Ісмерлік игі өнер
Қазақта «шебердің қолы алтын» – деген тәмсіл бар. Рас, ісмер өнерді игілігіне идіріп ғана қоймай, оны өскелең ұрпаққа мұра етіп қалдыру үлкеннің үлгісі, өшпес өнегесі. Осындай шебер қолды аналарымыздың бірі де, бірегейі деп Бибайша Бегмағанбетқызын айтуға болады. Он саусағынан өнер тамған 92 жастағы анамыз халқымыздың өю-өрнегін өсиет етіп келе жатқан жан. Бүгін біз тоқсаннан асса да ұлттық құндылықты ұлықтап жүрген ақсамайлы әжеміз туралы жазуды жөн көрдік.
Сөзге де шебер, іске де ұста халқымыздың зор мәдениеті мен өнерін паш ететін құндылықтардың бірі – осы өнер. Қолөнер ғасырлар бойы дамып, жетіліп, уақыт сынынан сүрінбей өтіп келе жатқан халық шығармашылығының сарқылмас қайнар көзі, халкымыздың мәдени айнасы. Ол талай ғасыр елегінен өтіп, түрленіп, жаңарып бізге жетіп отырған қастерлі құндылық. Адамды әсемдікке, нәзіктікке деген сезімін тербеп, сұлулыққа деген қабілетін арттырады. Сол арқылы адамзат баласы зор эстетикалық рухани қуат алып, әлемдік өнер шыңына қанат қағады. Жазушы A.Сейдімбек: «Жалпы хас өнерді айтып жеткізуге болмайды, оны көру керек, оқу керек» – дейді. Рас, өнерді нақ түсіндіру мүмкін емес, оны тек сезіну керек. Ал өзіңіз сол өнерді жасаушы болсаңыз, процестен ләззат аласыз. Бұл қолөнер шеберлерінің айнасы. Ұлттық дәстүрлер көркемдік шеберліктің халықтар жинаған мол қазынасы, ғасырдан ғасырға тапсыратын эстафета іспетті.
Бибайша әжеміз 1932 жылы 8 наурызда өмірге келген. Кешегі нәубетті жылдарда дүние дидарын ашып, сұм соғыстың зардабын да басынан өткерді. Балалық шағы ауыр жылдармен жазылған анамыздың тағдырында қаншама сынақ өткені рас. Еңбекке ерте араласып, бойындағы тігіншілік қасиетті қажетіне жаратты. 1951 жылы Ақпан Түймебайұлымен отбасын құрып, 11 ұл-қызды дүниеге әкелген алтын құрсақты ана. Анамыздың өмірі мен еңбегі, тәлімі мен тәрбиесі, бүгінгі жастар үшін үлгі боларлық, мейірімі мен даналығы қазақ қоғамындағы әйелдердің шынайы образын бейнелейді. Бүгінде Бибайша әжеміздің ұл-кыздары дәрігер, білім, өнер, кәсіпкерлік сынды түрлі салада қызмет атқарып жүр. Әжеміз 32 жыл тұтынушылар одағы саласында қызмет етіп, ұлттық өю-өрнекпен безендірілген бұйымдары, қолынан шыққан әрбір туындысы Алматы, Тараз, тіпті Мәскеу сынды тағы да басқа ірі қалаларда ұйымдастырылған көрмелерде қойылып, жүлделі орындармен оралып жүрді.
Халқымыздың ұмытылып бара жатқан мәдени мұрасы киіз үйлерге жабатын кесте, сырмақтар, басқұр-баулар өнерін жаңғыртып және халқымыздың ежелден келе жатқан көне де ізгі дәстүрі арқылы қазіргі заманымызға лайықты, сапа түр беріп сәндік қолөнерді дамытуға өз үлесін қоса білді. Сауда тұтыну саласының дамуына сүбелі үлес қосқан Бибайша анамыз Тәуелсіздік алғаннан кейін де, Алматыда өткен «Қарқара – 98» көрмесіне қатысып, қолданбалы өнері жоғары бағаланды. Бұл анамыздың ұлттық өнерге қосқан елеулі үлесі еді. Бұның бәрі қажырлы еңбектің арқасы болу керек. Талант бәріне бірдей беріледі, оны дамыту, оның шыңына жету екінің бірінің қолынан келе бермейтін бақ.
Талай сын сынақты бастан өткізсе де күш-жігері талмай, табандылықпен еңбек ете білген Бибайша әжеміздің 92 жылдық мерей тойын Созақ ауданы әкімдігі ерекше атап өткен еді. Бұл халық алдындағы адал қызметінің бағалануы. Қол өнерін кәсіпке айналдырып, күнделікті өмірде пайдалануға шәкірттер дайындап, оларға ұлттық қазынаны зерделеуді ұғындырып, көрген-білгенін үйретіп жүрген өз ісін жетік білетін шебер зейнеткер, жеке кәсіп иесі.
Осындай асыл аналарымызды мақтан ете білуіміз керек. Осы мақсатта Сұлтанбек Қожанов атындағы аудандық тарихи өлкетану музейінде Бибайша Бекмағанбетқызына арналған бұрыш ашылды. Көрменің мақсаты – ұлттық қолөнерді дамыту, қолөнер шеберлеріне қолдау көрсету, олардың жасаған бұйымдарын халық арасында насихаттау болатын. Музейге әжеміздің кілем, тоқыма, киіз бұйымдары, басқұрлар, текеметтер, сырмақ және тағы басқа 60-қа жуық қолөнер туындылары қойылып, кілем тоқудан шеберлік сағатын көрермендер назарына ұсынды. Созақ аудандық музейінде арнайы бұрыштың тұсау кесері, Мыңжылқы мәдениет сарайында, алтын алқа иегері, енбек ардагері, қажы, ел анасы Өтеева Бибайша әжеміздің ғибратты өнер жолына арналған «Аяулы абзал ана-Бибайша »атты салтанатты кеш өтті. Бибайша әжеміздің жарқын өмірі халқымыздың мәдениетімен ұлттық рухымыздың жарқын болашағы. Бибайша анамыздың бойынан, өзінің істеген жұмысына қанағаттанбайтын нағыз суреткер шеберге тән қасиетті көрдім, Талант Тәңірден, ал шеберлік еңбектен келетіні ақиқат. Атымыз бен тегіміз, түр-сипатымыз ұқсас жаннан алар үлгім көп болғандықтан ынта мен жігерім ауып Шолакқорған жерінде ұлым Айқынның тұсауын кестіріп, батасын алдым .Әжеміз секілді елге қызмет ететін азамат болсын деп тілекші болдым.
Бибайша ӨТЕЕВА