Құрылтай

№62 (8976) 18

18 тамыз 2026 ж.

№61 (8975) 15

15 тамыз 2026 ж.

№60 (8974) 11

11 тамыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31 
» » АТ БАСЫНДАЙ АЛТЫННАН ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТАСЫ АРТЫҚ

АТ БАСЫНДАЙ АЛТЫННАН ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТАСЫ АРТЫҚ


Күн сайын кемелдене түскен туған жердің әсем келбетінен келешекке кемел жоспар түзген тұлғалы азаматтардың аялы алақан табы мен ыстық жүрегінің шуағын көргендей боласың. Осындай тұлғалар қатарында жетпіс жастың желкеніне жеті өнерге жел бітірген қалпынан танбай жеткен ел ағасы Үмбет Әбибуллаұлының есімі оқшау тұр деп айта аламыз.

Қаратау мен Сырдарияның арасын жалғаған кең жазықты қоныс етіп, жаз жайлау, қыс қыстау көшіп-қонған малшының отбасында дүниеге келген сәбиге ата-ана өздері отырған «Үмбет» түбегінің атын беріпті. Титтейінен кең дала, сұлу табиғатпен тел өскен қарадомалақтың қиялы ұшқыр, көзі қырағы, көңілі зерек болып ер жетуі кіндік қаны тамған жерге осыншалықты байлануынан да шығар.

Ата-баба шежіресіне ой жіберсе, қазақтың басына түскен сан нәубеттің қасіретінен қапысын тауып, тар жол, тайғақ кешулерден құдайдың құдіретімен ғана үзілмей қалған үміттің шоғын үрлегендей болады. Аз ғана шегініс жасасақ, аталары Асанбек «бай, құлақ» деп қудаланған. Малы кәмпескеленіп, отырған үйі мектепке айналған. Қазіргі Талап ауылындағы №54 мек­тептің түп тарихында бұл дерек қаттаулы тұр. Ашаршылықта анасынан да айрылған жасөспірім ұл мен қыз қол ұстасып, пойызға мініп Өзбекстан жерін бетке алыпты.
«Өлмегенге өлі балық» қазақ ауылдары қоныстанған мекенге тап келіп, жергілікті жұртшылықпен бірге тіршілік өрмегіне қол артыпты. Денесі мығым, еті тірі жігіт милицияға жұмысқа қабылданып, 1939 жылы әскер қатарына алынып фин соғысына жіберіледі. Одан соң немістермен шайқаста Волхово бағытында Щодово селосында қар төсеніп, мұз жастанды. Соғыстағы ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденін беру туралы бұйрық шығады. Соғыстың үшінші жылында қоршауда қалып, немістің тұтқынында азап күндерді бастан өткереді. Елге 1946 жылы бір-ақ оралған екен. Бой жетіп тұрмыс құрған қарындасы балалы-шағалы болып, сол жақтағы ағайындарымен бірге алпыс жетінші жылдары жаңадан құрылған мына іргеміздегі Задария кеңшарына орнығып, өркенін кеңге жайды. Осы апамыздың екі бірдей қызы ауыл мектебінде орыс тілінен сабақ беріп, бүгінде зейнеттік демалысқа шығыпты.

Әбибулла ағамыз елге есен-аман оралғаннан кейін Хадиша анамызбен бас қосып, Орынбасар, Әбжан, Үмбет, Дәулет, Алтынбек деген перзенттер келді дүниеге.
Хадиша Ғұбайдуллақызы ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында қазақтың ұлт-азаттық көтерілісінің же­текшісі болған Сырым Датұлының төртінші ұрпағы. Бірақ кеңес өкіметінен сескеніп бұл туралы жан адамға тіс жарып айтпаған. Әйтсе де ана бойындағы қайсарлық, төзімділік, өз-өзіне сенімділік, ең бастысы аманатқа шық жұқтырмас әділдігі ұрпағының бойына кеп ұя салғандай. Қарапайым ғұмыр кешсе де кісілігіне мін жуытпаған әкелері де ақиқаттың ақ туын тік көтеріп өтті. Бұл екі азаматтан өрбіген бес перзент те бірі ұстаз, бірі ауыл шаруашылығы маманы, бірі ғалым, бірі кәсіпкер, бірақ барлығының ортақ ұстанымы – адалдық деп аталар қастерлі қағиданы биік қоя білгеніне бірге жүрген замандастары куә десек жаңылмаймыз.
Аталары Асанбек бес саусағынан өнер тамған шеберлігімен танылыпты. Оның ұлы Әбибулла да ісмер тігінші болған. Тұтқынға түскенінде бәлкім осы өнерімен тірі қалды. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз Үмбет бала күнінен сурет салуға қатты қызығыпты. Мектепті бітірген соң КазПИ-дің қөркем сурет-графика факультетіне оқуға түсіп, ауданда бірінші рет осы мамандықтың дипломын алып келді. Бұған дейін Жаңақорған ауданында суреттен математика немесе сызу пәнінің мұғалімдері дәріс берген екен.
Үмбетті сол кездегі заврайоно Анарбек Асанов мектепке емес, аудан орталығындағы кәсіптік училище­ге мұғалім етіп жібереді. 78 – жылдардың кезі. Аудандық атқару комитеті төрағасы Сарыбаев суретші іздетіп жатыр екен. Училище директоры Мақсат Ибрагимовке жас суретшіні ертіп келуге тапсырма келеді.
Бұлар келіп залға жайғасқанда бірінші қатарда совхоз директорлары отыр екен. Облыс орталығына жәрмеңкеге жүз жүк көлікпен астық өнімдері жөнел­тілмек. Бірақ аудан орын ала алмай келеді екен. Апарған дүниеңді жарқыратып көрсету жағы ақсап, содан да көштің соңында қалу өкінішті. Сондықтан жәрмеңке көрінісін көркемдейтін озық ой, идея қажет. Аудандағы танымал художник, жалғыз орыс мектебінің мұғалімі Афрайл трибунаға қағазын қойып эскизін үлкен тақтаға сызып көрсетті. Осы сәт жас маманның ортаға шығып өзінің жобасын ұсынуы жұртты тосырқатып тастады. Дегенмен Үмбеттің теориялық жағынан жаңаша жобасы көптің көңілінен шықты. Айтқанындай, аудан сол жолы үздік орыннан танылып оралды. Бұл жағдай жас суретшінің беделін бірден көтеріп тастады. Осыдан бастап аудандағы барлық мекеме-ұжымдардың безендіру жұмыстарында, науқандық шараларда, мерекелік салтанаттарда Үмбеттің қолтаңбасы ай­шықталып қалды. Бұл еңбек жолдары өнер адамының сан қырлы талантымен қоғамның имиджін көтеру бір бөлек, ауданның экономикасын ілгерілетуге, өндірісін өрге бастыруға да зор үлес қосқанын айғақтайды.
Нақ осы кезеңде ауданға тұңғыш дипломды архитектор маман Файзулла Ягмусов жұмысқа келді. Қос талантты маманның Жаңақорғанның архитектура­лық сәулетін өркениеттік талғамда қалыптастырудағы төккен терінің жемісі күні бүгінге дейін әжетке жарап, кәсіби әлеуетімен көпті мойындатып келе жатқанын айтуға тиіспіз.
Қазірде екеуі де зейнеттік демалыста, бұл саладан қол үзгелі көп болды, бірақ тасқа таңбаланған тарих ұрпақ игілігіне жарап, ұлағатымен ұлтына қызмет ете беретінінің бұл бір көрінісі болса керек.
Үмбет Әбибуллаұлы техучилищенің мұғалімі, одан соң директорының орынбасары болып қырық жылға жуық қызмет атқарыпты. Бұл кісінің бойындағы таланты мен қабілетін жарқыратып көрсетуге мүмкіндік алған кезі 2013 жылдың күзінде «Талдысу» облыстық олимпиадалар орталығына директор болып барған кезі еді. Бұл жерде зейнетке шыққанға дейін, яғни 2019 жылдың қысына дейін қызмет атқарды. Бұл уақыт аралығы Қаратау өңірінде қоныс тепкен жасөспірімдердің демалыс жайын мүлде көріктендіріп, адам танымастай өзгертіп жіберуге толық мүмкіндік берген сәтті жылдар болды. Тынығу жайына қазынадан бөлінетін қаражатта өзгеріс жоқ, сол баяғыдай көлемде, бірақ жақсылықтың бәрі ақшаға келіп тіреліп тұрған жоқ, көңілдің ықыласы мен көптің ортақ мүддесне деген жанашырлықтың да тау қопарар құдіреті бар екенін ол осы кезеңде өз өмір жолымен дәлелдеді.
Ол ең алдымен көркейту-көгалдандыруға күш салды. 2013-тің күзінде 8 мың тал көшеттерін ектірді. Оның ішіне мың данасы таулы жерде жақсы өсетін қылқанжапырақты ағаштар еді.
Лагерь аумағында тамшылатып суару технологиясы орнатылыпты. Сол әдісен аптасына екі рет қана су ішіетін көк атаулының шөлі қанбай, қаталап, тырбиып бойын тіктеп кете алмай тұрғанын көңілімен сезді. Өйткені ол өзі атакәсбі – бағбандықты бес саусағындай білетін. Сондықтан барлық технологияны өз тәртібімен ұйымдастырып, еңбек өнімділігіне қол жеткізді. Көгалды тұрақты суару үшін мотор орналастырып, шлангаларды ауыстырды. Оған арнайы қаражат бөлінбегенмен үнемделген қаражат есебінен зәру мәселенің шешімін табуына бар тәжірибесін салды.
Бұл жер табиғаттың төл перзенті, қойнауынан бұлақ атқылап, айналасын тау-тас көмкерген тарихи мекен еді. Бұл жерде таста жазылған әрбір өрнек пен таңба бабалар өмірінен сыр тұнып тұрған шежіре сынды. Соны жасөспірмдер жүрегіне еге білуде қара тасқа да тіл бітіре білу керек. Бұл ретте оған өзінің ұлы, елімізге белгілі мүсінші Ғазиз көп көмегін берді. Оның тастан құйған ескерткіштері – Қорқыттың бейнесі, қолындағы қобызы өзіндік баянымен қоңыр ойға жетелесе, қазақтың ұлттық жәдігерлері – түз тағысы мен арқардың, аққұтанның мүсінін кескіндеп лагерьдің қақ ортасына әкеп қоюы жасөспірімдер мекенінің эстетикалық көрінісін арттырып, адам мен табиғаттың жарастықты өмірінің символындай көрген көзге сәулелі жылылықты тарту етті. Айналадағы елді мекендерді аралап, қолдарында сақталған тарихи жәдігерлерді жинап, ұлттық нақышта безендіріп, ашық аспан астындағы музей ұйымдастыруы да мәдениеттің сан түрі тоғысқан орталықтың интеллектуалды имиджін арттырып, мазмұнын байыта түсті. Нақ сол жылдары «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы қолға алынған кез. Ауданға әкім болып келген Руслан Рүстемұлы мемлекеттік бағдарламаны іске асыруда мықты жобаларды тайсалмай қолға алып, ұлттық құндылықтарды болмысына сіңіріп, тілсіз баяндап тұрған кешенді композицияны шебер қиюластыра білген Үмбет Әбибуллаевтың «Жаңақорған ауданының құрметті азаматы» атағын иеленуін шын пейілімен қолдады.
Үмбет аға зейнеттік демалысқа шыққан соң да қолы бос, қарап отыруды жөн көрмеді. Ол өзі тұратын көше комитетінің төрағасы ретінде көше тұрғындарын ұйымдастырып, тал-терек өсіруде ауданда алдыңғы орында келеді. Сонымен қатар көше тазалығы мәселесіне көп көңіл бөліп, тізімде тұрған әрбір үйге жеке бас сұғып, тазалық мәдениетін насихаттаудан жалыққан емес.
Жаңа айттық қой, бойында жеті өнерді тоғыстырған аға бағбандық кәсіпті кемеліне келтіру үшін бар ықыласымен іске кірісті. Аудан орталығында есік алды бау-бақшасына израйлдік тамшылатып суару технологиясын қолданатын бірден-бір кісі өзі болса керек. Ол бұл жолда ғылыми ізденістерге барып, ағаштарды түр-түрге бөліп, суару, кесу жұмыстарымен өзі айналысады екен.
Үш жыл бұрын ауданымызда ірге жайған Алма бағына агроном қажет болып, екі жеңді сыбанып кіріскен ағамыз Қыраш ауылында қып-қызыл алма өсіріп атағы біраз жерге дейін дүрілдеді. Ол өзі бұл кәсібі туралы былай дейді:
«Жаңа технологиямен жұмысын бастаған алма бағының тыныс-тіршілігі негізнен түрік қандас­тары­мыздың ғылыми әлеуетімен бой көтерді. Сон­дықтан тәжірибе алмасу бағытында біз де Түркияға сан мәрте бардық. Көшеттерді сол жақтан әкелдік. Оны өз жерімізге жерсіндіріп, керемет мол өнім алдық. Негізінде бағбандық жөнінен түріктерден озатын ел жоқ екен. Осында тер төгіп жүріп көп нәрсені көңілге түйдім. Біздің жақта ағаш отырғызу, кесу, баптау, суару жұмыстарында қателік көп екенін мойындадым. Өнімділіктің төмен болатыны осыдан ғой. Ендігі жерде алған тәжірибемді кеңінен жастарға үйретіп үлгерсем деймін.
Мәселен ағашты қырқудың 20 шақты тәсілі бар. Бұтақтар бір-біріне ішке қарай өспеуі, бәрі жарыспай біреуі лидер болу керек. Әр сабақтағы қатардың өз лидері болу керек. Бұтақтарды сол тәсілмен кесу керек, – дейді ол.
Биыл жетпіс жасқа толатын ел ағасының шығар­машылық бағытта да көп еңбектеніп, көркем әңгімелерін әлеуметтік желіге жариялап келе жатқанын білеміз. Ал шынайы өмірден алынған «Ақ жүгері» туындысы театр сахнасында қойылып, көрерменнің жоғары бағасын алған болатын. Сонымен қатар ол биыл Қазақстан Журналистер одағының мүшелігіне қабылданды. Алдағы мақсатыңыз қандай деген саулымызға ол кісі былай деп жауап берді:
– Алдағы мақсатым – шығармашылығымды жал­ғастыра берсем деймін.
Қоғамды адамгершілікке, ізгілікке тәрбиелеуде өнерден асқан құдырет жоқ. Сондықтан бойымдағы барымды жарқын болашаққа арнағым келеді.
Мақсатыңызға жетіңіз, аға. Біздің тілек осы.

Баян Үсейінова

21 тамыз 2026 ж. 41 0