Алтыншы бағыт: Кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп келеді

Қазір әлем елдерінің экономикасы кәсіпкерлік салаға тәуелді. Оның негізгі тірегі шағын бизнесте болып тұр. Дамыған алпауыт мемлекеттер шағын кәсіпкерлік арқылы елдің ішкі нарығы мен әлеуметтік ахуалды тұрақты етіп отырған жайы бар. Бізде экономиканың драйверіне айналатын сала аз емес, аграрлы сала мен жер асты байлығымыз баршылық. Алайда отандық өнімнің брендін қалыптастыру бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып тұр. Сондықтан Мемлекет басшысы әрбір Жолдауында осы салаға басымдық беріп келеді.
Ел Президенті биылғы Жолдауында да кәсіпкерлік саласына ерекше тоқталып, кәсіпкерлер елімізді цифрлық дамытудың қозғаушы күші болуға тиістігін ескертті. Бұл болашақты цифрландыруда бизнес өкілдерінің үлесі басым боларына сенімді бекітеді. Ғылым мен технологиясы дамыған көшбасшы елдердің барлығы цифрлық жүйеге көшті. Біздің бизнесмендеріміз де осы қадамды бастауы керек. Оның басты тетігі – дайын өнім өндіру болып табылады.
Қазір шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 40 пайызға, жұмыспен қамту ісіндегі үлесі 50 пайызға жуықтады. Әрине, бұл жаман көрсеткіш емес. Осы саланы жүйелі түрде жетілдіре түспесек, экономиканы дамыту және тұрмыс сапасын жақсартуға тың серпін бере алмаймыз дегенді де ескертті.
«Екі миллионнан астам шағын бизнес субъектісінің ішінде өнім өндіретін кәсіпкерлер саны алты пайызға да жетпейтіні жасырын емес. Орта бизнесте бұл көрсеткіш жоғарырақ болғанымен, бәрібір көңіл көншітпейді. Былтыр мен «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойдым. Бұл құжат бизнестің мүддесін ескере отырып, барынша ашық реттеу үлгісіне көшуге негіз болды. Бірақ тапсырма толық орындалмай отыр. Іскер азаматтардың әлеуетін толық ашу мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Сондықтан тиісті құқықтық базаны жаңғырту керек. Қазір елімізде 21 кодекс, 300-ден астам заң бар. Оларға тым көп түзету енгізілген. Кейбір нормалар бір-біріне қайшы келіп жатады. Түптеп келгенде, осының бәрі бизнестің дамуына кедергі келтіріп отыр», – деді Президент.
Жалпы кәсіпкерлік сала бойынша Сыр өңірінің де көші ілгерілеп келеді. Аймақтың кәсіпкерлік саласын дамыту мақсатында құрылған «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 10 жылда 15,5 млрд теңгеге 2779 жоба қаржыландырылған. Нәтижесінде 3140 жаңа жұмыс орны ашылып, кәсіпкерлер бюджетке 2 млрд теңгеге жуық салық төлеген. Былтырдың өзінде 1,4 млрд теңгеге 129 жобаны мақұлдапты. Бұл жақсы көрсеткіш, бұл қатарда инвесторлардың үлесі өте зор.
– Біз қазір жобаларды қаржыландыруда басымдықты өндірістік салаға беріп жатырмыз. Бұл бағытта аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы жергілікті тауар өндірушілердің қатарын арттыру жөнінде нақты тапсырма берді. Өндіріспен айналысудың тиімді екенін жыл өткен сайын кәсіпкерлер де жақсы түсініп келеді. Былтырғы қаржыландырған 129 жобаның 53-і өндірістік, 42-сі қызмет көрсету саласынан болса, 25-і агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобаларды қамтиды, – деді орталық директорының орынбасары Досжан Анасбаев.
Осы орайда шалғай аудан және ауылдың тұрғындары жобаларын ұсыну үшін облыс орталығына келіп, уақыт жоғалтпаса да болады. Жобаларын өздері тұратын қала, ауданның кәсіпкерлік бөлімдеріне тапсырады. Ал аталған бөлім мамандары жобаларды жинақтап, «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығына ұсынады. Биыл Өңірлік орталықта өңдеу өнеркәсібін дамытуға 1,3 млрд теңге қаржы қаралып отыр. Кәсіпкерлік мақсаттағы несие 6 пайызбен 5 жылға беріледі. Бүгінгі күнге дейін қалалық, аудандық әкімшіліктерден 55 өтінім түсті. Бұл өтінімдер несие комитетінде қаралып, 20 жоба қаржыландырылды. Сондай-ақ, Қызылорда қаласының сол жағалауында мемлекеттік бағдарлама аясында ашылып жатқан шағын өндірістік аймақта кәсібін жүргізуге ниетті бизнес иелеріне де орталық арқылы қолдау көрсету көзделуде. Аталған орталыққа орналасатын кәсіпкерлер құрал-жабдық үшін Өңірлік орталықтан 3 пайызбен несие ала алады.
Аудандағы ахуал
Енді ауданға оралайық. Соңғы үш жылдың өзінде аудандағы шағын кәсіпкерліктің көкжиегі едәуір кеңейді. Оған алынған несиелер мен гранттардың көптігі дәлел бола алады. Сонымен қоса, өзімізден шығатын дайын өнімдер де бұл сөзімізді тірілте түседі. Мәселен, кір сабын, макарон, шұжық, гипс өнімдері мен өзге де тауарлар өзімізден шығады. Яғни, шикізаттан дайын өнім өндіруде облыста озық ауданға айналып келеміз. Мемлекет басшысының алға қойған мақсаты да осы, шикізат өндіре бермей, дайын брендтік өнімдерді экспортқа шығару. Бұл біріншіден, импортқа тәуелділікті азайтса, екіншіден, ішкі нарықты реттейді. Баға тұрақтанып, тұрақты жұмыс көздері ашылады.
Аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөліміне бас сұғып, нақты мәліметтерді сұраттық. 9 айда атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы межемен таныстық.
– Ауданда кәсіпкерлік саласын дамытуда атқарылған жұмыстар, жеткен жетістіктермен қатар атқарылар жұмыстар өте көп. Осыған орай «жаппай кәсіпкерлікті дамыту» аясында іске асырылатын жаңа жобаларды қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы халықтың әл-ауқатын жақсарту, салықтық базаны көбейту, басқа да кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жақсы нәтиже көрсетуде. Кәсіпкерлікті қолдау инфрақұрылымдарын дамыту жұмыстары халықтың кәсіпкерлікпен айналысуына одан әрі жағдай жасай беру басты бағытымыз бола береді, – деді бөлім басшысы Марлен Нұртазаев.
2025 жылдың 1 қазанына тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері саны 6448-ге жеткен. Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің үлесі 96,9 пайызды көрсетіп тұр. Шыны керек, кәсіпкерліктің негізгі тірегі инвестиция екені рас. Бұл бағытта да жақсы нәтижелер бар. Биылдың өзінде 10 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Өндіріс, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік салаларға басымдық берілуде. Сондай-ақ ұлттық бағдарламалар аясында несие мен гранттардың көлемі де көңілді көншітеді. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бағдарламасы шеңберінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялау арқылы құны 575,3 млн теңге болатын 7 жоба несие арқылы қаржыландырылған.
– «Аграрлық Несие Корпорациясы» АҚ Қызылорда облыстық филиалы арқылы құны 852,9 млн теңгені құрайтын 38 жоба, «Өңірлік Инвестициялық Орталығы» микроқаржы ұйымы арқылы құны 19 млн теңге болатын 3 жоба несиемен қаржыландырылды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында «Байқоңыр» ӘКК АҚ қаржы ұйымы арқылы 226,5 млн теңге болатын 28 жоба несиелерін алды. Аудан бойынша жыл басынан бері барлық қаржы көздерінен 76 жобаға 1 млрд 674 млн теңге несие алынды, – деді бөлім басшысы.
Бұдан бөлек, қайтарымсыз қаржылардың да үлесі бар. Бұл да шағын бизнестің өркендеуіне өз септігін тигізуде. Қысқаша айтқанда, аудандағы кәсіпкерлік саласының көкжиегі кеңейіп келеді. Сондықтан өңірдің өркендеуі жолында кәсіпкерлерге деген сенім мен жауапкершілік жүгі арта түсетін болады.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ




