№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » «Бақнұрдың» бағын ашқан

«Бақнұрдың» бағын ашқан


Көрпе мен көрпеше, қыз жасауы, бесік жабуы сынды ұлттық өнерді ұлықтап жүрген қыз-келіншектердің кәсібіне сұраныс өте жоғары. Жыл сайын осы ісмерлікке икемделіп, жеке кәсібін дөңгелетуге ниетті нәзік жандылардың қатары артып келеді. Жүрек қалауымен осы саланы бойына сіңіріп, кәсіп көзіне айналдырған Гүлзира Жапекованың қолынан шыққан бұйымдарға ықыласымыз ерекше ауды. Қолөнер шеберімен сұхбаттасуға жетелеген Instagram-ға салған ерекше еңбектері еді.

Тұңғыш немересінің атына қойылған «Бақнұр» тігін цехының әлеуметтік парақшасындағы қызылды-жасылды құрақтарға көзіміз түсті. «Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген тәмсіл бар. Расында да, әйел-аналардың қоғамдағы орны бөлек. Әсіресе, жеке кәсібін ашып, шаруасын дөңгелетіп отырған нәзік жандар жайлы айтар сөз көп. Бүгінде ауданда кәсіпкерлік саласы кеңейіп келеді. Кәсібін жандандырып, қолөнері көпшіліктің сұранысына ие болып отырғын Өзгент ауылының тұрғыны Гүлзира апайдан табыстың сырын білуге тырыстық.
– Шүкір, мақтанғаным емес, тапсы­рыс жақсы түсіп тұрады. Кейде үлгер­мей де қалып жатамын. Бесік жабуы мен қыз жасауын үздіксіз тігудемін. Инстаграммен жұмыс жасағаннан кейін, еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыс түсіп жатады. Айталық, Астана, Алматы, Ақтөбе, Атыраудан да тапсырыс түседі. Үйдегі келінім Айжан инстаграм парақшаны жүргізіп, күнделікті жасаған жұмыстарымды салып, көпшілікке ұсынып отырады. Қазір тұңғышына бесік дайындайтын аналар баласының басы көбейген сайын бесік жабуын жаңалауға әуес. Заман талабына сәйкес, халықтың талғамы да өзгерген. Бұрындары қызыл-жасыл түсті маталарды таңдаса, қазіргілер жарық, ақшыл түстерге бейім. Енді осы бұйымдарды саудалауға келсек, барынша халықтың қалтасына салмақ салмайтындай етіп, төмендеу баға қоямын. Мәселен, бесік жабдығы сыртқы жабуы мен ішкі жабдықтарын қоса есептегенде 10 000 теңгеден басталады. Өйткені, сыртқы жабуы қымбат пұлыштан тігеледі. Мақтасы салынған дайын көрпешелер құны жұбымен 9 мың теңгеден басталады. Ал, «Қыз жасауын» жобамен 200 мың теңгеге жасап шығуға болады. Көбіне тапсырыс берушінің талғамына, сұранысына қарай тігіледі. Еңбектенген адам әйтеуір өз күнін өзі көреді ғой. Біздің жұмысты «Инемен құдық қазғандай» дегенге саятын шығар. Негізінен, айына 150-200 мыңнан кем табамын дей алмаймын.
Әжесі мен анасының бойындағы ісмерлік қасиет кейіпкерімізге бала кезінен дарыған. Қолөнерге, тігін тігуге икемі бар Гүлзира апай мақсат тұтып жүрген кәсібін бұдан он жыл бұрын қолға алыпты. Қазір оның шілдехана, бесік той, қырқынан шығару, тұсау кесуге арналған жұмыстары мен тұрмысқа шыққалы жатқан қыздарға арналған түрлі мерекелік бұйымдары жоғары сұранысқа ие.
– Тірлікпен айналысқан соң әр күніміз қауырт. Десе де, отбасымның, отағасының арқасында осындай жетістікке жетіп отырмын. Кәсіпке қатысты жаңалықтарды уақытылы игеріп отыру үшін тұрақты ізденемін. Талпынған адамға қашанда түрлі жұмыс көздері табылады. Сондықтанда қол қусырып қарап отырмай, нақты іске көшкен дұрыс, – дейді жастарға қарата.
Гүлзира Бекжігітқызының шебер­ханасынан тігіншілік өнердің өрісін көрдік. Әжесінен қалған асыл өнерді, қаннан келген қасиетті дамытып отырған жан ісмерлікке ынталы жас­тарға да білгенін үйретуге қарсы емес. Бұл да кейінгіге деген қамқорлықтың белгісі.
Иа, бүгін де бесік тойға арнап, аппақ пұлыштан жабу тігіп отырған ісмердің әрбір шаңырақтағы қуанышқа осылай ортақтасып жүргеніне куә болдық. «Шебердің қолы алтын», – дейді атам қазақ. Сөзге шебер, іске де ұста халқымыздың мәдениетін паш ететін құндылықтарының бірі – оның қолөнері. Асыл тастан сән бұйымын жасаған, жүннен көздің жауын алатын бұйым жасап, сүйек пен мүйізді қиыстырған халық шеберлерінің ісі мақтауға тұрарлық өнер туындысы. Қазақ қашаннан он саусағынан өнер тамған ісмер жандардан кенде емес. Тігіншілік өнер бойға шабыт беріп, көңілге шаттық ұялатады. Адамды іскерлікке, икемділікке, дәлдікке бау­лиды. Зеректік пен ептілікке тәрбиелейді.
Осылайша, тұрмысының күрмеуін кәсібі арқылы келістіріп, шаруасын шырайландырып отырған жан Гүлзира Бекжігітқызының табандылығына тәнті болдық.

Әсел КЕҢЕСҚЫЗЫ
25 қаңтар 2022 ж. 628 0