№70 (8984) 15

15 қыркүйек 2026 ж.

№69 (8983) 12

12 қыркүйек 2026 ж.

№68 (8982) 8

08 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » ТЕЛЕФОН БІЗДІ БАСҚАРМАСЫН

ТЕЛЕФОН БІЗДІ БАСҚАРМАСЫН


Бұл екі сурет екі түрлі форматта салынымен, екеуі де «адамдардың назары да, ойы да телефонда» деген мағынаны береді. Яғни адам телефонды басқарып отырған жоқ, керісінше, телефон адамды басқарып барады. Олардың артында кітап оқып, сурет салып отырған роботтар тұр.

Кеше достармен тағы бас қостық. Сенбі-жексенбі күндерін айтып отырмын. Үш айдан бері бір дастархан басында жиналудың реті келмей, бір-бірімізді қатты сағынып қалыппыз.

Әңгіме айтылды. Ортақ тақырыптар талқыланды. Жоспар құрылды. Ең жақсысы – достардың арасында бәрі шынайы. Қалжың да жарасады, өкпе-реніш те өз орнымен айтылады.

Бірақ осы кездесуде бір нәрсені анық түсіндік... Біз қазір жартылай шынайы, жартылай виртуалды өмір сүріп жүр екенбіз. Х буын өкілдері үшін толық виртуалды өмірге өтіп кету оңай емес. Жауапкершілік көп.

Альфа және Бета буынға жетатын ұл-қыздарымызды қалыптастыру міндеті тұр. Дегенмен кейінгі ұрпақтың виртуалды кеңістікке бізден әлдеқайда терең енетіні анық.

Себебі сенбі-жексенбі күндері балаларымызға тапсырма беріп, кітап оқытуға тырысамыз. Бірге отырғанда қолға кітап ұстайды, сәл бұрылсақ, телефонға қайта үңіледі. Олар үшін вертуалды кеңістік өмірдің өзі секілді.

Достармен кездесудің кереметін жоғарыда айттым. Алайда осы отырыста да әңгімеден сәл саңылау табылса, кейбіріміз телефонға үңіліп, TikTok ақтарып, қысқа видеолар көріп үлгердік. Бір сәтте дастархан басындағы әңгімеден гөрі экрандағы дүниелер қызығырақ көрінгендей әсер қалдырды.

Сонда: «біз бір-бірімізді сағынып, жүздесуге уақыт таппай жүріп, кездескен сәттің өзін экранға айырбастап алмай жүрміз бе?» деген ой келді. Технология бізді байланыстыруы керек еді. Бірақ кейде арамызға көрінбейтін қабырға болып тұратындай.

Ал мына суретке қарасаңыз, бір қарағанда бәрі үйреншікті көрінеді. Адамдар қолдарындағы телефонға телмірген. Бірі жүріп бара жатып экранға қарайды, бірі отырып алып виртуалды әлемге кіріп кеткен. Бұл – қазіргі өміріміздің айнасы іспетті.

Ортада отырған робот кітап оқып отыр. Жанында тағы бір робот сурет салып әлек.
Бұл жай ғана қызық көрініс емес. Бүгінгі қоғамға «технология адамды білімге жақындата ма, әлде оның назарын ұрлай ма?» деген сұрақ.

Телефон – ақпараттың шексіз қоймасы. Бірақ ақпараттың көп болуы білімнің көп болғанын білдірмейді. Кейде жаңалықты оқымай, тек тақырыбын көреміз. Кітапты ашпай, қысқаша мазмұнына қанағаттанамыз. Ойланудың орнына дайын жауап іздейміз.

Жасанды интеллект те күн сайын дамып келеді. Роботтар мәтін жазады, сурет салады, кітап оқиды, тіпті адаммен пікірталасқа түседі. Бірақ технологияның ақылды болуы – адамның ойлануын тоқтатуы керек деген сөз емес.

Керісінше, жаңа дәуірде оқу, іздену, талдау және өз бетінше ой қорыту бұрынғыдан да маңызды. Өйткені дайын жауапқа ғана сүйенген адам біртіндеп өз пікірінен, өз таңдауынан айырылуы мүмкін.

Сондықтан мәселе телефонды тастау немесе технологиядан бас тарту емес. Мәселе – технологияны кім басқаратынында. Телефон қолымызда болсын. Бірақ ойымыз телефонның ішінде қалып қоймасын. Ең бастысы – осы!

P.S. Ал ой-санасы телефонға байланып қалған достарымыздың кейде ортақ әңгімеден тыс қалып, назарын қасындағы адамдарға бұра алмай отырғанын байқадық. Бұл – үлкен қауіптің алғашқы белгісі ғана. Балаларымыздың назары қоғамдық өмірден алыстап, виртуалды кеңістікке толық ауып кетсе, нағыз катастрофа сол кезде басталады.

Нұрлат Байгенже
18 қыркүйек 2026 ж. 44 0