» » ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНДА ӨСІМ БАР

ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНДА ӨСІМ БАР



Экономиканың сапалы әрі орнықты өсімін қамтамасыз ету бүгінгі күннің басты талабы. Яғни, өңдеу өнеркәсібін дамыту, инвестицияны арттырып, өндірісті технологиялық жаңғырту, жалпы алғанда елдің әлеуетін көтеру мемлекет алдындағы негізгі міндеттің бірі. Осы мәселелер бойынша жыл басынан бері атқарылған жұмыстар есебі апта басында өткен Үкімет отырысында тыңдалды. Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен жиында қаңтарнаурыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен республикалық бюджеттің атқарылу барысы қаралды.
Алдымен Олжас Бектенов Мемлекет басшысы айқындаған міндеттер кезең-кезеңімен іске асырылып жатқанын айтты. «Биылғы бірінші тоқсан қорытындысы ішкі жалпы өнімнің нақты өсімі 3 пайыз деңгейінде қалыптасқанын көрсетті. Экономикалық белсенділік негізінен шикізаттық емес сектор есебінен қамтамасыз етілген. Өңдеу өнеркәсібі, көлік, құрылыс, сауда салаларындағы серпін жалпы динамикаға оң ықпал етті. Қалыптасқан үрдіс сыртқы ахуал күрделі кезеңде нақты сектордың орнықтылығын аңғартады», деді Үкімет басшысы. Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин ұсынған деректер де осы бағыттағы өзгерістерді растайды. Қаңтарнаурыз айларында қызмет көрсету саласы 3,7 пайызға, нақты сектор 2,1 пайызға ұлғайған. Құрылыс саласында 14,8 пайыздық өсім тіркеліп, көлік қызметтері 12,8 пайызға артқан. Өңдеу өнеркәсібінің өсімі 8,5 пайызға жетті. Былтыр өңдеу өнеркәсібінің үлесі 12,7 пайызға жетіп, екінші жыл қатарынан кен өндіру саласының деңгейінен жоғары қалыптасқан. Отырыста мемлекеттік қаржының орындалу барысы да қаралды. Қаржы министрі Мәди Такиев трансферттерді есептемегенде мемлекеттік бюджет кірісі 6,4 трлн теңгені құрағанын жеткізді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 931 млрд теңгеге жоғары. Республикалық бюджетке 4,2 трлн теңге түсіп, жоспар 102 пайыз деңгейінде орындалған. Энергетика саласындағы жағдай да талқыланды. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов үш айда мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі 19,7 млн тоннаға жеткенін алға тартты. Өнеркәсіп саласында да оң серпін байқалады. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев өңдеу өнеркәсібі 8,5 пайызға артқанын баяндады. Отырыста өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері де қаралды. Премьерминистр бірқатар облыста жалпы оң динамика байқалғанымен, жекелеген бағыттарда жоспарланған өсімге қол жеткізілмегенін айтты.
Премьер-министр Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстары, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларының барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштеріндегі өсімді айрықша атап өтті. Үкімет отырысынан кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов мәжілісте көтерілген мәселелерді жан-жақты талқылады. «Жауапты басқармаларға қала және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, макрокөрсеткіштердің өсім динамикасының тұрақты сақталуы үшін жұмысты жүйелі ұйымдастыруды тапсырамын. Бүгінде көктемгі дала жұмыстары қарқынды жүруде. Сондықтан қала, аудан әкімдері осы науқанда атқарылған жұмыстар есебінің статистика органдарына толығымен ұсынылуын, мәліметтердің дәлдігін қамтамасыз етуі тиіс, – деді Данияр Еренғалиұлы.
Бұдан бөлек, облыс әкімінің бірінші орынбасары ай сайынғы қаржыландырудың жиынтық жоспарын 100 пайыз игеруді тапсырды. Биыл өңірге 789,2 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған, өткен үш айда көрсеткіш 142,1 млрд теңге болды. Оның 106,1 млрд теңгесі– жеке инвестициялар. Жыл соңына дейін 100 млрд теңгеге 21 жоба іске қосылады. 2026-2029 жылдары 2 трлн теңгеге жуық қаржыға 48 жоба жүзеге асырылып, 11 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Агроөнеркәсіп саласында 185,8 мың гектарға егін егу жоспарланған, оның 70 мың гектары – күріш. Су үнемдеу технологияларына алдағы үш жылда 34 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді. Сонымен қатар, 40 млрд теңгеге крахмал-сірне зауыты, 68 млрд теңгеге техникалық дақылдар өсіру және 134,5 млрд теңгеге жылыжай кешені жобалары жүзеге асырылуда. Өңір 100% ауыз сумен қамтылған. Жыл соңына дейін газдандыру 85%-ға, жақсы жолдар үлесі 95,2%-ға жеткізіледі. Биыл тұрғын үй құрылысына бюджеттен 55,6 млрд. теңге бөлінді. Қаржыландырудың барлық көзінен 950 мың шаршы метр тұрғын үй табысталады.
Енді ауданға оралайық. Аудан экономикасының негізгі бағыты өндіріс саласында. Дегенмен жыл сайын инвестиция көлемі артып келеді. Үкіметтің негізгі бағыты инвесторларды тартып, ішкі өнімнің көлемін арттыру болатын. Бұл бағытта ауданның еңсесі биік. Былтыр қыруар шаруа шешілсе, биыл да атқарылар жұмыс аз емес. Биылғы жылы жалпы құны 6,3 млрд теңгені құрайтын 3 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бірінші кезекте «Абдулла» шаруа қожалығының жылына 5,5 мың тонна құс етін өндіретін құс фабрикасы тұр. Одан кейін жеке кәсіпкер Болат Балғабаевтың Жаңақорған кентінде жүзу бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жобасы бар. Жоба құны – 650 млн теңге. Жоба 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында іске қосылып, 15 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл да аудан спорты тарихындағы елеулі оқиғаның бірі болғалы тұр. Үшінші жоба «Комхоз Жаңақорған» ЖШС-нің «Қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау кешені» жобасы да кезекте тұр. Жоба құны – 159 млн теңге. 2027-2028 жылдары жалпы құны 536,6 млрд. теңгені құрайтын 6 жобаны іске қосу жоспарланып тұр.
Инвестиция көлемінің ауқымды болуы ірі жобалардың іске асырылуына байланысты. Оның ішінде, «Шалқия Цинк» АҚның кен байыту фабрикасының құрылысы. «Горнодобывающая компания Хонда» ЖШС-нің Шалқия өңірінен қорғасын-мырыш кен байыту фабрикасын салу жобасы да бар. «Қызылорда цемент» ЖШСнің цемент шығаратын зауытының жобасы, «Qaratau Fruits» шаруа қожалығының «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізі бойынан сиымдылығы 5450 тонна жеміс және көкөніс сақтау қоймасын салу және сағатына 1200 литр алма шырынын өндіру кешенінің жобасы, «Manap Agro Holding» ЖШС-нің 600 бас мүйізді ірі қара малға арналған тауарлы сүт фермасы. 2,8 млрд теңгені құрайтын жобасы алдағы жылдар еншісінде тұр. Жалпы алғанда ел экономикасында өсім байқалады. Ең бастысы, елдің әлеуеті артқаны маңызды.

Әсел РЗАЕВА

19 сәуір 2026 ж. 46 0