Медициналық қалдықтар адам денсаулығына несімен қауіпті?

Медициналық қалдықтар – денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық қызмет көрсету және медициналық манипуляциялар жүргізу процесінде түзілетін қалдықтар.
Медициналық қалдықтарға науқастарға күтім жасайтын заттар, таңғыштар, мақта, шприцтер, инелер, дәрі-дәрмектердің қалдықтары, дене тіндері және қан жатады.
Емдеу ұйымдарындағы медициналық қалдықтардың құрамында инфекция қоздырғыштары болуы мүмкін.
Медициналық қалдықтар адам денсаулығына несімен қауіпті?
Медициналық мекемелерде түзілген қалдықтар ережеге сәйкес дұрыс жойылмаған болса, бұл сол мекеменің қызметкерлері арасында әртүрлі қауіпті аурулардың пайда болуына әкеп соғуы мүмкін. Медициналық қалдықтардың қауіптілігі-оның құрамында көптеген ауру тудыратын микробтар,түрлі вирустар мен бактериялардың болуына байланысты. Пайдаланылған, залалсыздандырылмаған медициналық құралдар мен материалдармен жұмыс жасау кезінде персонал қағида талаптарын сақтамаса өткір, үшкір қалдықтардан адам жарақаттанып, денесін кесіп алуы мүмкін. Жарақат алған жерлер арқылы қанмен жұғатын В және С гепатиттері, АИТВ инфекциясы және т.б. қауіпті аурулардың қоздырғыштары тікелей қанға енуі мүмкін. Адам инфекцияны өзіне жұқтырғанымен қоймай, ауруды тарата отырып, айналасындағы адамдарға қауіп төндіреді.
Медициналық қалдықтар қауіптілік деңгейі бойынша 5 қауіптілік класына бөлінеді:
"А" кластағы медициналық қалдықтар - коммуналдық-тұрмыстық қалдықтардан құрамы бойынша ерекшеленбейтін, қауіпті қасиеттері жоқ қалдықтар;
"Б" класындағы медициналық қалдықтар – эпидемиологиялық қауіпті медициналық қалдықтар (инфекцияланған және әлеуетті инфекцияланған қалдықтар);
"В" класындағы медициналық қалдықтар – төтенше эпидемиологиялық қауіпті медициналық қалдықтар (аса қауіпті және карантиндік инфекциялық аурулармен ауыратын науқастармен жанасқан, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында төтенше жағдайлардың пайда болуына алып келуі мүмкін және аумақты санитариялық қорғау бойынша іс-шараларды жүргізуді талап ететін материалдар);
"Г" класындағы медициналық қалдықтар – токсикологиялық қауіпті медициналық қалдықтар (пайдалануға жатпайтын дәрілік, оның ішінде цитостатиктер, диагностикалық, дезинфекциялаушы заттар. Құрамында сынап бар заттар, аспаптар мен жабдықтар.Фармацевтикалық өндіріс шикізаттары мен өнімдерінің қалдықтары. Жабдықтарды, көлікті, жарықтандыру жүйелерін пайдаланудан түскен қалдықтар);
"Д" класындағы медициналық қалдықтар – радиоактивті медициналық қалдықтар (Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасында белгіленген радиоактивті заттар үшін регламенттелген мәндерден асатын саны мен концентрациясы бар радиоактивті заттар).
Әрине, барлық қалдықтар адам денсаулығына ықтимал қауіп төндіреді, бірақ эпидемиологиялық тұрғыдан өте қауіпті медициналық қалдықтар өзіне аса назар аударуды талап етеді.
Медициналық қалдықтар ондағы микроорганизмдердің салдарынан қауіп төндіреді, Қауіп аймағына медицина қызметкерлері, емдеу ұйымдарының техникалық қызметкерлері, науқастар, келушілер кіреді.
Медициналық қалдықтардан келетін қауіптілікті ескере отырып, стационарлық көмек және қуаты 50 ден астам адамды қабылдайтын денсаулық сақтау нысандарында механикалық іске қосылатын сыртқа тарту желдеткішімен, биологиялық қалдықтар бар болған жағдайда сақтауға арналған тоңазыту жабдығымен, стелаждармен, таразылармен, медициналық қалдықтар бар пакеттерді жинауға арналған контейнерлермен, ыстық және суық су өткізілген раковинамен, ауа залалсыздандыруға арналған қондырғымен (кварц шамы), қолға арналған антисептиктермен жабдықталған жеке үй жай қарастырылады. Қуаттылығы 50 және одан аз адамды қабылдайтын медициналық ұйымдарда биологиялық қалдықтар бар болған жағдайда уақытша сақтауға арналған тоңазыту жабдығымен және қолға арналған антисептиктермен жабдықталған қосалқы үй жайларда сақтауға жол беріледі. Денсаулық сақтау ұйымының басшысының бұйрығымен арнайы жауапты маман бөлініп, бұйрықпен бекітіледі.
Жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін қауіптілік класына сәйкес медициналық қалдықтармен жұмыс істеу ережелерін назарға алу қажет.
Медициналық қалдықтар бір рет қолданылатын, су өткізбейтін қаптарға, пакеттерге, металл және пластик ыдыстарға, қауіпсіз кәдеге жарату үшін контейнерлерге жиналуы тиіс.
Медициналық қалдықтардан келетін қауіптілікті ескере отырып, әрбір адам, өзінің және жақындарының денсаулығына көңіл бөліп, үй жағдайында ем алған кезде қолданылған ине-шприцтерді кез-келген жерге тастамай , өртеу жолымен жойып отырылулары керек.
Медициналық қалдықтардың әрбір сыныбын жинау үшін қаптардың, пакеттердің, сыйымдылықтардың түсі әртүрлі болады:
1) "А" сыныбы қалдықтары - қара; 2) "Б" сыныбы - сары; 3) "В" сыныбы - қызыл; 4) "Г" сыныбы - ақ.
Медициналық қалдықтарды жинауға, залалсыздандыруға және сақтауға қойылатын санитариялық талаптардың сақталуы аудандық СЭББ тұрақты назарында. Бүгінде басқарма бақылауында 103 медициналық ұйым бар.
Медициналық ұйымдардың әрбір құрылымдық бөлімшесінде медициналық қалдықтармен жұмыс істеу схемасы әзірленіп, медициналық қалдықтарды жинау және уақытша сақтау үшін жауапты тұлғалар бекітілген.
«Б» және «В» сыныбының қауіпті медициналық қалдықтарын тасымалдау, залалсыздандыру және жою нормалау құжаттарына сәйкес жүзеге асырылады. Персонал санитариялық киім мен ЖҚҚ жиынтықтарымен (халаттар, комбинезондар, қолғаптар, бетперделер, респираторлар, арнайы аяқ киім, алжапқыштар, жеңқаптар) қамтамасыз етілуі тиіс.
Медициналық қалдықтарды жою мәселесі өзекті. Арнайы орын мен тиісті қондырғылары жоқ ұйымдар халық денсаулығына зиян қалдықтарды талап бойынша жоймаса немесе қайта өңдемесе. Бұл өз кезегінде адам денсаулығы мен қоршаған ортаға айтарлықтай қауіп төндіреді
Жаңақорған аудандық орталық ауруханасында медициналық қалдықтарды өртеуге арналған арнайы қондырғы (муфельді пеш) жұмыс істейді.
Медициналық ұйымдардың қызметкерлерін медициналық қалдықтармен жұмыс жасау кезінде барынша санитарлық талаптар мен ережелерді сақтауға шақырамыз.
Медициналық өнімдермен және қалдықтармен дұрыс жұмыс істеу сіздің және жақындарыңыздың денсаулығын қамтамасыз етудің кепілі болып табылады.
Б.Увайдаев
Бас маман
Бас маман