Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Бизнес – экономиканың негізгі критериі

Бизнес – экономиканың негізгі критериі

Шағын және орта бизнестің бәсекеге қабылетті болуы, бұл – ең алдымен, елдің бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді. Мәселен, дамыған елдердің экономикалық көрсеткішінің 60-70 проценті шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің даму деңгейімен өлшенеді. Бұл – бір. Екіншіден, жұмыссыздық мәселесін шешуде шағын бизнестің рөлі орасан зор. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауында осы салаға ерекше тоқталып, көбірек қолдау көрсету керектігін ескертті.

Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясында ең басты проблемалардың бірі – әлеуметтік деңгейдің төмендігі және жұмыссыздық болса, осы мәселелерді шешудің жолы шағын және орта бизнесті дамыту болып табылады. Шағын бизнесті қолдауда үкіметтің жүргізіп отырған саясаты кәсіпкерлер үшін үлкен роль атқарады. Сондықтан шағын және орта бизнестің дамуы үшін жасалынып жатқан шаралар, бағдарламалар жалғасын таба­тынына Президент пәрмен берді.
Ең алдымен, салық жүйе­сіне өзгерту енгізіп, кешегі карантин кезінде тоқырауға ұшыраған кәсіпкерлерге қолдау көрсетуі әлеуметтік деңгейдің, экономикалық көрсеткіштің қайта қалпына келуіне әсер ететіні ақиқат. Бұл жөнінде Президент: «Экономиканың шеккен зардабын еңсеру үшін 700 мыңнан астам кәсіпкерге салық жеңілдіктері берілді. Төлем мерзімі кейінге шегерілді, несиені жеңілдікпен қайта қаржыландыру мүмкіндігі ұсынылды. Бірақ, ахуал әлі де болса күрделі. Шағын және орта бизнеске қосымша көмек ретінде экономиканың зардап шеккен салаларындағы кәсіпкерлердің қазіргі барлық несиелерінің 6 пайызға дейінгі жылдық мөлшерлемесі бойын­ша мемлекеттік субсидия беруді тапсырамын. Субсидиялау Төтен­ше жағдай жарияланған сәттен, яғни биылғы 16 наурыз­дан бастап 12 айлық кезеңді қамтиды» – деді.
Ұлттық банк көбірек зардап шеккен секторлардағы шағын және орта бизнестің айналым қаражатын көбейту үшін арнаулы бағдарламаны жүзеге асыруда. Бұған дейін бұл бағдарлама биыл аяқталады деп жоспарланған еді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қазіргі күрделі ахуалға байланысты аталған бағдарламаны жүзеге асыру мерзімі 2021 жылдың соңына дейін ұзартылады және оның аясы кеңейтілетін болады. Осыған орай қосымша 200 миллиард теңге бөлінбек. Сол арқылы бағдарламаның жалпы құны 800 миллиард теңгеге дейін жеткізіледі. Қарап отырсаңыз бұл үлкен көмек, әрі мол мүмкіндік.
Қазірдің өзінде қайтарымсыз қаржы, яғни гранттар шағын кәсіпкерлерге көбірек бөліну­де. Кәсіпкерлікке енді қадам басқандар бір ай оқу кур­сынан өтіп, тіпті карантин кезінде онлайн оқып, 555 000 теңгеге қол жеткізіп, шағын ісін дөңгелете бастады. Сыр өңірі, оның ішінде біздің аудан осы «Бастау Бизнес» бағдарламасы арқылы аймақта көш бастаушы ауданның бірі. Соның нәтижесінде аудандағы шағын кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейе бастады. Ауыл шаруа­шылығынан бөлек, өнім өңдей­тін шағын кәсіпорындар, сервистік қызмет көрсету түрлері дами бастады. Дегенмен, облыстағы төрт түліктің басым бөлігі біздің ауданда екенін ескерсек, қайтарымсыз қар­жының жартысынан көбі осы бағытта жұмсалуда. Не десек те, бұл аудан бірінші кезекте тұрғындар тұрмысының түзе­луіне, жұмыссыздық мәсе­лесінің шешілуіне мол мүмкіндік тудырды.
Мемлекет басшысы кәсіп­керлік саласындағы ретсіздік, оның ішінде қысым көрсету, сыбайластықты реттеуді тап­сырды. Шағын және орта бизнестің қызметін реттейтін жаңа нормативтік-құқықтық базаны келесі жылы әзірлеуді тапсырды. «Мемлекеттік құры­­лым­дардың кәсіпкерлік қыз­метке кез-келген заңсыз араласуы, бизнесмендердің жұмысына кедергі келтіру мем­лекетке қарсы жасалған ауыр қылмыс ретінде бағалануы керек. Кәсіпкерлер шенеуніктер тарапынан заңсыз қысым көрсе, бірден прокуратура орган­дарына жүгінгені жөн» – деп ескертті.
Кәсіпкерлікке қолдау көр­сеткенде орта бизнеске де ерекше назар аудару керектігі жиі айтылды. Өйткені нарықта табысты болудың негізгі көрсеткіші орта бизнестің өркендеуімен өлшенеді. Мұндай компаниялар ішкі нарыққа қана емес, сыртқы нарыққа да бейімделуге тиіс. Олардың экспорттық әлеуетін арттыру үшін қолдауды күшейту керектігіне басымдық берілді. «Үкіметке шикізаттық емес орта кәсіпорындарға арналған экспорттық акселерация бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырамын. Бұл идеядан нәтижеге дейін мақсатты түрде қолдау көрсету үшін қажет» деді Президент. Бұл ретте, біздің ауданның көрсеткіші қашанда озық. Енді Жолдаудан туындаған мәселелер реттілігімен шешімін тапса, шағын және орта кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейе түсетініне сенімдіміз.

Құлмахамбет ИСАХАНОВ,
аудандық мәслихаттың депутаты,
кәсіпкер, меценат.

09 қыркүйек 2020 ж. 561 0