Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ӘДІЛЕТТІҢ ӘДІЛ ЖЕҢІСІ

ӘДІЛЕТТІҢ ӘДІЛ ЖЕҢІСІ


Биыл Ақмола облысы, Щучинск ауданында өткен 2000-2001 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында Сыр өңірінің баскетболшылары екінші жыл қатарынан үздік үштіктен көрінді. Одан бөлек, облыста өткен республикалық турнирлерде бірнеше рет чемпион атанды. Осындай биіктікті бағындырып жүрген облыс баскетболшылар құрамасының қатарында жаңақорғандық Әділет Абдрейім де бар. Аудан командасын ғана емес, облыс құрамасын баскетболын өрге сүйреп жүрген баскетболшыға бірер сұрақ қойдық.
Бала кезінен баскетболшы болуды армандаған оны 11 жасында әкесі Насрлла Мырзаев Қанат Айдаровтың қол астына алып келеді. Бойындағы талантымен көзге түсе бастаған ол өзі оқыған №51 М.Қаратаев атындағы мектептің жақсы атын шығарып, мерейін тасытты. Әділет бастаған жігіттер аудандық мектеп спартакиадасында жүл­делі бірінші орын алып, облыстық оқу­шылар спартакиадасында Әділет бастаған Жаңақорған командасы жеңіс тұғырынан көрінеді. Міне, осыдан бастап Асылжан Наржан, Абдулла Мейіржан, Ерқанат Ибадулла, Бекболат Нұржігіт, Рамазан Біржан, Ибадолла Айдын, Бекарыс Жұмабек, Мұхамеджан Наржан сынды жас баскетболшылар облыс намысын қорғап келеді.
– Баскетболға ең алғаш әкем алып келген болатын. Сол күннен бастап жаттығу алаңында тер төгіп, бапкердің айтқанын екі етпеуге тырыстым. Манап ауылында өткен оқушылар арасындағы сында жеңгеннен кейін қызығушылығым арта түсті, – дейді талантты жас.
– Баскетбол болмағанда басқа спортқа бара ма едің?
– Әрине, егер баскетболшы болмаған күнде де басқа спортты таңдар едім. Спорт – менің өмірім десем болады. Сондықтан, болашақта спорттық мансабымды жалғастырып, шәкірт тәрбиелеу арманым, – деді.
Иә, жас болса да облыста табысты өнер көрсетіп жүрген Әділеттің жеткен жетістіктері аз емес. Мәселен, 2016 жылы 2016 жылғы ел және облыс біріншілігінде «Үздік шабуылшы» номинациясын иеленді. Осындай биіктен көрініп, аудан мақтанышына айналуда бапкер қызметі орасан.
Қанат Айдаров пен Дильяра Мұсаева бап­тайтын жаңақорғандық жас баскетболшылар облыста үнемі олжалы оралып жүр. Әсіресе, 1999-2001 жылы туылған жасөспірімдердің бағындырған белесі бір төбе. Ал, олар­дың ізінен еріп келе жатқан балғын баскетболшылар да қазір облыс құрама сапында өнер көрсетіп жүр. Мәселен, 2004 жылы туылған бұрымдылар мен 2004, 2005 және 2006 жылы туылған жігіттер Сыр өңірінің атынан ел чемпионаттарында жақсы нәтиже көрсетіп үлгерді. Бүгінде Әділетті баптаған Қанат ағай өзінің қос құлыны Жақсылық пен Ақмөрді осы жолда тәрбиелеп келеді.
– Қазір Әділет пен оның командаластары бабында. Бұйыртса алда жоспарларымыз көп.
– Мәселен?
– Ең бірінші Шиелі өтетін «Алтын күз-2018» мерекесіне дайындық пысықталуда. Бұл жолы алтын тұғырдан көрінеміз деген ниеттеміз. Одан кейін, ірі өндіріс ошақтарының ұйымдастыруында өтетін облыстық, республикалық додаларға дайын­даламыз, – деді жаттықтырушы Қанат Тұр­сын­қожаұлы.
Түйіндей айтқанда, Әділет Насрллаұлы сынды таланттылардың алар асуы алда, сондықтан жас болса да аудан абыройын асқақтатып жүрген осындай ұлдарға қашанда қолқанат болып жүру ағалық қамқорлық деп білген жөн.
25 қыркүйек 2018 ж. 1 202 0