Әділеттінің жаны әдемі

Өзің өмір сүрген қоғамға қолыңнан келгенше пайдаңды тигіз. Өмірде әркімнің өз сыбағасы бар. Жұрттың бәрін жарылқап тастау қолыңнан келмес, бірақ залалыңды да тигізбей, сыртынан ғайбат сөзге бармай, біреу туралы сұрай қалғанға тапсаң жақсы пікіріңді айтып, таппасаң тым-тырыс бейтарап қалу – ол да бір қайырлы адамның белгісі екен. Бірақ мұндай адамдар аз. Бүгінгі әңгімеміз осындай мінезімен-ақ қоғамның белортасынан өзіндік орнын айқындап, көптің құрметтісіне айналған азамат, ел ағасы Нуридин Өтеұлы туралы болмақ.
Анығында Нуридин ағаның осындай болмысына бәрімізден де бұрын ден қойып, ерекше ықылас танытқан аудан басшысы Мажит Самитұлы дегеніміз әділірек болар. Қарапайым азаматтың қай кезде болсын аймағымызда алғашқылардың бірі болып құрылған «Жебеуші» қоғамдық қоры жетекшісі ретінде елге болсын деген ниеттен басқада ісі жоқ жан тазалығымен-ақ талғампаз көңілдің төрінен алғанының бұл да бір дәлелі.
Осы ағамыздың 75 жасқа толуына орай арнайы қабылдап, құрмет мезіретін білдіруді жөн көріпті. Дүйсенбі күні аудан активі қатысуымен өткен жиында ел ағасын 75 жасқа толған мерейлі мерекесімен құттықтаған аудан әкімі Мажит Самитұлының лебізі төмендегіше өрілді: – «Сіз ұзақ жылдар өз кәсібіңізге адалдық пен жауапкершіліктің үлгісін көрсеттіңіз. Әсіресе, сіздің соңғы жылдардағы қызметіңіз, адам тағдырына жанашыр көзқарасыңыз табандылық пен мейірімге ұштасып, ұрпаққа үлгі етерліктей деңгейден танылып келесіз, – дей келе, мерейтой иесінің еңбек жолына тоқталды.
Қазірде «Жебеуші» қоры төрағасы ретіндегі атқарып келе жатқан жұмыстарына жан-жақты бағасын берді. Осының барлығы үлкен жүректің, шуақты ойарманнан арна тартқан өмірлік мақсаттың жемісі екенін айтты. Мерейтой иесіне арнайы Құттықтау хатын тапсырып, халықтық дәстүрімізбен иығына шапан жапты. Нуридин ағамыздың жары, қырық жыл денсаулық саласында қызмет атқарған Ким Маргарита Ивановнаға да осындай құрмет көрсетті.
Екеуінің де елге қызметі бір бөлек, жарты ғасыр бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешкен «интернационал отбасының» өзіндік болмысы ерекше қызықтырғандықтан арнайы сұхбаттасуды жөн көрдік. Біз білетін Нуридин аға қай кезде болсын саушылығы жартыкеш, жарым көңіл жандарды мейлінше қоғамға бейімдеу мәселесін көтеріп келеді.
Ол үшін арнайы орталық ашылып, онда мүмкіндігі шектеулі әркім бейіміне қарай кәсіппен шұғылданса, бір сөзбен айтқанда, төрт қабырғаға қамалған қамкөңілдерге қоғаммен араласатындай жағдай туса деген арманын арқалап қай жерге бармады? Құрғақ уәдеге құрылған тұрлаусыз мақұлмен уақыт та зырлап өте береді екен. Бірақ үмітін үзбеді, ауданға әкім болып келген Самит Мажитұлының қабылдауына жазылып, осы мәселені тағы да алдыға тартты. Аудандық мүгедектер қоғамы төрағасымен жан-жақты кеңесіп, жағдайды терең зерделеген аудан басшысы мәселенің нақты шешілуіне тиісті тапсырмаларын берді.
Ауданда «Руханият» орталығының салынуы мәдени нысандарды бір мекенге шоғырландырып, босаған ғимаратты мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы қызмет көрсету мекенжайына айналдыруға мүмкіндік туды. Сол мекемеден зағиптар қоғамына да арнайы екі бөлме берілгені жөнінде сүйіншілеп, көл-көсір алғысын арқалап жеткен зағиптар қоғамы төрағасының хатын сол күнгі газет бетіне жариялаған болатынбыз. Бұдан бөлек, Нуридин Исмайлов басшылық ететін «Жебеуші» қорының меншігіне де үлкен екі бөлме бұйырыпты. Көптен армандап жүргеніндей, соның бір бөлмесіне қазқатар үш тігін машинасы орналасыпты. Рас, мүгедектерге мемлекет тарапынан аймаай жәрдемақысы, қажетті ортопедиялық жабдықтары, кезегімен санаторияларға жолдама беріліп жатады. Ал өзінше кәсіп ашуына бөлекше жағдай қалыптастыру жағы қаралмаған. Ал сонда мына тігін машиналарын қайдан алдыңыздар деген сауалымызға: «Мұның бәрі демеушінің көмегі. Оны кім берді, кім көмектесті, анығын райсовездің басшысы Семсер біледі. Қалталыларға өтініш айтып, қолға тигенін жеткізіп беріп жүрген Семсердің өзі. Біз қолымыздың жеткеніне мәз болып, шұғыл іске кірісіп кеттік» дейді Нуридин аға. Дұрыс-ақ. Тігін өндірісіне жан бітіріп, өздері де жұмысты болып, қолындағы өнімін саудаға шығарып, жағдайын түзеуге ұмтылған ағайынның ниеті оң делік. Бірақ құр қаңтарылған құрал-жабдықпен не бітеді?
Тігін өндірісіне қажет материалды кім береді? Қор төрағасы Нуридин Исмайлов ойланып жатпай өз қалтасынан қаржы шығарып, қажетті көлемде мата-сатасын ине-жібіне дейін түгендеп беріпті. Осындай қамқорлық аясында ынтымақты еңбекке жұмылған Нуридин ағайдың оң қолы болып жүрген ісмер жандар Ақтоты, Эльмира, Нұрсұлу сынды қайсар арулардың құмбыл іске кірісіп кеткендеріне екі айдай уақыт болыпты. Тағдырдың сынына мойымай, қажыр-қайратына иек артқан қаракөздердің қолынан шыққан төсек жабдықтары ең бірінші сапалылығымен мойындалған сыңайлы. Бұл тұрақты тұтынушы қалыптастыруда бірінші заңдылық. Бөлменің жартысын алып буып-түйіліп дайын тұрған жаңа жабдықтарды Байкенже ауылының балабақшасына деп біздің көзімізше тиеп әкетіп жатқан тұтынушы пікіріне де ден қоялық. «Бұдан бұрын Қожакентте екі жерде осы орталықтан алған екен. Тігісі бізге ұнады. Оның үстіне қыздар да қарапайым, ілтипатты, ынтымақты жұмыс істеуге ыңғайлы екен, сенімді түрде затты көтере алып тұрмыз» деді олар. Әп-бәрекелді, осы істің жандануы үшін жеке қалтасына да ойланбай қол салған жомарт пейілдің де есебі түгелденетін болды деп қуанып қалдық. Бұған қосымша ақылы қызметтен қорға да қаржы құралса тігіншілеріміз кәсіпті одан әрі кеңейте беруді құп көріп отыр екен. Біздің келесі сұрағымыз кейіпкеріміздің жеке басы жағдайына ойысты. «Бұл қадамға келуіңізге не себеп? Жалпы төл мамандығыңыз не? Айтпақшы, таза қазақ ауылынан шыққан қарапайым қазақ баласының кәріс қызына қол ұсынуының сыры неде?» деген үш сұрақты қатар қойдық ағамызға. «Өзім де қумын» дегендей, көпшілік ортада анда-санда турасын қойып қалатыны болмаса көп сөйлемейтін тұйық кісінің жасырарға құпиясын қалдырмай бәрін біліп алмақшымын. Обалы не керек, сұхбаттасымызбен барынша ақтарылып әңгімелестік. Қойған үш сұрағымызға да көңіл елжіретерлік тұшымды жауап алдық. Нуридин аға орта мектепті тәмамдаған соң кеңес әскері қатарында ГДР-де азаматтық борышын өтейді. Бұл жетпісінші жылдар. Қызылорда медучилищесін оқып бітіріп, фельдшерлік мамандықпен 1975- 1980 жылдар аралығында Жаңақорған жедел-жәрдем бөлімінде жұмыс істейді. 1990-1995 жылға дейін Жаңақорған санаториясында оңалту-сауықтыру, мәдениспорттық шаралар нұсқаушысы қызметін атқарғанын айтады. 1995 жылдан бастап аудан орталығын «Оптика» орталығын ашып жеке кәсіпкерлікпен айналысуға ден қойыпты. Қазір бұл кәсібін екінші ұлы – Дастаны жалғастырып келеді. Ал өзі 2014 жылдан бастап аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы қызметіне басыбүтін ден қойыпты. Осы жылдан бастап «ДК» құзіреті бойынша тендерге қатысып, мүгедектердің инватакси қызметін жүргізуді қолға алды. Еңбегінен бір мін жібермейтін, барынша адал азаматтың тендерде жолы болуына басшылық та, басқалар да мүдделі болып тұрады екен. Ол 2016 жылдан бастап мүгедектерге көмекші қызметшілердің жұмысы да осы кісінің еншісіне өтті. Осы атқарылып жатқан игіліктерді місе тұтпай, мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау аясын кеңейтуді мақсат тұтқан ол жан-жақты ізденумен келе жатқанын айтады. – Алты-жеті жылдан бері тігін цехын ашсақ деген мақсатымыз бар еді. Соның сәті туғанына екі айдай уақыт болды. Жұмыс жүріп жатыр. Енді мына бос тұрған екінші залымызда да механизмі күрделірек станоктермен қосымша жабдықтауға қол жеткізе алсақ аймағымыздағы өндіріс орындарына жұмысшы формасын дайындап беретін боламыз деген жоспарымыз бар. Оған өзімізде есеп тұратындар арасында қолынан іс келетін жандар жетіп артылады, – дейді ол. Хош дедік. Тағы бір айтайын дегенім, аудан әкімінің құттықтау шарасына арнайы шақырылған ағамыздың жанында отырған қарапайым қазақ әйелінің Ким Маргарита Ивановна болып шыққанына білмейтін біразымыз кәдімгідей таң қалдық. Екі ұлттың бір-біріне сонша жақын, ұқсастығын-ай. Екеуі Қызылорда медучилищесінде бірге оқығанын айтты ағамыз. Әкесі бұлар жас кезінде дүние салды, анасы бұл әскерде жүргенінде бақиға озып, топырақ та сала алмады. Еңсесі түскен жігіт өз-өзін қолға алып, қайткенде оқуды армандады. Келе сала Қызылорда қаласындағы медучилищеге құжат тапсырды. Сабақты жақсы оқитын, өзі спортсмен жігіт курстың старостасы болып сайланды. Көрші «Гигант» колхозынан келген корей қызы, белсенді студент Маргарита оқу секторы екен. Студсоветті бірге басқарып, бірге жүріп, бірге тұрып, бір-бірін жүрекпен ұғысқан жастар өмірлік жұп болуға шешім қабылдапты. Сонымен 1974 жылы Маргарита Жаңақорған жеріне келін болып түсіп, қазақтың жоралғысымен қайын жұртына сәлем салыпты. Бір-бірін ерекше бағалаған жұп ағайын ортасында да мақтаулы боп келе жатқанын жасырмады аға. Оның барлығы жарының алғаш келген күннен тырысыптыраштанып, елдің көңілінен шыға білуге ұмтылған мінез-ұстанымының арқасында екенін айтуды да ұмытпады. Маргарита еңбек жолын Жаңақорған санаториясында медбике болып бастаған екен, осы бір орында қырық жыл қызмет атқарып, зейнетке шығыпты.
«Өзім әке-шешеден ерте қалғандықтан ба, Ританың төркін жұртына жолымыз түсе қалса қарт ата-анамыз туған баласындай қалбалақтап күтетін. Өздері шаруақор, баубақшасы өз алдына, есік алдына мал ұстап, бақуатты тұрмысты өз еңбегімен құраған жандар еді. Бізге де осыны өсиет етті. Рита екеуміз үш баламызбен жеке үй болып шыққанымызда осы кісілер дәу сиырын әкеп босағамызға байлады. Қора жай соғуыма тура келді. Біссімілласы сол бәсіреге берген сауын сиырдан төрт түліктің басы құралды. Таң азаннан төрт-бес сиыр сауып, күбі пісіп, май шайқау дағдыға айналды. Оның аяғы бие байлап, жылқы баптауға жалғасты. Сол кездердегі бәйгеге қосқан тұлпарларым жүлдесіз қайтпай, атағы Жаңақорғанға жайылды. Аула ішінен кең сарайдай үй соғып алуыма да осы бағып-қаққан төрттүліктің пұлы жарады, – дейді ол.
Нуридин аға осы жерде балаларының нағашыларына да тоқталып өтті. «Екі қайным болды, бірі ұшқыш, бірі құрылысшы еді, екеуі де қазір өмірде жоқ. Балаларымды туған інісінен кем көрмей, еңбекқорыққа, ұқыптылыққа, ең бастысы, кішіпейіл қасиетке тәрбиелеуге ақылдарын аямады. Негізінде, олар өздері өте кішіпейіл халық. Ешуақытта біреуді келекеліп, кемсітіп, қысыр әңгімеге уақыт жоғалтып жатпайды. Қарапайым еңбегіне сенеді, қолдан келмеске тыраштанып әуре болу, бос мақтаншықтыққа салыну қанында жоқ қасиет. Маргарита да сондай мінездің адамы. Бірге келе жатқанымызға жарты ғасыр болыпты, бір-бірімізге жұққан мінез болар, көп артық әңгімеге екеуміздің де әуестігіміз жоқ. Қанағатты қасиет тұтқан жандармыз. Ең бастысы, жарық өмірде кейінгіге өнеге болып қалардай жақсы іс тастап кете алсақ, бақыт дегеніміз сол емес пе? – дейді Нуридин аға.
Иә, жарық өмірдің мағынасын татулықтан, түсіністіктен, ынтымақтан іздеген жұп сол алғашқы заңды некелері қиылған сәтте ұстаз алдында кәлиманы бірге айтып қайталаған ұлық уәдеден танбаған табиғатымен осы күнге жүздері жарық жетіп отырғандарына іштей шүкіршілік етеді.
Мерейжасыңыз құтты болсын, Нуридин аға! – деген жарқын тілегімізді біз де қостық.
Баян Үсейінова



