Дін мен дәстүр – ұлт тәрбиесінің негізі

Біздің қазақ халқы үшін тәрбие ешқашан жай ғана сөз болмаған. Тәрбие – отбасының берекесі, үлкеннің өнегесі, ананың ақылы, әкенің жауапкершілігі, ауылдың бірлігі арқылы қалыптасқан өмір мектебі. «Бала тәрбиесі – бесіктен» деп ұққан халқымыз ұрпағына ең алдымен адам болуды үйреткен. Үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, ата-ананы құрметтеу, ағайынмен тату болу, адал еңбек ету, туған жерді қадірлеу сияқты қасиеттер ұлттық тәрбиенің негізі болып келді.
Қазіргі таңда қоғам өзгеріп, заман жаңарып, ақпараттық технологиялар күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Жастардың дүниетанымы кеңейді. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі ақпаратқа бір сәтте қол жеткізуге мүмкіндік бар. Мұның жақсы жақтары көп болғанымен, ұлттық құндылықтарды сақтау мәселесін де алдыңғы қатарға шығарып отыр.
Қазақ халқының рухани өмірінде дін мен дәстүрдің өзіндік орны бар. Дін адамның ішкі дүниесін ізгілікке бағыттаса, дәстүр халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан өмір салтын, тұрмыс-тіршілігін ,мәдениетін және тәрбие беру тәжірибесін ұрпақтан ұрпаққа жеткізеді.
Сондықтан дін мен дәстүрді ұлт тәрбиесінің негізі ретінде қарау – бүгінгі қоғам үшін өзекті мәселе.
Дін – адамгершілік тәрбиесінің негізі
Дін – адамның рухани дүниесіне әсер ететін маңызды құндылықтардың бірі. Ислам дінінде адалдық, мейірімділік, сабырлылық, әділдік, ата-ананы құрметтеу, мұқтаж жанға көмектесу сияқты ізгі қасиеттерге ерекше мән берген.
Бұл қасиеттер қазақ халқының дәстүрлі тәрбиесімен бірігіп жатыр. Отбасы үлкендері баласына «өтірік айтпа», «біреудің ала жібін аттама», «үлкенді сыйла», «жетімге жәрдем бер», «нанды аяққа баспа» деп үйреткен. Бұл сөздердің әрқайсысында үлкен тәрбиелік мән жатыр.
Имандылықты тек діни рәсімдерді орындаумен ғана шектеуге болмайды. Имандылық – адамның мінезінен, ісінен, сөзі мен ниетінен көрінеді. Адамның әлсізге көмектесуі, ата-анасына қамқор болуы, өз еңбегімен адал нан табуы, өзгеге қиянат жасамауы – оның ең үлкен адамгершілігінің белгісі.
Қазіргі уақытта жастардың діни сауаттылығын арттырудың маңызы зор. Себебі әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігінде түрлі ақпарат бар. Оның ішінде дұрыс бағыт беретін пайдалы ақпаратпен қатар, адамның санасына кері әсер етуі мүмкін мәліметтер де кездеседі.
Діннің тәрбиелік мәнін дұрыс түсінген жас өзгені құрметтеуді, ата-анасын қадірлеуді, еліне қызмет жасауды үйренеді.
Дәстүр – халықтың тәрбиелік мектебі
Қазақ халқының салт-дәстүрі – ата-бабамыздың өмір тәжірибесінен қалыптасқан үлкен тәрбие мектебі.
Бесікке салу, шілдехана, тұсаукесер, бата беру, сүндет той, ат қою, асар, көрімдік, сүйінші сұрау, үлкенге сәлем беру сияқты дәстүрлердің әрқайсысының өзіндік тәрбиелік мәні бар.
Мысалы, бесікке салу дәстүрі халқымыздың бала тәрбиесіне ерте кезден ерекше мән бергенін көрсетеді. Бесік жыры арқылы ана баласына ақ тілегін арнаған. Бала бесікте жатып-ақ анасының мейірімін сезініп өскен.
Тұсаукесер дәстүрінде баланың алғашқы қадамына ақ жол тіленеді. Баланың аяғына ала жіп байлап, оны елге сыйлы, жүрісі шапшаң, ісі өнегелі адамға кестірген. Мұндағы мақсат – баланың өмір жолы ашық, қадамы нық болсын деген жақсы ниет.
Бата беру – қазақ тәрбиесіндегі ерекше дәстүрлердің бірі. Үлкеннің батасын алу халық арасында үлкен мәртебе саналған. Бата арқылы үлкендер жастарға ақ тілегін айтып, жақсы жолға бағыт берген.
«Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» деген мақалдың өзі батаның халық өміріндегі маңызын көрсетеді.
Ал асар дәстүрі халқымыздың бірлігін көрсетеді. Бір отбасының қолынан келмейтін ауыр жұмысты ауыл болып бірігіп атқару – өзара көмек пен ұйымшылдықтың көрінісі.
Бүгінгі қоғамда асар дәстүрін жаңғыртудың маңызы зор. Қоғамдық жұмыстарға бірігіп қатысу, ауыл тазалығына атсалысу, қарт адамдарға көмек көрсету, қайырымдылық жасау – асардың қазіргі заманғы көріністері деуге болады.
Отбасы – ұлттық тәрбиенің алтын бесігі
Ұлт тәрбиесі ең алдымен отбасынан басталады. Бала өзінің алғашқы сөзін де, алғашқы әдетін де, алғашқы мінез-құлқын да отбасынан үйренеді.
Ата-ананың бір-бірімен қарым-қатынасы, үлкендерге деген сыйластығы, үйдегі тәртіп пен мәдениет – баланың тәрбиесіне тікелей әсер етеді.
Қазақ халқы отбасында әке – отбасының тірегі, ана – шаңырақтың берекесі деп бағаланған. Балалар ата-ананың еңбегін көріп, жауапкершілікті үйренген.
Балаға телефонды алып қойып, «кітап оқы» деу жеткіліксіз. Оған ата-ананың өзі үлгі болуы керек. Үйде кітап оқылса, бала да кітапқа қызығады. Үлкендер бір-бірін сыйласа, бала да сыйластықты үйренеді.
Отбасында ұлттық дәстүрлерді сақтау да маңызды. Күнделікті өмірде ұлттық тағам дайындау, үлкендерден бата алу, ата-әженің әңгімесін тыңдау, жеті атаны білу, ұлттық ойындармен танысу – баланың ұлттық санасын қалыптастырады.
Отбасымыздағы дін мен тәрбиенің үндестігі
Дін мен дәстүрдің адам тәрбиесіндегі маңызын өз отбасымның өмірінен де анық көруге болады. Жолдасым намаз оқиды. Ол дінді тек құлшылық тұрғысынан ғана қарастырмай, оның адамды адалдыққа, мейірімділікке, сабырлылыққа, үлкенді құрметтеуге тәрбиелейтінін үнемі балаларымызға айтып отырады.
Отағасы балаларымызға жақсы мен жаманды ажырата білуді, біреуге қиянат жасамауды, адал болуды, үлкенге құрмет көрсету керектігін үнемі түсіндіреді. Ең бастысы – өзі де осы айтқан сөздеріне ісімен үлгі болып келеді.
Балаларымыз әкесінің намаз оқығанын көріп өсті. Балиғат жасына толған екі ұлым да әкесінің артынан еріп, намаз оқуды үйренді. Қазір екеуі де намазды толыққанды үйреніп алды.
Жұма күні әкесімен бірге мешітке кетіп бара жатқан ұлдарымды көрген сайын жүрегім ерекше толқиды. Ана жүрегіне бұл көріністің әсері бөлек екен. Балаларымның әкесіне еріп, жақсы жолды таңдауға талпынып жүргенін көргенде, жүрегімді қуаныш пен мақтаныш сезімі кернейді.
Сол сәттерде ішімнен: «Біз балаларымызға дұрыс бағыт беріп, дұрыс тәрбие үйретіп келе жатқан екенбіз ғой» деген ой келеді. Жүрегім атқақтап, ерекше толқитын сәттерімнің бірі – осы.
Мен үшін ұлдарымның мешітке барғаны – жай ғана бір әрекет емес. Бұл – олардың әкесінен жақсы үлгі алып, жүректеріне имандылық, адалдық, жауапкершілік секілді қасиеттерді сіңіріп келе жатқанының белгісі.
Ана үшін баласының жақсы жолда жүргенін көруден асқан қуаныш бар ма?!
Балаға «адал бол», «үлкенді сыйла», «мейірімді бол» деп айту бір бөлек те, сол қасиеттерді өз ісіңмен көрсету бір бөлек. Менің жолдасым балаларымызға дінді сөзбен түсіндіріп қана қоймай, күнделікті өмірімен де үлгі көрсетіп келеді.
Осыдан мен бір нәрсені түсіндім: бала тәрбиесіндегі ең үлкен мектеп – ата-ананың өз үлгісі.
Бала ата-анасының айтқанынан бұрын жасаған ісіне қарайды. Әкесі намазын оқып, отбасына қамқор болып, адалдық пен мейірімділікті насихаттап отырса, бала да сол әрекеттерді бойына сіңіреді.
Бүгінде ұлдарымның әкесімен бірге мешітке қарай бет алып бара жатқанын көрген сайын осы тәрбиеге шүкіршілік етемін. Бұл – біздің отбасымыз үшін үлкен қуаныш.
Сөзімнің айнымас айғағы ретінде үлкен ұлым Әбунасыр Бақытжанұлыныңорындауындағы жас ақын Б. Ерсіннің «Тәубе» атты өлеңіне бейнебаянтүсірген болатынбыз. Осы жерге QR-кодын қалдырдым.
Бұл өлеңді таңдаудағы мақсатымыз — тыңдаған жанды шошындыру немесе діндар болуға үндеу емес. Негізгі мақсатымыз — өмірде бардың қадірін бағалай алмай, қолындағының мәнін түсінбей жүрген жандардың жүрегіне,баланың жан дүниесімен оқыған өлеңі арқылы ой салу. Адамды бар нәрсесін бағалауға, уақыттың, жақындарының және өмірдің қадірін түсінуге жетелеп, аз да болса санасына сілкініс, жүрегіне ой салу.
Қазіргі жастар және ұлттық құндылық
Қазіргі жастардың өмірінде әлеуметтік желілердің орны ерекше. Интернет – үлкен мүмкіндік. Бірақ ақпаратты талғаммен қабылдау қажет.
Жас буын өзге мәдениетті білуі мүмкін, шетел тілдерін үйренуі мүмкін, әлемдік жаңалықтарға қызығуы мүмкін. Бұл оның дамуына кедергі емес. Ең бастысы – өз тілін, тарихын, мәдениетін және ұлттық құндылықтарын ұмытпау.
Ұлттық тәрбие жастардың заманауи болуына қарсы емес. Керісінше, ұлттық құндылықтарын жақсы білетін жас өзінің кім екенін терең түсінеді.
Қазақ әдебиетін оқу, ұлттық музыканы тыңдау, домбыра тарту, дәстүрлі өнерге қызығу, тарихи тұлғалардың өмірін зерттеу, салт-дәстүрдің мәнін білу – адамның рухани дүниесін байытады.
Жастарға ұлттық құндылықтарды қызықты түрде таныстыру маңызды. Мәдени кештер, пікірталастар, әдеби кездесулер, көрмелер, ұлттық ойындар, шығармашылық байқаулар арқылы жастардың қызығушылығын арттыруға болады деп есептеймін.
Мәдениет ошағының тәрбиелік қызметі
Ұлттық құндылықтарды насихаттауда мәдениет үйлерінің орны ерекше. Мәдениет ошағы – халықтың өнерін, әдебиетін, салт-дәстүрін тоғыстыратын рухани орта.
Мәдениет ошақтарындағы жұмыстардың негізгі мақсаты – тек іс-шара өткізу емес, оның тәрбиелік мазмұнын халыққа жеткізу.
Әсіресе балалар мен жастардың мәдениет үйіндегі үйірмелерге қатысуы олардың шығармашылық қабілетін дамытып қана қоймай, жауапкершілікке, тәртіпке, ізденіске және өнерді бағалауға үйретеді.
Әдеби бағыттағы үйірмелерде балалар қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын оқып, мәнерлеп сөйлеуге, көркем мәтінді түсінуге, сахнада өзін ұстауға үйренеді. Мұның өзі ұлттық әдебиетті жас ұрпаққа жеткізудің бір жолы.
Өнер арқылы тәрбие беру – жүрекке жол табудың тиімді тәсілі.
«Адал адам» – тәрбиенің басты өлшемі
Қазіргі қоғамда адалдықтың маңызы ерекше. Адал адам – өзіне де, өзгеге де жауапкершілікпен қарайтын адам.
Адалдық бір күнде қалыптаспайды. Ол бала кезден бастап тәрбиеленеді. Үйдегі тәртіптен, мектептегі жауапкершіліктен, достар арасындағы қарым-қатынастан, еңбекке деген көзқарастан көрінеді.
«Адал адам» ұғымын жас ұрпаққа түсіндіру кезінде нақты әрекеттерге мән берген жөн. Қоғамдық жұмысқа қатысу, тазалық сақтау, үлкенге көмектесу, табиғатты қорғау, өз міндетін уақытында орындау – адалдық пен жауапкершіліктің қарапайым көріністері.
Адал адам өз пайдасын ғана ойламайды. Ол айналасына пайда келтіруге тырысады.
Осы қасиеттерді қалыптастыруда мәдени-тәрбие жұмыстарының да орны бар. Жастарды еріктілікке, қоғамдық жұмыстарға, шығармашылық жобаларға тарту арқылы олардың бойындағы белсенділік пен жауапкершілікті арттыруға болады.
Дәстүрді жаңғырту – өткенге оралу емес
Кейде дәстүрді сақтау дегенді тек бұрынғы салттарды қайталау деп түсінеміз. Шын мәнінде, дәстүрді сақтау – оның тәрбиелік мәнін қазіргі заманға сай жалғастыру.
Бұрын асар арқылы ауыл адамдары бір-біріне көмектессе, бүгінгі күні жастар қоғамдық жұмыстарға ерікті ретінде қатыса алады.
Бұрын үлкендер жастарға әңгіме айтып, өнеге көрсетсе, қазіргі таңда аға буынмен кездесулер, сұхбаттар, тағылымды кештер өткізуге болады.
Бұрын ұлттық өнер ауыл арасында кең тараса, бүгінгі күні мәдениет үйлері мен шығармашылық үйірмелер арқылы оны жас ұрпаққа үйретуге мүмкіндік бар.
Яғни дәстүрдің сыртқы көрінісі өзгеруі мүмкін, бірақ оның негізгі тәрбиелік мәні сақталуы тиіс.
Дін мен дәстүрдің сабақтастығы
Дін мен дәстүрдің ортақ тұстары көп. Ата-ананы сыйлау, үлкенге құрмет көрсету, көршімен тату болу, мұқтаж жанға көмектесу, адал еңбек ету, өтіріктен аулақ болу сияқты құндылықтар әрі діни, әрі ұлттық тәрбиеде жоғары бағаланады.
Дегенмен дін мен дәстүрді бір ұғым деп қабылдауға болмайды. Дін – сенімге негізделген рухани құндылық, ал дәстүр – белгілі бір халықтың тарихи және мәдени тәжірибесі.
Сондықтан жастарға осы екі ұғымды дұрыс түсіндіру маңызды. Діннің де, дәстүрдің де адамды жақсылыққа, татулыққа, ізгілікке бағыттайтын тұстарын насихаттауымыз керек.
Ұлттың рухани дамуы үшін діни сауаттылық пен ұлттық тәрбиенің қатар жүруі маңызды деп есептеймін.
Қорытынды
Дін мен дәстүр – адамды адамгершілікке, адалдыққа, мейірімділікке, үлкенді сыйлауға және кішіге қамқор болуға тәрбиелейді.
Қазақ халқы ғасырлар бойы ұрпағына осы қасиеттерді салт-дәстүр, мақал-мәтел, бата, өнеге, өнер және отбасы тәрбиесі арқылы жеткізіп отырған.
Бүгінгі міндет – сол асыл құндылықтарды заман талабына сай жаңғыртып, жас ұрпаққа түсінікті тілмен жеткізу.
Ұлттық тәрбие тек мерекелік іс-шараларда айтылатын сөз болып қалмауы керек. Ол отбасының күнделікті өмірінен, мектептегі тәрбиеден, мәдениет ошағындағы жұмыстардан және әр азаматтың ісінен көрінуі тиіс.
Мен ана ретінде балаларымның әкесіне еріп, мешітке қарай бет алғанын көрген сайын бір нәрсеге көз жеткіземін: балаға берілген дұрыс тәрбие – оның өмірлік жолына салынған ең берік негіз. Ата-ананың жақсы үлгісі баланың жүрегінде із қалдырады.
Бүгінгі бала – ертеңгі азамат. Оның бойында имандылық пен адамгершілік, білім мен еңбекқорлық, ұлттық сана мен отансүйгіштік қатар қалыптасса, елдің де келешегі кемел болмақ.
Сондықтан дінін дұрыс түсінген, дәстүрін құрметтеген, тілін ардақтаған, тарихын білген, елін сүйген және адал еңбек ететін ұрпақ тәрбиелеу – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Автор: Айман Күмісбекқызы
Шалқия кенті




