№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Үнемшілдік ырыс–ысырапшылдық шығыс

Үнемшілдік ырыс–ысырапшылдық шығыс

Жақында құрбымның анасы өмірден озып, рухани демеу болу үшін бірнеше күн жанында болдық. Ағайын-туыс, көрші-қолаң, дос-жаран барлығы да азалы үйге жиналып, кешкісін ет асылып, дастарқан жайылды. Қонақасын беріп, жыртыс жыртып, кәдімгідей кәде жасалды. Ертесіне түсте анасын жер қойнына табыстап, өлік шығаршықпас 2 қазан палау берілді. Кешкісін алыс-жақын ағайынға тағы да ет ұсынды. Сонда байқағаным, барлық салмақ азалы үйдің өзіне түсті. Айтпағым, осы біз «қонақасы» мен «жаназаның» мәні мен мағынасын дұрыс түсінбей, қара жамылған шаңыраққа жөнсіз салмақ салып жүрміз-ау...
Жә-жарайды, дастарқан жайылды, ас берілді. Бірақ, әлі анасы жер қойнауына тапсырылған жоқ. Құран оқылып, дұға бағышталмады. Үстел басында бос ой, даурықпа сөз, алып-қашпа әңгіме айтып отырғандар көп. Кішісі де, үлкені де түрлі тақырыпта ой қозғап, тіпті елдік тұрғыдағы мәселелерді ортаға салып, бірбірімен сөз таластырып, қызметкерлер сынды сөз саптайды. Осылайша құрбым бауырларымен бірігіп, екі жылқының етін екі асқа арнады. Әлбетте анасынан ешкім ештеңе аямайды. Осы ретте мені іштей бір ой мазалады. Жақсы, бұл үйдің жағдайы жақсы, анасын арулап шығарып салуға шамасы жетті. Бірақ елдің барлығының әлеуметтік жағдайы бірдей емес қой. Мәселе осында. Жалпы «қонақасы», «бишембілік», «қырық күндік», «жүз күндік» деген не, қайдан, қалай келген жоралғы? Діни мәнмаңызы бар ма? Білуімізше, қазалы үйдің ағайынтуысы мен құда-жекжаты жиналып, мәслихат құрып, жерлеу рәсімі мен ас беруді өткізу туралы ақылдасады. Осы сәтте қонақтарға қазан көтеріліп, ас беріледі.
Міне, «қонақасы» дегеніміз нақ осы. Ертеректе атпен бірнеше түндік жерден келген ағайын марқұмның жетісін өткізіп қайтатын. Осындай қонақтарға берілетін асты «қонақасы» дейді. Бірақ қазіргі уақытта ұзақ жолдан келмесе де, сол жердегі таныс-тамырдың барлығы жүре береді. Ертеректе бабалар салтында қазалы үйдің қазаны үш күнге дейін төңкеріліп, ошақтағы оты сөндіріліп тұратын деседі. Тек ет жақыны мен қоңсылары ғана тамақ дайындайтын. Мұны аудандағы көнекөз қариялардан естіген едік. Ал, бүгінде марқұмға арнап ас беру бәсекеге айналды. Жаназа мен жерлеу рәсіміндегі ысырапшылдық қалыпты жағдайға айналды. Құдайы ас пен той дастарқанының еш айырмашылығы жоқ. Асыл дініміз Исламның кеңінен насихатталуына үлесін қосқан дін ғұламалары мен ишандар шыққан Жаңақорған жерінде жаназа мен жерлеу рәсіміндегі шариғатқа қайшы амалдарға тоқтам бола ма? Аста-төк астың обалы кімге?
Осы тақырып төңірегінде Сайдулла қажы Сүнетуллаұлының ойын білген едік.
– Бұл мәселені алқалы жиындарда, ел арасында көтеріп жүргенімізге біршама жыл болды. Бар мақсатымыз – қуаныш пен қазаның арасын ажыратып, ысырапшылдыққа жол бермеу. Әрі жаназа мен жерлеу рәсіміндегі шариғатқа қайшы амалдарға тоқтам айту. Қысқасы, діни рәсімдердің озығын дәріптеп, тозығын тастау. Себебі, дін мен дәстүрге еш қиыспайтын дүдамал амалдар дендеп барады. Әрине, өмір болғаннан кейін өлімнің де болатыны ақиқат. Негізі марқұмның отбасына көршілерінің тамақ дайындап беруі сүннет амал. Бірде Пайғамбарымызға (с.а.с): «Жағфар (р.а) қайтыс болды» деген хабар келгенде: «Жағфардың үйіне тамақ апарыңдар. Оның жанұясы шұғылданатын іс болып қалды (жаназа істері мен уайым, қайғы) – деп, өзгелердің ол қайғы болып жатқан үйге тамақ апаруын үндеген болатын. Басқа бір хадисінде қазалы үйде үш күнге дейін тамақ ішуден қайтарған. Мұның барлығынан қайғырып отырған үйге күш түспеуі үшін тыйған болатын. Сондықтан да қаралы үйдің тұрмысы ауыр немесе біреулерге қарызы болса, олардың одан сайын қарызға батып, ас беруі дұрыс емес. Ол шаңырақтан ас шығартпау керек. Тағамды ет жақын туысқандары мен көршілерінің үйінде жасауына болады. Жақынынан айырылған жаралы жанды базар жағалатып қою мұсылмандыққа жат, – деп ел ағасы көкейдегі сауалға нақты жауап берді.
Дұрыс айтады, шариғатта «жеңілдетіңдер, ауырлатпаңдар, сүйіншілеңдер, қорқытпаңдар!» деген бар. Аста-төк ас беру осы қағидаға қайшы келеді. Әдетғұрыптар мен рәсімдер реттелмесе, жыл өткен сайын бұл әлеуметтік қиындық туғызып, қоғамдық тепе-теңдікті бұзуы әбден мүмкін. Сонымен қатар, қуаныштың да қайғының да дастарқаны бірдей екенін алға тартты.
– Жасыратыны жоқ, күнделікті көріп жүргеніміздей, той мен құдайы астың дастарқанында еш айырмашылық жоқ. Мұны ел болып қолға алса, тәртіпке келтіруге болады. Бұған дейінде ауылаймақтағы имамдар халық арасында осы игі бастама жайлы уағыз айтылып келді. Әлі де айтыла береді. Жақында тағы да ауыл имамдарының басын қосып, осы тақырып аясында нәтижелі жұмыс жасауға уағдаласамыз. Оған қоса, ақпанның 20-күні «Ордакент» үйінде ауыл-аймақтағы ел ағалары мен әкімдерін, зиялы қауым өкілдерінің басын қосып, бәтуәлі жиын өткізу жоспарда бар. Айтарым бар, ұтымды ұсынысым бар деген жамағат келіп қатысуына әбден болады.
Десе де, халыққа сөзі өтімді, бірауыз сөзге тоқтайтын төбе билер қажет қоғамға. Имамға қолдау көрсетуі қажет. Біріккен істе береке барын әсте ұмытуға болмайды. Қоғам болып жұмылсақ, шешілмейтін түйін жоқ. Жалпы, асыл дініміз Ислам астатөк астың ысырапшылдығын құптамайды. Керісінше, бай-бағланның қолында барын беріп, қиналған қауымның қайғысын бөлісуге үндейді. Десе де, көрпеге қарап көсілуді ұят санайтын қазіргі қоғамда қанағатшылдықтан гөрі, бәсекелестік басым, – дейді қажы.
Осы ретте, айта кетейік бізбен шекаралас өзбек, дүнген, ұйғыр және тағы басқалары кісісі қаза болғанда үш күнге дейін қазан көтеріп, ас пісірмейді. Ас берген жағдайда ысырапшылдыққа жол бермейді. Қонақасы деген оларда мүлдем жоқ. Сырттан келгендерге көршілері дастарқан жайып, ас-су береді. Ал бізде қаза болған үйдің ауыртпалығын бөлісудің, уайымын көтерудің орнына оларды әлек-сарсаңға салып, мал сойғызып, базарға жүгіртіп қоятынымыз көңілге қаяу салады. Иә, біз аштықты көрген жоқпыз. Бейбіт өмірде ішкеніміз алдымызда, ішпегеніміз артымызда, ешкімге алақан жайып, жалтақтамадық. Бірақ атаәжелерімізден сұрапыл ашаршылық, нәубет жылдар туралы жиі естігеннен болар, бір үзім нанның қадірін біліп өстік. Үлкендерден асты ысырап етпеуді, оны құрметтеуді үйрендік. Әйтсе де, кейінгі кездері көпшілік ысырапшылдыққа жиі бой алдыратын болды. Оны, тіпті, ұлттық әдетке айналып бара жатыр десек де болады. Той-томалақ, ісшара өткізгенде бай, кедей екендігіне қарамастан, барынша шашылу, ас та төк ысырапшылдыққа жол беру басымдық алып барады.
ТҮЙІН. Алланың берген несіберизығын сауапты істерге жұмсап, астамшылыққа ұрынбау маңызды міндет. Жаратушының несібесін астатөкке жұмсалса, тоқшылықтан кейін таршылықтың келетіні ақиқат. Осыны түсінген зерде-зейіні ояу азаматтар ауданның бас имамының пәтуасын ұстануға уағдаласты. Енді уәделерінде тұрып, Құдай ас жарысын тоқтатса игі. Өйткені ысырапшылдық – исламға жат нәрсе.

Әсел РЗАЕВА
23 наурыз 2024 ж. 295 0