Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ысырапшылдық – исламға жат

Ысырапшылдық – исламға жат

Абайдан сөз артылған ба?! Қазақтың өмір-салтына қажетті барлық салаға сөз арнап, бағыт көрсетті. Мәселен, «Бес асыл іс» өлеңінде:
«...Еріншек, бекер мал шашпақ,
Бес дұшпанды білсеңіз...», деп ысырапшылдарды сынай отырып, оны адамның бес дұшпанына қосады.
Ақын бүгінгі күнді дәл болжағандай. Рас қой, жалған бәсекелестіктің салдарынан жақынының қазасына қара жамылып, қайғыра да алмай отырған жайымыз бар...


Қадірлі жерлестер, кеше ғана жақындарымыздың қазасына қайғырсақ та, бір уыс топырақ салуға қиналған едік. Карантин кезінде жағдай естеріңізде болар... Карантин ашылғалы ас беруден бәсеке қайта басталды. Дүниесі асып-тасыса мейлі ғой! Тіпті екінші деңгейлі банктен кредит алып, пейшембілік, қырқы, жылы сынды діни жоралғыларды орындап жататындар аз емес. Кейбір бата-асқа барсаңыз тойдың дастарханынан кем еместігін көресіз. Сусынның түр-түрі, тағамның сан түрінен дәм татасыз...
Осыдан екі жыл бұрын ауданның бас имамы Сайдулла қажы Омаров «Жаңақорған тынысы» газетінде «Үнемшілдік – ырыс, ысырапшылдық – шығыс» деген үндеу тастады. Бұдан ой түйген ел ағалары «Ордакент» ардагерлер және жастар ресурстық орталығында бас қосып, мақалада көтерілген мәселелерді талқылап, қолдап, бір бәтуаға келді. Яғни қаралы үйге салмақ салмауды жөн санады. Естеріңізде болар...
Сонда бас имам Сайдулла қажы Омаров: «Бар мақсатымыз – қуаныш пен қазаның арасын ажыратып, ысырапшылдыққа жол бермеу. Әрі жаназа мен жерлеу рәсіміндегі шариғатқа қайшы амалдарға тоқтам айту. Қысқасы, діни рәсімдердің озығын дәріптеп, тозығын тастау. Себебі, дін мен дәстүрге еш қиыспайтын дүдамал амалдар дендеп барады. Әрине, өмір болғаннан кейін, өлімнің де болатыны ақиқат. Негізі марқұмның отбасына көршілерінің тамақ дайындап беруі сүннет амал. Бірде Пайғамбарымызға (с.а.с): «Жағфар (р.а) қайтыс болды» деген хабар келгенде: «Жағфардың үйіне тамақ апарыңдар. Оның жанұясы шұғылданатын іс болып қалды (жаназа істері мен уайым, қайғы) – деп, өзгелердің ол қайғы болып жатқан үйге тамақ апаруын үндеген болатын. Басқа бір хадисінде қазалы үйде үш күнге дейін тамақ ішуден қайтарған. Мұның барлығынан қайғырып отырған үйге күш түспеуі үшін тыйған болатын. Сондықтан да қаралы үйдің тұрмысы ауыр немесе біреулерге қарызы болса, олардың одан сайын қарызға батып, ас беруі дұрыс емес. Ол шаңырақтан ас шығартпау керек. Яғни, қонақтар үшін арнайы дастархан жайып, қазалы жандарға ауыртпалық түсірудің жөні жоқ. Тағамды ет жақын туысқандары мен көршілерінің үйінде жасауына болады. Жақынынан айырылған жаралы жанды базар жағалатып қою мұсылмандыққа жат», – дегені ойға қонымды, алайда оны жүзеге асыруға асықпай отырмыз.
Қазір мұны ұстанатын ағайын жоқ емес, бар! Аққорған, Ақүйік, Екпінді, Жайылма, Төменарық елді мекен ақсақалдарының осы бағыттағы істері көңілге демеу береді. Жаңақорған кентінде де ысырапшылдық тыйыла бастады. Бірақ жаппай қолдау болмай тұр. Бұған «ел не дейді?», «жұрттан ұят!» деген жалған намыс аясында бәсекелесу себеп болатындай...
Құран аятында айтылғандай, адам қашан, қай жерде жан тәсілім ететінін білмейді. Ажал ойда-жоқта келеді. Әрине, бұл – өмірдің заңы. Тумақ барда – өлмек бар! Осындай қаралы үйге салмақ түспегені игі. Исламды берік ұстанған аталарымыздың жолы осыған меңзейді. Алайда марқұмды жерлеу, жаназасын шығару, қонағасын беру, одан қалса жетісі, қырқы, жылдық асында 100-150 адамға дастархан жаюға тұрмыстық әлеуеті көтере бермейді. Енді олар не істейді? Қарыз алады, кредитке жүгінеді. Сөйтіп қайғының үстіне қайғы қосады. Иә жүрегін қайғы басып жоқтау айтып отырған туыстарының басында «ақшаны қайдан табамыз?» деген ой оны үсті-үстіне тұралатып тастайтыны анық. Негізі біз қайғыны жеңілдетуіміз керек емес пе? Бұл қалай болғаны?
Қазір әйелдермен ақылдаспайтын еркектер жоқ. Әйелдер қоғамдық өмірде шешуші рөлге ие болды. Олар кез-келген әлеуметтік мәселені шешуде ықпалды күшке ие. Сондықтан сөзімді әйелдер қауымына қарата айтуды жөн санадым. Пайғамбарымыз (с.а.с) анаға құрмет көрсетудің маңызын айтты ғой!
Қадірлі аналар! Әрине «Өлім байдың барын шашады, жоқтың артын ашады» деген сөз бар. Осы тәмсілді керісінше орындайтын кез келді. Неге біз кедейдің артын ашуымыз керек. Осы жөнінде ойланып көрдік пе?
Жасыратыны жоқ, той мен құдайы астағы дастарханда айырмашылық аз.
Ал дастарханды «ұят болмасын!» деп жасайтын кім? Әйелдер емес пе?
Осы пиғылдан арылып, қара жамылған шаңыраққа салмақ салмауды дағдыға айналдыратын уақыт келді.
Ол үшін бұған дейін айтылғандай, қазалы үйде 3 күнге дейін қазан көтермеуді жолға қою керек.
Екіншіден, қазалы дастархан мен тойдың дастарханын ажырата білу маңызды.
Үшіншіден, жаназа кезіндегі шариғат талап етпеген «жыртыс», «телімдер» таратуды тоқтату керек.
Төртіншіден, ата-баба ұстанып келе жатқан пейшембілік дастарханда ысырапшылдыққа жол бермеу керек. Яғни дастархан мәзірі өте қарапайым болғаны абзал.
Бесіншіден, жетісі, қырық күндік, жылдық асы секілді маңызды рәсімдермен ғана шектелу. Ал 52 күндік, 100 күндік рәсімдерін қазалы үйге міндеттемеу керек.
Сөз соңында, кез келген ысырапқор – қоғамның жауы, кез келген үнемшіл адам – жарылқаушы деген оймен аяқтағым келіп тұр. Ағайын, ойланайық, ой тоқтатайық! Ысырапшылдықты тыйайық!

Фахриддин ТҰРҒАНБАЕВ
07 маусым 2020 ж. 755 0