№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Еңбек – елдің еңсесін тіктейді

Еңбек – елдің еңсесін тіктейді


Саналы ғұмырында кіндік қаны тамған өлкенің өркендеуі жолында еңбек ету бақыты бұйырған әр перзенттің арманы жоқ шығар, сірә! Әсіресе, кешегі зұлмат жылдардың салқыны тиген алмағайып уақытта, одан соң ел егемендігін алған еркін тұста табанынан тік тұрып қызмет жасаудың өнегесін көрсеткен еңбексүйгіш ерлер көп. Ауданның сан саласының өркендеуіне қажыр-қайратын, жастық жалынын арнаған азаматтар аз емес. Солардың көшінде бүгінгі біздің кейіпкеріміз Нұрғали Мінуаров та бар.


Еңбек ардагері бүгінде елдің ағасына айналып, жастарға жол көрсетіп, бейнеттің зейнетін көруде. Ағамыздың тыныс-тіршілігін, хал-ахуалын біліп, өткен мен бүгінді байланыстырып, тағылымды әңгіме өрбіттік.
Біз еңбек адамының өмір парақ­тарынан алдымен 40 жылға жуық атқарған қызмет жолын сараладық. Ол үйдің тұңғышы болғандықтан жүктің жеңіл емес екенін сезініп, еңбекке ерте араласыпты. Алғашқы қызмет баспалдағы «Мыңбұлақ» жақтағы каналды тегістеу жұмыстарымен басталады. 1973 жылы Қызылорда мелиорация тресіне қарасты аудандағы ПМК-34 мекемесіне мастер болып ауысты. Осы кезеңде Бесарық плотинасы құрылысын жүргізді. Мекеме мамандары үш ауысымда демалыссыз жұмыс жасады. Жүздеген самосвал тасымалы жұмылдырылып, техниканың күшімен үлкен котлаван тоған жарты метр сайын су өтпейтіндей нығыздалып, дәлме-дәл өлшеммен жүргізілді. Осындай қыруар күшпен Жайылма плотинасы, Бірліктегі Ақүйік су тоспасы салынып, 4 шақырым лотокты канал іске қосылды. Осы мекемеде прораб, бөлім бастығы, бас инженері болып қызмет атқарған жылдары Задарья, Қыркеңсе, Сунақата, Қаратөбе, Өзгент шаруашылығында күріштік жерлердің тегістеліп, инженерлік жүйеге келтірілуіне, Қожамберді, Сунақата, Сүттіқұдық, Екпінді елді мекендерінде ауыз су құбырларының іске қосылуына тікелей басшылық жасады. Осы жылдары білімін жетілдіру мақсатында Киев қаласында курстан өтті.
– Еңбек еш кетпеді. Кәсіби маман ретінде қажырлы қызметім бағаланып, 1984-1994 жылдары екі шақырылым бойынша поселкелік кеңестің депутаты болып сайландым. Мекеме жолдамасымен Москваға ВДНХ-ға, Чехославакия республикасына туристік жолдамамен барып қайттым. Жалпы өзім 1947 жылы Бөртескен деген жерде өмірге келдім. Орта мектепті үздік тәмамдап, 1965 жылы Жамбыл гидромелиоративтік институтына оқуға түстім. Жоғары оқу орнын инженер-гидротехник мамандығы бойынша бітіріп, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында инженер-гидротехник болып жұмыс атқардым. Гидротехник мамандығын түсінбеген елдегілер «сушы, мұрап болуға оқудың қажеті не?» деп ойлапты. Ал шындығында заман ағымына қарай тірліктің бәрі қол жұмысынан автоматтандырылған және гидравликалық құрал-жабдықтарға көшу сатысында осындай мамандарға зәру еді, – дейді ағамыз.
Институтта жақсы оқып, қоғамдық жұмыстарда көзге түсуге тырысты. Әкесі 1938 жылы әскер қатарына алынып, одан әрі 39-жылы фин соғысына қатысып, 3 жылдан соң Герман фашистеріне қарсы майданға кірген. Ауылдағы отбасы «шайқас даласында қаза тапты» деген қара қағаз алып, қайғыдан қан құсып жүргенде 1946 жылы елге аман оралған екен. Келгеннен кейін отбасын құрып, жары Шекер екеуі 5 ұл-қызды тәрбиелеп, жетілдірді. Шиелі қамыс зауытының филиалында бөлімше бастығы, біраз жылдар Бөртескендегі бастауыш мектепте ұстаздық етіп, Мұхтар Әлиев сынды тұлғаларды оқытқан екен.
Ел тәуелсіздігін алып, тоқсаныншы жылғы тоқырау тұста барлық салаға реформа келіп, азаматтар келешек үшін ерен еңбек етті. Нұрғали Мінуаров 1994-1996 жылдары аудандық жол жөндеу мекемесінің бастығы болды. 1996-2002 жылдары аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында бас маман болып жұмыс атқарды. Осы жылдары 256 шақырымдық Қандөз-Көктөбе ауыларалық жолдары, одан басқа 203 шақырымдық 14 ауыларалық жолдары құрылысын қарқынды іске асты. 2002-2005 жылдары облысаралық, ауданаралық жолдарды сапалы деңгейге көтеруге бағытталған 1 млрд теңге қаржының игерілуінде Нұрекеңнің де үлкен қажыр-қайрат жұмсаған маңдай тері аз емес. «Ауыл жылдары» Қандөз, Аққорған, Жайылма орта мектебі, Манап ауылындағы мектеп-интернаты асар әдісімен салынды. Осы жылдары жас мамандарға әр жылы 60 үй, үш жылда 300 тұрғын үй салуға қол жетті.
– Елді мекендердің барлығында ФАП-тар салынды. Сол кезеңдері еңсесін енді тіктей бастаған жас мемлекетіміздің өрлеуі жолында ел халқы ауызбіршілікпен жұмыс атқарып, болашақ үшін байыпты қадамдарға барды. Шыны керек, ол кездерде қазіргідей көз қысты, бармақ басты әдет-дағды жоқ, қазған суды, салған құрылысты мемлекеттік комиссия қатаң түрде қабылдап алатын. Әсіресе, әлеуметтік саланың салмағы ауыр болды. Баспана мәселесі бірінші кезектегі шаруа болды, осындай сындарда сүрінбей өтуге тырыстық, – деп кейіпкеріміз өткенді еске алды.
Нұрғали Мінуаров өзі ПМК мекемесін басқарған тұста еңбеккерлерге қамқорлық мәселесіне ерекше ден қойды. Бірнеше мамандарға баспана салып берген. 2002 жылдан 2010 жылдың аяғына дейін аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде бас маман болып жұмыс атқарып, зейнеткерлікке шықты. Құжат жүзінде зейнетке шыққан еңбек ері елдік жолда болысып, жастарға жол көрсетіп келеді. Балаларына бас болып бөбекжайға ыңғайластырылған үлгіде екі қабатты арнайы балабақша ғимаратын тұрғызды. Айналасына ойын алаңы, ертегі қалашығын тұрғызып, мазмұны мен көркі қабат өрілген көрікті мекенжай бүгінде балақандар игілігінде. Жан-жақты жағдай қалыптасқан «Нұрай-Қыдыр» балабақшасында бүгінде 70 бүлдіршін тәрбиеленуде. Бөбекжайға ұлы Мұрат басшылық жасайды.
Иә, баланың жақсы болмағы ұшқан ұядан алған тәліміне тікелей байланысты десек, әр саланың тізгінін ұстаған Нұрғали атаның ұл-қыздары бүгінде бір-бір шаңырақтың иесі атанып отыр. Әнипасы Алматы облысы, Есік қаласындағы амбулаторияда меңгеруші болса, жолдасы Пуат антына адал, көпке шипасы тиген дәрігер, Қайрат жеке кәсібін дөңгелетіп, жетістікке жетіп жүр. Келіні Айман мейрбике, Алматы қаласында тұрады. Одан кейінгісі Мұрат жоғарыда айтып өткеніміздей жеке кәсіптің қыр-сырын меңгерген маман болса, Талғат №163 мектепте мұғалім, волейболдан жаттықтырушы. Қара шаңырақтың иесі. Ал, Құрбанайы Талғар қаласындағы мектепте мұғалімдік қызметте болса, жолдасы Құрбанғазы кәсіпкер. Үлкен шаңырақтағы келіні Мереке мен қара шаңырақтағы келіні Құралай аудандық емханада жоғарғы санатты мейіргерлер.
Мамыр айының 15-не 75 жасқа қадам басатын қазыналы қария немерелерін еңбекке баули жүріп, маңдай термен келетін абыройдың биігін насихаттап келеді. Шығыс ойшылы Жүсіп Баласағұн: «Адамның мәңгі болмағы, оның ары мен ел үшін еткен еңбегінде» деген тәмсілі осында жатыр. Еңбек ардагері бүгінде 23 немере мен 2 шөбере сүйіп отыр.
Қарапайымдылық пен адамгершілікті өмірінің басты ұстанымы еткен еңбекқор ұрпақтың әрбір тірлігінің түзі болуы да берілген тәрбиенің қазығының мықты болғанына байланысты болса керек. Қай кезде болмасын елдік мүдде, ұлттың келешегі жолында қызмет қылу бұл адами болмыстың биігін, адамзаттың асыл парызын көрсетеді. Ел сенім артқан ерлердің осындай өнеге ісі өрімдей өрендерге үлкен ғибрат. Осындай еңбек ерлерінің ісінен еңбектің елдің еңсесін тіктейтінін көруге болады.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ

30 сәуір 2022 ж. 668 0