Үздіктер анықталды

Өткен аптада Жаңақорған ауданы бойынша №167 орта мектеп базасында Қызылорда облысының білім басқармасы, тәрбие, спорт және қосымша білім беру орталығының жылдық іс-шаралар жоспарына сәйкес АӘТД пәні бойынша «Үздік алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні мұғалімі-2025» аудандық байқауы өтті. Байқаудың негізгі мақсаты – алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні мұғалімдерінің кәсіби шеберлігін арттыру, педагогикалық тәжірибе алмасу, және жас ұрпақтың бойында патриоттық рух пен елжандылық сезімін қалыптастыру.
Байқауға әр аймақтың үздіктері қатысты. Атап айтсақ, Ө.Жүмаділла мектебінен Н.Қазақбай, №286 мектебінен Б.Жандарбек, №162 мектептен Т.Іскендіров, №164 мектептен Ғ.Қошқаров, №180 мектеп А.Мырзахметов, №224 мектептен Е.Қалқожаев пен №167 мектептен А.Мадалиев және №192 мектептің ұстазы А.Егембердиев қатысты.
Байқаудың ашылуы салтанатында Жаңақорған ауданы бойынша білім бөлімінің АӘТД пәні әдіскері Ә.Камалдин және №167 орта мектеп директоры Ұ.Бимбетов жылы лебіздерін білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқаудың бағдарламасы бойынша 1-кезеңде «Мен қазіргі заман педагогімін» тақырыбында сайыскерлер таныс емес 10-11 сынып оқушыларына сабақ өтіп, жоғары кәсіби дайындық пен әдістемелік шеберліктерін көрсетті. 2-кезеңде «Педагогикалық идея» тақырыбы бойынша өзін-өзі таныстыру, байқау шарттары бойынша патриоттық және әскери-рухани тәрбие бағытында тиімді әдістер қолданды. 3-кезеңде «Мектепішілік іс-шаралар» тақырыбында мектепте өткізілген сайыстар, тағы басқа атқарған іс-шаралары әңгімеледі. Әр қатысушы өз кәсіби біліктілігі мен әдістемелік шеберлігін сабақ үлгілері, оқу-тәжірибелік тапсырмалар және әскери-патриоттық бағыттағы жұмыстар арқылы шәкірттерін елін сүюге және тәртіпке баулып жүргенін дәлелдеді.
Байқау кезеңдерінің қорытындысында 1-орынды А.Егембердиев жеңіп алса, 2-орын Е. Қалқожаевқа бұйырды. 3-орын Ғ.Қошқаров пен А.Мадалиевтің еншісінде. Белсене қатысқаны үшін А.Мырзахметов пен Н.Қазақбай арнайы дипломға қол жеткізді. Жеңімпаз бен жүлдегерлер білім бөлімі басшысының дипломдары және білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
Жасұлан СЕЙДЕМЕТОВ




