№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Еңбегі еленген дәрігер

Еңбегі еленген дәрігер


     Дәрігер деген кең ұғым, қастерлі мамандық. Сонымен қатар бұл мамандық иелерінің жауапкершілігі де мол, атқаратын жұмыстары да ауқымды. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін осынау маңызды салаға бүкіл өмірін арнап келе жатқан абзал жандар қаншама. Солардың бірі адам денсаулығына жауапты саланың тізгінін ұстаған білікті дәрігер Раушан Тотаева. Ол кәсіби мереке қарсаңында ҚР денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісін кеудесіне тақты.
   35 жылдан астам еңбек өтілі бар Раушан Тілеуқызының алғашқы еңбек жолы кент орталығында орналасқан аудандық емхананың табалдырығынан басталды. 1982 жылы №51 мектепті үздікке бітіріп, бала арманының жетегіне еріп Ақтөбе мемлекеттік медициналық университетіне оқуға түседі. Оқу орнынан «Балалар дәрігері» мамандығын алып шыққан жас маман осылайша туған жері Жаңақорғанға келіп қызметтік жолын бастайды. Жұмыс барысында 14 жасқа дейінгі баланың денсаулығының жайкүйі туралы жалпы қорытынды шығарып, қосымша тексерулер мен оның емделу жолын тағайындауда барын салған дәрігер тек баламен ғана емес, сонымен бірге ата-анасымен де жұмыс істеп біліктілігін одан әрі арттырды.
   – Дәрігер болу кішкентай кезімнен арманым. Содан болар, өсе келе қандай мамандық иесі атансам екен деген таңдау мүлдем толғандырмады. Өйткені әкем бала кезімде менің дәрігер болатынымды анықтап қойған еді. Сондықтан жүрек қалауым бойынша таңдаған мамандық жолында адам жанына арашашы болумен қатар медицинаның қыр-сырын меңгеруді мақсат еттім. Осылайша балалар дәрігері болып жиырма жыл жұмыс істеген уақыт аралығында мол тәжірибе жинақтадым, – деді кейіпкеріміз.
     Алға қойған арманмақсатының шыңын бағындыру үшін Раушан Тілеуқызы 2007 жылы сырқат адамның денесіндегі түрлі аурудың белгісін анықтайтын ультрадыбыстық тексеру құрылғысын меңгереді. Осы салада қаншама жанның ауруының алдын алуда адал қызметін көрсетеді. Ал 2008 жылы жұмысына жауапкершілікпен қараған дәрігер ретінде басшылар тарапынан ЖИТС орталығының аудандағы бөлімінің дәрігеринфекционисі болып тағайындалады.
      Міне, сол мезеттен бастап кейіпкеріміз өзінен кейінгі жас мамандарға көп жылдан бері жинаған тәжірибесін үйретумен қатар заман талабына орай медициналық көмек көрсетудің түрлі сапасын арттыруда да көмегін еш аяған емес. Осы тұста осындай берері көп нағыз білікті маманның шәкірттері де осал болмайтынына еш күмән жоқ.
     Негізі, бағалай білген кісіге медицина қызметкері тұғыры таймас биік тұлға. Тек ісімен ғана емес жүрегімен емдей білетін Раушан апайымыз сияқты ақ халатты абзал жаннның облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының қолынан кеудесіне төсбелгі тағуы да соған дәлел.
Бұл марапаттың да оңай жолмен келмегенін кейіпкеріміз жақсы түсінеді. Кез-келген қоғам үшін ең маңызды болып табылатын, адам денсаулығы мен оның белсенді өміріне адал қызмет ететін ең игі, мейірімді, ардақты мамандық иесі атанғанына, еңбегінің еленгеніне қуанған Раушан Тілеуқызы омырауына таққан төсбелгіні бүкіл ұжымға берілген биік баға, басшылар тарапынан көрсетілген құрмет деп есептейді.
     Еліне адал қызмет етіп, халық денсаулығын сақтау жолында аянбай тер төгіп жүрген абзал жандарды біз де кәсіби мерекелерімен құттықтап, еңбектерінің жемісін көріп, алғысқа бөлене берулеріне тілектес болдық Сіздердің ерең еңбектеріңіз шексіз, мәртебелеріңіз биік.

 Лаура Бибасарова
18 маусым 2022 ж. 803 0