» » Оңалту орталығы – ел игіліне

Оңалту орталығы – ел игіліне


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен мүгедектігі бар балаларға мейлінше жағдай жасау бағытында нақты қамқорлықтар көп. Жаңақорған ауданында ашылған мүгедектігі бар балаларды емдеуге арналған оңалту орталығының ашылуы осының жарқын бір көрінісі. Мұнда орталық жүйке жүйесі мен тірек-қимыл аппаратында ақауы бар балалар емделеді. Орталыққа арнайы барып, тыныс тіршілігімен танысып көруді жөн санадық.


Аулаға кіре бергенімде есік алдында ойнап жүрген балақандарды көзім шалды. Кіп-кіш­кентай көкөрімнің көздері жәудіреп қараған­да ет жүрегің елжіреп кетеді. Өйткені, мұндағы балалардың барлығы – ерекше балалар.
Орталықтың ашылғанына әлі бір жыл толмағанымен, бүгінге дейін 503 бала ем алып, үлкен нәтижелерге жетуде. Алғаш келгенде, аяғынан жүре алмай келген жиырма баланың он екісі аяққа тұрса, тіл кемістігі бар балалардың жетпіс пайызында жақсы өзгерістер барын айта аламын, – деген жаңалықты жеткізді мекеме басшысы.
Дімкәс балақандарға әсіресе ерекше қада­ғалау мен күтімнің қажет. Барлық баланың даму сатысы бірдей емес. Орталыққа балалар арнайы жолдамамен келеді. Баланың жай-күйі толықтай тексеруден өтіп, содан кейін қай маманға бару керектігі шешіледі. Бала бірнеше емдеу сатыларынан, яғни дефектолог, логопед, эрготерапия, механо терапия және денені шынықтыру курсынан өтеді. Оған қоса емдік дене шынықтыру сабағы, сылау тағы да басқа физио емдеу шараларын алады.
Науқас балалардың ата-анасы үшін бұл үлкен қолдау екені хақ. Жалпы, ем алу шарасы 14 күннен 21 күнге дейін ғана жалғасады. Талаптарға сәйкес мамандардың сабақтары жеке сабақ, топтық сабақ және шағын топтық сабақ болып үш түрде өтеді. Үш мезгіл емдік шарасын өткізетін орталықта шалғайдан келетін балалар үшін төсек орын жабдықталған.
Осы ретте, «Қамқорлық» оңалту орталы­ғының бөлім меңгерушісі, дәрігер-реабилитолог Ескабылова Мөлдір Сарбасқызынан көкейдегі сауалға жауап алған едік.
– Сұранысқа сай жаңа, заманауи үлгідегі ғимараттың пайдалануға берілгеніне де бір жыл толғалы жатыр. Бұл балалар ерекше күтімді қажет етеді. Мекеменің әлеуметтік қорғау саласындағы алар орны ерекше. Бұл ғимаратта, ерекше балаларға түрлі әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Біздің мақсатымыз – туа біткен дімкәс балаларды кешенді оңалту, қайта қалпына келтіру. Орталықта тәулік бойы жұмыс істейтін және күндізгі стационар бар. Жылына 600-ге дейін бала қабылдауды жоспарлап отырмыз. МӘМС жүйесі аясында 18 жасқа дейінгі балалар медициналық оңалту қызметтерін тегін алады, – дейді Мөлдір Есқабылова.
Жасыратыны жоқ, бүгінде мүмкіндігі шектеулі бала бағып отырған ата-аналардың нәрестесінің дертінен құлан таза айықтыру мақсатында, өзге елдерге сапарлап жатқанын естиміз. Ал шетелде емделуге қаншама қаражат қажет екені белгілі. Бұл ретте, осындай оңалту орталығының орны бөлек. Өйткені, мұнда бала өмірін бірсыпыра жеңілдететін көптеген жабдықтар бар. Яғни, оған қайтадан жүруді, басқа балалармен қарым-қатынас жасауды үйренуге көмектесетін тренажерлердың түрі өте көп. Адамның көзіне түсуді қаламайтын өзіндік әлемі бар балалармен қарым-қатынас құру аса қиын. Осы кезде мамандар мен ата-ана бірігіп жұмыс атқаруы керек. Бала үш жасқа дейін тілі шықпаса, атын атап шақырғанда келмесе бірден дәрігерге жүгінуі керек дегенді алға тартты кәсіби маман.
Жасыратыны жоқ, ата-ананың «ешнәрсе етпейді әкесінің тілі кеш шыққан, өзі осындай қырсықтау» деп бала денсаулығына жүрдім-бардым қарайтыны да қателік.
Біз орталықта ем алып жатқан Берік атты бүлдіршіннің анасы Сәуле Әлиеваны әңгімеге тарттық. Ұлын мамандарға әкеп көрсетіп, үнемі жұмыс жасаған бейнеттің нәтиже бергенін айтты. «Кемедегінің жаны бір» демекші, Беріктің анасы өзінің ұлы сияқты ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-ана жағдайын жақсы түсінетінін айтады.
– Ерекше балалардың қатарға қосылуына ең бірінші жауапты – ата-анасы. Әуелі ата-ана жасырып – жаппай жағдайды толық қабылдай алуы керек. Алайда көп ретте ситуацияны түсінбей, не қабылдай алмай уақыт жоғалтып алып жатады. Бұл дертті жеңудің төте жолы – емді ерте жастан бастау. Сонда ғана нәтиже болады. Біз де алғашында Беріктен өзгеше қылықтар мен тілінің дұрыс шықпауын өзінің еркелігі болар деп мән бермей жүрдік. Содан соң қауіптеніп медициналық тексерулерден өткіздік. Мамандар «ешқандай қауіп жоқ, уақыт өте келе дұрысталады» деп сендірді. Дегенмен көп ізденіп, ем шарасын бес жасында бастадық. «Егер емді бұдан да ертерек бастасақ одан да жақсы нәтижеге қол жеткізуіміз мүмкін болар ма еді?» деп те қоямыз. Бірақ Аллаға шүкір балам қазір ән де айта алады, сөйлей де алады, – дейді.
Сонымен қатар орталықта тілі кеш шығып жатқан бүлдіршіндер де көп екен. Осындай балалармен жұмыс істеп жатқан балалар массажисі Әшім Күнсұлу Бақытқызымен де сөйлестік.
– Өзіңіз байқағандай, баласын ертіп келіп жатқан ата-аналар аз емес. Бала тілінің кеш шығуынан бөлек, мүлде сөйлемейтін балалар да бар. Бұл сөйлеудің дамымауы деп аталады. Оның ішінде I, II, III деп үш кезеңге бөліп қарастырамыз. Массажист ретінде мені ойландыратын мәселе, осындай балаларды ерте анықтап, баламен жұмыс жасау керек. Егер бала 2 жасына дейін сөйлемесе немесе 2-3 сөйлемнің басын қоса алмай жатса тиісті мамандарға көрсетіп, жұмыс жасау керек. Әлбетте, қазіргі уақытта жүкті аналарда қаназдық жиі кездеседі, қала берді экология деп жатамыз. Жарайды, ана баласын аманесен босанып, жарық дүниеге алып келді. Бірақ, жас аналардың көпшілігі балаға толыққанды қарамайды. Жыласа, мазасызданса баланың қолына телефон беріп қояды, баламен сөйлеспейді, ортақ қарым-қатынас жоқ. Соның салдары¬нан осындай жағдайға келіп отырмыз. Сонымен қатар бір кемшілігіміз, көпшілік аналар баланың аузына емізікті салып, құлағының тыныштығын ойлайды. Негізі емізікті мүлде қолдануға болмайды. Қолданған күннің өзінде, кемі бала алты айдан асқан соң түбегейлі бас тарту керек.
Қазіргі уақытта орталықта балалар жақсы нәтижеге қол жеткізіп жатыр. Кешенді және үздіксіз ем-дом оң ықпал етуде – дейді ол.
Сәбидің дүниеге дені сау болып келуі отбасының ғана емес, тұтас мемлекеттің жетістігі. Өйткені дені сау ұрпақ – ұлт болашағы. Ата-ана бала денсаулығына жатырда жатқанынан бастап зейін қоюы керек. Өкініштісі, ата-ана баласын мектепке барарда дәрігерлік толық тексеруден өткізеді. Жайсыз хабарды естісе кімге, қайда барарын білмей жанұшырады. Ал саулықтың құпиясы – сақтықта.

Түйін: Ерекше балалардың саулығы мен қатарға қосылуы сіз бен біздің қолымызда. Қоғам оларды жатсынбай, қамқорлық көрсетуі қажет. Иә, бір ғана дөңгеленген әлемде өзіндік өзге әлемі бар балалар қоғамнан қолдау күтеді...

Әсел РЗАЕВА
15 сәуір 2025 ж. 143 0