ТЕМІРЖОЛДА ҚАУІП-ҚАТЕРДІ ҚАЛАЙ СЕЙІЛТЕМІЗ?

Теміржол – аса қауіпті аймақ. Мал-жанның пойызға басылып қалуы, жол-көлік оқиғалары, ұрлық-қарлық және кірме жолдарда жылжымалы құрамның рельстен шығып кетуін болдырмау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы Жаңақорған станциясындағы Көліктегі полиция бөлімшесінің бастығы полиция майоры Дархан Әбдікәрімовпен әңгімелесудің сәті түсті.
Бүгінде аудан төңірегіндегі пойыз жолдары бар аймақтарда қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Нақтырақ айтсақ, Жаңақорған станциясының маңына темір торлы қоршаулар салынғалы қайғылы оқиғалар тыйылды. Тұрғындардың қауіпсіздігін басты орынға қойғанымен бірлі-жарым азаматтардың жауапсыздығы қынжылтып отыр. Пойыздар қозғалысы қауіпсіздігінің жағдайына тоқталған мойор Дархан Есенгелдіұлы осы ретте тұрғындардың салғырттығын да сөз етті.
«Өткен аптада Төменарық ауылындағы теміржол бойында орын алған оқиғаға қатысты тергеп-тексеру жүргізілуде. Біз жіберілген кемшілікке талдау жасаймыз, үлкен шығын әкеліп отырған жағымсыз жайттар жиі қайталанатын учаскелерді анықтап, қауіпсіздікті күшейтеміз. Станцияларды жиі аралап, қауіпсіздік қоршауларын орнатып, мейлінше мал-жанның амандығы үшін күресудеміз. Оқиғалар болған жерлерде рейдтер, тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын, БАҚ-тарда жарияланымдар, ірі вокзалдарда бейнероликтер көрсетіп, профилактикалық шаралар өткізуден кенде емеспіз. Өкінішке орай, бұл жұмыстар да нәтиже бермей отыр, – деді ол.
Облыс бойынша өткен жылға қарағанда адамдарды пойыз басу дерегі артқан. Бұл оқиғалардың орын алуына адамдардың темір жол бойында қауіпсіздік ережелерін сақтамай, рұқсат етілмеген жерлерден кесіп өтуге жасаған әрекеті, құлаққап киіп алып, пойыздың дабылын естімей қалуы, өзін-өзі пойыз астына тастауы, ішімдік кесірінен келеңсіздікке ұрынуы сияқты жағдайлар себеп болған. Тіпті, түсіндіру жұмыстарынан бөлек айыппұл салып жазалау да адамдар санасына әсер етпей отыр. Осы ретте құқыққорғау органдарымен бірге айыппұл салу санкцияларын күшейтіп және қауіпті аймаққа психикалық ауытқушылығы бар адамдарды жібермеу үшін күзетті қатаңдату қажет. Бұл бірінші. Екіншіден, вокзал төңірегінде жүретін тұрғылықты мекен-жайы жоқ адамдарды анықтап, оларды есепке алу қажет. Үшіншіден, наркологиялық диспансерде есепте тұрған алкогольге тәуелді адамдарды да бақылауға алып, темір жолға жақын жібермеуге тиіспіз. Төртіншіден, кәмелеттік жасқа толмаған балалардың қауіпті аймақта селфи, тик-ток түсірмеуі, құлаққап киіп музыка тыңдамауы, темір жолды ойын алаңына айналдырмауы үшін олардың ата-аналарына жауапкершілікті қатаңдату керек. Бесіншіден, профилактикалық бағыттағы түсіндіру жұмыстарын әлеуметтік желілерде жиі беріп тұру үшін профильді ұйымдармен жұмысты нығайта түсу қажет.
Пойызды шұғыл тоқтату уақыт параметрін бұзып, пойыздардың қақтығысуына алып келеді. Жаңақорған ауданы пойызды шұғыл тоқтату жағдайлары бойынша облыста бірінші орында тұр. Әсіресе, станцияларда жаяу жүргіншілерге арналған өткелдер мен көпірлердің болуына қарамастан жолды төте кесіп өтпек болған адамдардың әрекеті ақылға қонымсыз.
– Биыл жыл басынан бері Жаңақорған станциясындағы Көліктегі полиция бөлімшесіндегі қызмет ету аймағында 128 шақырымда 47 шұғыл тежеу дерегі орын алған. Әсіресе, мұндай жағдайлар Жаңақорған, Бесарық, Төменарық, Талап станцияларында байқалып отыр. Адамдар көп жүретін жерлерде темір жол арқылы қауіпсіз өту үшін жаяу жүргіншілер көпірі де салынуда, – дейді Дархан Әбдікәрімов.
Көліктегі полиция бөлімшесі теміржол инфрақұрылымының материалдық құндылықтарына зиян келтірудің алдын алу, яғни ұрлық-қарлыққа тосқауыл қоюды басты назарда ұстап келеді. Объектілерді қорғау бойынша шарттық міндеттемелердің болмауына байланысты, осы нысандарда қылмыстық қол сұғушылықтың алдын алу бойынша профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде. Темір жолда тауарлық-материалдық құндылықтардың қауіпсіздігі басты назарда. Міне, алдағы уақытта тұрғындармен бірлесіп, пойыз жолдың қауіпсіздігі мен мал-жанның шығынын болдырмау мақсатында ұдайы түрде алдын алу жұмыстары жүргізілетін болады.
Мақпал МАРҚАБАЙ




