АЙНЫМАС АСЫЛ


Халқымыздың сан ғасырлық сынақта сағы сынбай, жаһандық даму жолына сапалы ұлт ретінде ен-таңба салуында қажырлы аналардың еңбегі бір төбе. Қай қоғамда да, қандай күн туса да ерге серік, сертке берік қалпынан танбай, ұрпағын ұлы сүрлеудің жолына салып, кеуделерге сөнбес мұраттың сәулесін жағып, жалғанның жарық күнін шуаққа бөлер ана мейірімінен артық не бар?


Адам өмірін көріктендіретін ең алдымен – кәсібі. Берекелі ғұмырдың негізін қалайтын ырзықы-несібенің көзі де ел тілегімен еселеніп, егесін бақытқа бөлейді. Мұны өз өмірлерімен дәлелдеп келе жатқан отбасылар аз емес. Солардың қатарында кент тұрғындары Қуандық Ысқақұлы мен Әсия Әмірбекқызының жарастықты ту еткен отбасылық одағын кім-кімге де үлгі ету артық болмас еді.
Бір-бірін жүрекпен ұғып, болашақ өмірге қол ұстасып бірге аттанған қос жастың арманы алғаш Әлімкөлде салып кірген екі бөлмелі құтханадан арна тартты. Айналаға жаңадан отау құрған отбасылар көшіп келе бастады. Сол кезден Жаңауыл атанған жаңа қонысты мекен еткен жас-кәріні бір ортаға тоқайластырған тағдырдың несібесіндей – Теріскен көлінің емдік шипалы қасиеті жергілікті халықты әлі де бір ортада ұйыстырып, еңбекпен қамтып отыр.
Әлімкөлге келін болып түскен Әсия алғаш еңбек жолын ері еңбек ететін Жаңақорған санаториясының асханасында бастады. Одан әрі мекеменің шаруашылық бикесі болып, көп жылдар сауықтыру орнының қажетті инвентарьлармен жабдықталуына жауапты болды.
Емдік-сауықтыру шараларының барлығы жұмысшы қызметкерлердің қолекі еңбегімен атқарылып, тіршілігі қыз-қыз қайнап жататын санаторияда ол кезде қазіргідей технологияның бірі де жоқ. Еңбеккерлер уақытпен санасу дегенді білмейді. Сол кездегі бейнеттің ауырлығы жөнінде бүгін айтып отырса ертегі сынды. Бірақ көзкөргендердің естелігі бізге аға ұрпақ арқалаған тауқыметті көз алдымызға айна-қатесіз елестетері анық.
Әсия апамен бірге еңбек еткені өз алдына, көп жылдар көрші тұрған Қайникен Байділдақызының айтқан әңгімесінен көп нәрсені көңілге түйдік.
– Сыр беткейдегі «Қазақбай» деген елдімекенде туылған Әсияның екі әке-шешесі болды. Олай дейтінім, туған әкесі оны перзенті жоқ ағайынының бауырына салған екен. Сондықтан бүлдіршін екі отбасы ортасында тел өсіпті.
Еркебұлан өскендігін қайдам, жас келін боп түскен күннен бастап бір отбасының тірлігін ұршықтай үйіріп кете барды. Аяқ-қолы жылдам, еті тірілігіне қоса мінезі де ашық-жарқын, бойынан есіп тұратын ерік-жігерімен айналасына шуақ шашып жүретін,- дейді ол кісі бізбен сұхбатында.
Әсия Әмірбекқызы қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, жергілікті округтен поселкелік кеңеске депутат болып сайланады. Халық қалаулысы ретінде екі шақырылымда мандат мінберінен табылып, ел ішіндегі өзекті мәселелердің оңтайлы шешілуіне бар күш-жігерін салды. Оның ішінде әсіресе ауызсу мәселесі, өз аймағындағы жеткіншектер білім алатын оқу ордасының санитарлық – тазалығын сақтауға қажетті құрал-жабдықтармен қамтылуын қамқорлыққа алып, ауыл мектебінің жағдайын ілгерілетуге күш салған еңбегі сол кездегі ата-ананың есінде.

Жаңақорған санаториясында ері Ысқақұлы Қуандық екеуі абыройлы еңбек жолынан өтіп, бес бірдей басшының сенімінен табыла білгенінің өзі ерлі-зайыптылардың абыройлы еңбек жолына берілген нақты баға сынды.
Өмірбек Жұмабеков, Асан Нәбиев, Құлтас Әшірбеков, Егенберді Әмитов сынды басшылардың талап-талғамынан табыла білген еңбегіне адал азаматтар мақтау-марапаттаулардан да кенде қалмады. Ерлі-зайыптылар бір ұжымда қатар жүріп озат танылумен Қазақстан Курорттары Кәсіподақ Одағының Құрмет грамотасын иеленіпті. Сол кездегі облыс әкімдері С.Шаухамановтың. Б.Сапарбаевтың қолы қойылған Алғыс хаттар кешегі жасампаз еңбектің мәртебесін әйгілеп, ата-ананың көзіндей сақталған қымбат мұралардың қатарын толықтырып тұр.
Әсия Әмірбекқызы 1998 жылы көп балалы ана ретінде зейнет демалысына шыққан екен. Бүкіл жалынын, жастығын қалың елдің мұңына ортақтасып, мүддесіне бағыттап келген үлкен жүректі жанның от басы ошақ қасына байланып бос қарап отыруға табиғаты жібермейді екен. Бұл кез елімізге нарықтық қатынастардың жаңа талабы еніп, қолынан іс келетіндерге үлкен мүмкіндік туып тұрған шақ. Осыны оңтайлы пайдаланған іскер жан үй жанынан газдалған су сататын дүңгіршек ашты.

Әсия апаның бұл кәсібінің шет жағасын өзіміз де көрдік. Таршылықтау кезең, ыстық күні шөл басатын газдалған суыңның өзі қадірі артып тұрған кезі ғой. Саудасы қызып жүріп берді. Одан бөлек апаның өзі ары өткен, бері өткен көрші-қолаңға мұздай лимонадын тегін ұсынып, үлкен-кішіні риза етуден ләззат табатындай, айналасын сусынға емес, кең жүрегінің мейірімімен сусындатып тұрар жарқын келбеті қалыпты көз алдымызда. Ол кісінің бұл жомарттығына тұрған орнында рахметін жаудырар замандас пен сыртқа шығарып айтпаса да ішінен көңілі елжіреп, шынайы тілектес болып жүрер ағайын-туыстың алғыс-батасы жетіп, кәсіпкер ананың ісі оңынан жүріп берді. Кәсіпкерлік көкжиегін кеңейте келе «Керемет» моншасын іске қосып, ел игілігіне пайдалануға берді.
Кәсіпкерлікте айы оңынан туған қазақ қызының айналасына қарасып, қамқорлық танытуда көптеген қайырымдылық істері туралы жаңауылдықтар жақсы білсе керек.

Ата-ананың тағылымды ісін жалғаған алты перзент бүгінде тамырын тереңге жайған бәйтеректей орнықты отбасыларын құрды. Тұңғышы Қайрат жүргізуші, туған үйдің түтінін түтетіп отырған ортаншы ұлы Мұрат ірі кәсіпкер, келіні Ақмарал аудандық мәслихаттың депутаты, орталықтағы «Ақ сымбат» балалар бақшасының құрылтайшысы әрі меңгерушісі ретінде елдің мәселелердің басы-қасынан табылып келеді. Кенжесі Болат құрылыс саласының маманы. Қыздары Перуза кәсіпкер, Эльмира тігіншілікті меңгерген, ал Фаридасы педагогика ғылымдарының кандидаты, бірнеше оқу құралдарының авторы.

Отан-отбасынан басталады. Титтейінен татулығы жарасқан отбасында мейірім мен ізгіліктің бесігінде тербеліп өскен ұрпақ өскенде де мемлекетшілдік мінез жамап, көпке болсын деген пейілді мұрат тұтып ер жетеді екен.
Қуандық ағамыз бен Әсия апамыздың тәрбиелеп жетілдірген перзенттерінің мақсат-тілегінен осындай пейілді танып сүйсіндік.
«Ат тұяғын тай басар» дегендей, бүгінде ата-ананың ізгі ісін жалғап, өсиет-өнегесін ұлықтаған ұрпақтарының бірі болашақ тәрбие саласында тер төгіп келеді, бірі кәсіпкер, бірі қарапайым еңбек адамы. Бірақ барлығының да ұстанған жолы – адалдық деп аталар алтын арнаға жалғасқан.
Жақсының аты өлмейді деген осы.

Баян ҮСЕЙІНОВА
31 тамыз 2026 ж. 35 0