Қарты бар елдің қазынасы мол

Ауылдың тыныс-тіршілігін түгендеп, кем-кетігін күйіттеп, қоғамдық мәселелердің басы-қасында жүретін қазыналы қариялардың болуының өзі береке мен бірліктің бастауы деуге болады. Елге айтары бар, жол көрсетіп, жөн сілтер ардагері бар елдің ырыс-несібесінің мол болуы осыдан да шығар. Жаманбай батыр ауылының тұрғыны Тұрғанбек ақсақалдан осындай қасиетті байқадық. 75 жасқа қадам басқан қария әлі де елдің ішінде төбелі жиында төрелігімен жол көрсетіп жүр. Барлық еңбек жолын туған өлкенің өсіп-өркендеуіне арнаған Тұрғанбек Жайынбаев атамызбен сұхбат құрып, бұрынғы мен бүгінді байланыстырып, әңгіме өрбіттік.
1951 жылы дүине есігін ашып, балалық шағы осында өткен оны өмір ерте есейтті. Мектеп қабырғасын тәмамдап, еңбек жолын Талап совхозында бастайды. 70 жылдардан бастап, ел егемендігін алғанға дейін атқару комитетінің хатшылығында қызмет етті.
– Еңбек жолымды Талап совхозында комсомол комитетінің хатшысы болып 80-жылға дейін қызмет атқардым. 1980-83 жылдары Жаңақорған аудандық атқару комитетінде жастар ісі бойынша комиссияның жауапты хатшысы қызметінде болдым. Одан кейін 1987 жылға дейін ауылдық советтің атқару комитетінде қайта хатшылыққа келдім. 1992 жылға дейін хатшылықтан төрағалыққа ауысып, бес жыл тынбай еңбек еттім, – деп бастады кейіпкеріміз әңгімесін.
Ел тәуелсіздігін жариялағаннан кейін басқару жүйесінде күрделі өзгерістер орын ала бастады. Әлемнің озық тәжірибесіне ойысып, мемлекеттік қызмет құрылымының соңғы сатысы – ауылдық округтерді құруды аз уақытта жүзеге асыру міндеті тұрды. Осылайша, Жаңақорған ауданында 1993 жылы алғаш рет ауылдық округтер құрылды. Бұл жергілікті басқаруды оңтайландырып, мемлекеттік бағдармалардың шарапатын ауыл халқының көруіне бағытталған ұтымды шешім еді. Осы мақсатта 1993 жылы облыс әкімі Сейілбек Шаухамановтың №414 қаулысымен Жаңақорған ауданында алғаш рет 14 ауылдық округ құрылып, жаңа жүйеге көшті. Бесарық ауылдық округіне – Талап, Кеңес, Манап ауылы, Апанқақ, Плотина, Бесарық бекеті, Талап темір жол бекеті, Сатымсай елді мекені құрамына енді. Осындай тоқсаныншы жылғы тоқырау тұста ел басқару тізгіні қолыма тиді, – деді ақсақал.
– Өткеннен сыр шерттік, енді бүгінгі мен болашақ туралы ой қозғасақ.
– Қазір заман басқа, технолгия өмірімізге енгелі жылдам дамудың жолы келіп, бәсекеге ілесу басты бағытқа айналды. Ауыл арасында жүріп, замандастарымызбен ақылдасып, қандай мәселе болса да ақылға салып, татулыққа туралап отырамыз. Жастармен тығыз байланыста болу керек, олардың айтары көп, тың идеялар туындатады. Сондықтан жастарға қолдау көрсетуге тырысамыз. Осыдан отыз жыл бұрын қандай еді, қазір қандаймыз. Аллаға шүкір, төрт құбыламыз түгел, тек соны бірлікпен ұстай алуымыз керек. Ауылдың келешегі кемел деуге болады. аудандағы табиғаты өте әсем ауылдың бірі де, бірегейі біздің өлке. Осындай Жаратқан сыйлаған тартуды тарқатып, ауылды туризм орталығына неге айналдырмасқа. Бұл біріншіден, ауыл әлеуетін арттырады, екіншіден, салық жүйеміз жақсарып, инфрақұрылым одан сайын жақсара түседі, үшіншіден, аймақ туризміне жаңа серпін ала келеді. Тау айналаса тек әсемдікке ғана көмкерілген емес, мұндай қазақтың сан ғасырлық тарихы жатыр. Оны да қайта тірілтуге мүмкіндік туады. Айта берсек, жаңа идеялар туындайды.
– Бүгінгі жастардың бойында қандай қазақы қасиеттер жоғалып барады?
– Біз соғыстан кейін өмір парағын ашқан жандармыз. Ол кезде бүгінгідей кеңшілік заман болмады. Барлық жүйе есеппен еді, сондықтан еңбекке ерте араласып, дала майданына барымызды бердік. Бүгінгі жастар дәстүрімізді дәріптеуді біледі, тек оларға дұрыс жол сілтейтін аға буын азайып барады. Жастар жүгенсіз кетеді кейде, еуропалық өмір салтына еліктеушілік басым болып барады. Ауыл болған соң, түрлі жағдайлар болады. Соларды сабырмен шешуге тырысамыз. Тағы айтатын дүние ол спортқа жастарға көбірек әуес ету. Бізді осы алаңдатады. Ол бізге спорт кешен міндетті түрде керек. Бізде жас таланттылар аз емес. Бір ғана ұлымыз кешегі Көшпенділер ойынына Сыр өңірінен жалғыз көкпаршы ретінде бақ сынап, алтынды арқалап келді. Міне, мұндай жастар аз емес, тек заманауи кешен керек болып тұрғаны.
– Отбасыңызға да тоқтала кетсеңіз.
– Құдайдың берген 4 ұл 1 қызым бар. Кемпірім Ұлсерік Малханова екеуміз бүгінде сол балалардың қызығын көріп, 10-нан аса немере сүйіп отырмыз. Жұбайым ардагер ұстаз, ол да осы ауылдың тумасы. Бар өмірін ағарту саласына арнаған аяулы ана. Перзенттеріміз өздері қалаған мамандық иелері, бір-бір шаңырақтың тұтқасын ұстап жүрген жандар. Өмірдің мәні солармен құнды дегім келеді.
Міне, зейнетке шығып, 8 жылға жуық елдің бірлігі мен берекесінде аталы сөзін алға тартып, елдің еңсесін көтеруде өзіндік із қалдырған Тұрғанбек атамыздың орны қашанда құрмет. Барында осындай тұлғаларды бағалап қалғанға не жетсін, елге әлі де берері бар екенін білдік.
Әли ТЕМІРБЕК