БҮГІНГІ КҮННІҢ БАТЫРЫ

«Ерлік білекте емес, жүректе» деген мақал текке айтылмаса керек. Сын сағатта өміріне қауіп төнген адамдарға өмірін қатерге тіге отырып көмек қолын соза алатын жандармен қалай мақтансақ та жарасады. Сондай батыр тұлғаның қатарында Жаңақорған станциясының желілік полиция бөлімшесінің бастығы Дархан Әбдікәрімовпен Отан қорғаушылар күні қарсаңында сұхбаттасқан едік.
Отан қорғаушылар күні мерекесі – тәртіп сақшысы үшін ерекше күн. Себебі осыдан бірнеше жыл бұрын осы мерекеде Дархан Әбдікәрімовтің кеудесіне Президент Қ.Тоқаевтың өзі «Ерлігі үшін» медалін таққан еді. ҚР ІІМ-нің және Көліктегі полиция департаменті басшылығының бірнеше мәрте «Алғыс хатымен» және арнайы төсбелгісімен марапатталған тәртіп сақшысының жеткен жетістігіне қарап, қызметіне адалдығы мен кәсіби шеберлігін аңғардық.
Осыдан бес жыл бұрын ҚР Ішкі істер министрлігі Көліктегі полиция департаментінің Қызылорда станциясындағы желілік полиция бөлімінде қызмет атқаратын қырағы полицей Дархан Әбдікәрімов қызыл жалын құшағына оранған пәтер ішінен отбасы мүшелерін сыртқа алып шыққан еді.
– «Күндізгі сағат 13:30 шамасында түскі асқа үйге қайтқан едім. Көрші үйден көмек сұраған әйелдің жанұшыра айқайлаған даусы естілді. Жақындап барғанымда үйдің өртеніп жатқанын көрдім. Іле-шала жалын лапылдап жатқан үйге қарай ұмтылдым. Алдымен үлкен апа мен 4-5 баланы шығардым. Үйдің ішінде бір жасар баланың қалып қойғанын естіп, үстіме суық су құйдым да, бірден үйдің ішіне кіріп кеттім. Төргі бөлмеден Айлин есімді кішкентай бір жасар қызды тауып алып, қауіпсіз жерге шығарып үлгердім», – деп еске алады Дархан Әбдікәрімов.
Тілсіз жау жуынатын бөлмедегі тоқтан шыққан. Өртті көрген ана мен балалары абдырап, отты өшіруге тырысқанымен ыс үйдің басқа бөлмелеріне қарай өршиді.
Дархан ең алдымен, түтін басқан үйдегі электр желілерін ажыратып, тез жанып, жарылып кететін қауіпті заттарды подъезге шығарады. Сөйтеді де, көршілерден су тасып, өртті сөндіруге әрекет жасаған.
«Өмірде қауіп-қатер аяқ астынан болатыны анық. Мұндайда тосылып қалуға болмайды. Адамның өмірі бәрінен қымбат. Саған сенім артқан адамдардың үмітін сөндірмей, қолдан келгенше көмек беруді азаматтық парыз дер едім. Сондықтан қорқуға да, ойлануға да уақыт жоқ. Ең бастысы, үй иелерінің өрттен аман-сау қалғанына қатты қуандым. Мұндай кезде менің орнымда кім болса да, солай әрекет етер еді деп ойлаймын. Оны ерлік деп санаған емеспін», – дейді Дархан Әбдікәрімов.
– Өзім 2004 жылдан бері Ішкі істер органында жұмыс істеп келемін. Бұл бала кездегі арманым еді. Әкемнің інісі Ерлан Әбдікәрімовке қарап, бой түзедік. Ағамыз сияқты форма киіп, «полицей болсам» деп армандайтын едік. Ол кісінің халық үшін еңбек ететіні қатты ұнайтын. Өзім сүйіп таңдаған мамандығым бойынша білім алып, еңбек етудемін. Бүгінде көп балалы отбасының тірегімін, ұлдарымның да осы қызметке келетініне сенемін. Халыққа қызмет көрсету, көмек беру – үлкен мәртебе, – деді полицей.
Айта кетейік, Дархан Әбдікәрімов Сырдария ауданы, С.Сейфуллин ауылында дүниеге келген. Ол өзі туып-өскен ауылдағы №137 қазақ орта мектебінде білім алып, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қаржы және несие мамандығын тәмамдайды. Ал заңгерлік мамандықты Шымкент қаласындағы жоғары оқу орнында жалғастырды. Бүгінде тәжірибелі тәртіп сақшысы Жаңақорған станциясының желілік полиция бөлімшесінің бастығы болып қызмет атқаруда. «Адамның өмірін сақтап қалу – азаматтық әрі кәсіби міндетім. Осы оқиға басылған соң, аман-есен қауышқан отбасы мүшелері ақ батасын берді. Бұдан артық қандай марапат керек?!» деген батырдың бойынан нағыз отансүйгіштік қасиетті аңғарғандаймыз.
Бірге қызмет етіп жүрген әріптестері де Дархан Есенгелдіұлын бейбіт күннің батырына балайды. «Арамызда осындай ісіне адал, қажет кезінде айналасындағы адамдарға қолұшын беруге дайын тұратын, жанын арынан биік қоятын азаматтардың барын әрдайым мақтан тұтамыз, әрі олардың жарқын істерін үлгі етеміз» дейді олар сұхбатында.
Қарапайым қалпынан айнымаған қаһарманның жарқын бейнесі мен ерлік жолын өскелең ұрпаққа насихаттау біздің басты парызымыз. «Уақыт өз батырын айқындайды» демекші, Дархан Есенгелдіұлының ерлік һәм отансүйгіштік қасиеті уақыт жаңарған сайын беделінің биік, абыройының асқақ болуына арна тартып келеді.
Мақпал МАРҚАБАЙ