірақ жамағат арасында бұған немқұрайлы қарап, дәретсіз де сапқа тұратындар кездеседі. Дәретсіз намаз, намаз ба? Осы жағында халық назарда ұстаса екен дейміз.
Намазға дәретін алып, сауап алу ниетімен қатысса мол сауапқа кенелетіні ақиқат. Пайғамбарымыз (с.а.с): «Намаз оқылғанға дейін жаназа намазында болған адамға - бір қырат, жерленгенге дейін болған адамға - екі қырат сауап бар» деген. «Екі қырат не?» деп сұрағанға, «Екі үлкен таудай» деп жауап берген. Сондықтан жәй келіп жаназа намазға қатыса салмастан, екі үлкен таудай сауапты ниеттеніп қатысқан жөн екен.
ҚАБІР БАСЫНДАҒЫ ҚҰРМЕТ
Жоғарыдағы хадисті назарға алсақ, кісі жаназа намазына қатысып, ары қарай жерлеуіне де қатысса екі үлкен таудай сауапқа кенеледі. Алайда, мұның мәнісін түсінбей бірі туысым деп ұялғаннан, біреу досым деп ұялғаннан келетіні бар. Енді бірі бүгінде үрдіс болып қалыптасқандықтан жаппай қабір басына барады. Бірақ барғанда көпшілігінен сауап үміт етіп барғандарын байқай алмайсың. Біреулері темекі шегіп бір бұрышта, ана жерде екі-үш кісіден топтасып алып әңгіме дүкен құрып жатады. Енді бірі қайғы кезде жырқ-жырқ күліп жатқандарына таңданасың.
Ардақты ағайын! Дүниеден бір кісі өтсе оны ақтық сапарға шығарып салу мына біз мұсылмандардың міндеті. Барынша жақсы сөздер айтып, жақсы жағынан еске алып, ертең дәл осы сәт біздің де басымызға ораларын естен шығармау керек. Өлім мен қабірге қарап ғибрат алуымыз керек. Расында пенде қандай сауабымен жан тәсілім еткен болса, сауап-күнә амалдарына қарай қабір азабы не қабір рахатына кенеледі. Қабірде күйің қандай болса қиямет күні ол күй еселене түседі. Сондықтан әрқашан тәубе етіп, әсіресе осындай жаназа кезінде кешірім сұрап, сауапты іс істеуге тырысу керек.
                                                    АСТА-ТӨК АСТЫҢ ОБАЛЫ КІМГЕ?
Өмір болғаннан кейін, өлімнің де болатыны ақиқат. Осы тұста көпшілік мал-дүниені қайтыс болған асылымыз үшін емес, жұрттардың «Пәленше, қайтыс болған түгеншесі үшін барын салды. Ұлан-асыр ас берді» деуі үшін сарп етіп жатқандай. Баззар (р.а) жеткізген хадисте: «Үнемдеген адам байиды, ысырап еткен кедейлікке ұшырайды» – деген.
Тәлімді хадистің мағынасы түсінікті болғанымен, кейде көпшілік байқай бермейтін жақтары бар. Айталық, кісілерді шақырып ас беру керек болса, олар дәмнен ауыз тиіп, дұға-тілекке ортақтасып кету керек болса, оған азын-аулақ қаражат жұмсау жеткілікті еді. Бірақ, біздер барымызды шашып дастарханды тойдан айырмашылығы жоқтай жайнатып жібереміз. Яғни, кісілердің назарын имандылыққа емес, дүниеге қызықтырып салып қоямыз. Нәтижесінде ысырапшылдық кесірінен берекесіздік келуі мүмкін – деген өкіл имам түптеп келгенде, мұның бәрі бәсекеге бастайтын амал болып қалыптасуына жол ашады.
Бірде Пайғамбарымызға (с.а.с): «Жағфар (р.а) қайтыс болды» деген хабар келгенде: «Жағфардың үйіне тамақ апарыңдар. Оның жанұясы шұғылданатын іс болып қалды (жаназа істері мен уайым, қайғы)» – деп, өзгелердің ол қайғы болып жатқан үйге тамақ апаруын үндеген болатын. Басқа бір хадисінде қазалы үйде үш күнге дейін тамақ ішуден қайтарған. Мұның барлығынан қайғырып отырған үйге күш түспеуі үшін тыйған болатын. Сондықтан да Құдайы ас мәзірінің қарапайым болуын ел болып, ауызбіршілікте ортақтасып шешкен жөн.
                                             БЕЙІТ САЛУ БӘСЕКЕГЕ АЙНАЛУДА...
Сол сияқты кісіні бақилыққа аттандырып болғаннан соң да, тыныштық бермей атақ-абыройды ойлап зәулім-зәулім, тіпті сәулетті етіп бейіттер тұрғызуға жарысқа түсудеміз. Бұл шариғатта түбегейлі тыйым салынған нәрсе. Мұның астында жатқан мәйітке үлкен зияны болмаса еш пайдасы жоқ. Бейіттің шариғи үкімі былайша болады: Қабірге төмпешік болғанға дейін топырақ үйіледі. Қабір үстіне бір қарыстай топырақ үйілуі – мұстахаб (таңдаулы, ең көркем амал). Қабір үсті түйе өркеші секілді етіп үйіледі. Қабірдің төбесін гипстеу немесе неше түрлі майлы нәрселер жағу – мәкрүһ. Қабір үстіне тас немесе ағаш, мәйітті белгілеу ғана үшін қойылады. Ал мақтан үшін, байлығын көрсету үшін қою – харам (қатаң тыйым салынған күнә). Әбу Ханифа (р.а.) мәзһабы қабір үстіне белгі қойып, оған жазу жазуға рұқсат етеді. Бірақ сурет және мүсін қойылмайды. Міне бұл шариғаттың бізге белгілеп берген жолы. Бұдан тыс жасалғанның барлығы ысырапшылыққа алып келеді.
Жасыратыны жоқ, «бұрындары бабаларымыз жоқшылықпен күрессе, бұл күндері қоғам тоқшылықпен күресуде». Кезінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Той деп шашылды, ас деп шашылды, ар, білім деп дәулет шашарға қай қазақтың қайраты жетеді?» десе, Ғұмар Қараш бабамыз: «Артық дүние тілеп, артық ысырап қылмаңдар – оның өтеуін төлей алмай қаласыңдар» деп тереңінен түсінгенге тамаша тәмсіл тастап кетті. Тек ой жүгіртіп, ақ бен қараны ажыратсақ игі. Той мен құдайы ас дастарханының айырмашылығы болса. Ортақ мәмілеге келетін мезет жетті.
Иә, түйіндей келе, айтарымыз ертеде Дінқорған атанған бүгінгі Жаңақорған жұртшылығы да бәтуалы бастаманы қолдап, ақсақалдар қауымы мен зиялы қауым өкілдері, имам-молдалар ауданда жүзеге асуына ұйытқы болса, өскелең ұрпақтың бәсекелестікке бармайтыны айқын. Әрі қабырғасы қайысып, жақынан айырылып отырған жандарға да жеңілдік болар еді. Ал, егер шын мәнінде мал-дәулеті асып-тасып бара жатса, қаржысын қайырымдылық істерге жұмсауға яғни, мұқтаж жандардың мұқтаждығын өтеп, тұрмысы төмен отбасының тірлігін түзеп, жоқ-жітікке жәрдемдесіп, осы ізгі істерінің сауабын дүниеден өткен марқұмның рухына бағыштаса, нұр үстіне нұр болады. Дін мен дәстүрді сабақтастыра отырып, ұлттық құндылықтарды ұлықтап ауданда ас беру мәдениетін қалыптастыруға әрбіріміз атсалыссақ игі.
Әбдісамат ӘБДІШ
Жаңақорған кент тұрғыны, әлеуметтік желі белсендісі.
14 қыркүйек 2026 ж. 52 0