№1 (8815) 7

07 қаңтар 2025 ж.

№103 (8814) 31

31 желтоқсан 2024 ж.

№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » АЯҚСУДЫ ҮНЕМДЕУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

АЯҚСУДЫ ҮНЕМДЕУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Соңғы жылдары егін шаруашылығымен айналысатын аймақтарда аяқсу тапшылығы сезіле бастады. Әсіресе, суды көп қажет ететін өнімдерге су жеткізу бұрынғыдай болмай тұр. Мәселен, күрішпен күнелтіп отырған Сыр өңірінің диқандарына жыл сайын егіс көлемін азайту оңай шаруа емес. Онсыз да жер дауы ушығып тұрғанда судың тапшылығы егіншілердің еңсесін түсіріп жіберді. Биыл біздің өңірдің шаруалары судан таршылық көрмегенімен, ақ егісті азайтуға мәжбүр болды. Қалай дегенде де дариядан түсетін ағын судың көлемі жақын жылдары айтарлықтай төмендейтінін сарапшылар айтып, дабыл қағуда. Бұл мәселені шешу қиын болса да, ғалымдар мен жауапты мамандар жүйені ғылыммен ұштастырып, оңтайлы тұсын талқылап, қолданысқа енгізуге тырысуда.

Қазір әлем елдерінде су тапшылығы үлкен мәселеге айналды. Әсіресе, Африка мен Орталық Азияда жағдай тұрақты емес. Сондықтан аграрлы елдердің басым көбі аяқсуды үнемдеу технологиясына терең бойлап, түрлі әдістәсілдерді егін саласына енгізуде. Елдегі су ресурсының 40% астамын құрайтын Ертіс, Іле, Сырдария, Жайық, Тобыл, Есіл және Шу секілді елдің бас өзендері көрші Ресей, Қытай, Тәжікстан, Қырғызстаннан бастау алады. Оған Сырдарияның Тәжікстан, Өзбекстан аумағынан өтетінін қосыңыз. Бұл жалпы су бойынша сырт елдерге тәуелдіміз дегенді білдірмей ме? «Сағадағы су ішеді, аяқтағы у ішедінің» күйін кешіп жүрмесек болғаны. Азия Даму Банкі әлемдегі су проблемасына зерттеу жүргізіп, Орталық Азия елдеріндегі су мәселесінің жағдайына байланысты қорытынды жасады. Зерттеушілер 2050 жылға қарай Орталық Азиядағы су тапшылығы 37 пайызға жетуі мүмкін екенін айтады. Сол үшін осы бастан су инфрақұрылымын жаңғырту және қайта құру қажет деп жатыр. Себебі келе-келе су проблемасы азық-түлік тапшылығына, тіпті қақтығыстарға алып баруы мүмкін. Мұндай жағдайды тудыратын климаттық өзгерістер уақыт өткен сайын ауырлап барады. Азия Даму Банкі суды дұрыс бөліп, тиімді пайдалану үшін елдер ынтымақпен бірлесіп жұмыс істеуі керек деп ескертеді. Суды сақтауда қоршаған ортаны қорғаудың да маңызы үлкен. Өйткені климаттық өзгерістерді адам баласы қолдан жасап жатыр. Мысалы, ауаның газдармен және зиянды өндіріс қалдықтарымен ластануы, өзен-көлдердің айналасында карьерлердің көбеюі судың тартылуына әсер етеді.

КҮРІШТІҢ КӨЛЕМІ КЕМІГЕНІМЕН ӨНІМІ АРТТЫ
Елімізде ауыл шаруашылығы мақсатындағы суармалы жерлердің жалпы көлемі 1,9 млн гектарды құраса, соның 98 мың гектары күріш алқабына тиесілі. Суды көп қажет ететін дақылдарды қысқарту үшін Үкімет су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы егін алқаптарын әртараптандыру бағдарламасын іске асыруға бет бұрды. Осы орайда 2026 жылға дейін күріш алқаптарын 14,1 мың гектарға қысқарту жоспарлануда. Өткен жылмен салыстырғанда күріш алқабы 2,2 мың гектарға қысқарып, 98,1 мың гектарға дейін жеткен. Бір қуантарлығы, егіс көлемі қысқарғанымен шығымы жаман емес, яғни өнімділігі 8 центнерге артқан. Сол секілді қант қызылшасы 109 центнерге, картоп 51,5, көкөністер 26,5 центнерге артқан. 189 мың 449 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, агротехникалық талаптарға сай мерзімінде толық жиналған. Мұндай оң нәтижеге жетуде диқандардың өндірісте ылғал үнемдейтін технологияларды қарқынды қолдануының арқасында болса керек. Нақтырақ айтсақ, жаңа технологияларды пайдалану көлемі 4 400 гектарға жеткізілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 есе артық. Сондай-ақ Сыр диқандары 55 мың гектар күріш егістігін лазермен тегістеген. Нәтижесінде өнімділік 30 пайызға артты. СЫР ӨҢІРІНІҢ ӨРІСІ Ел Президенті мен Үкіметтің қолдауымен дер кезінде жүргізілген келіссөздер нәтижесінде, биыл аймақта су тапшылығы орын алған жоқ. Ақ күріштің атасы, дала академигі Ыбырай Жақаевтың ізбасарлары биыл да ерен еңбектің үлгісін көрсеткені рас. Сыр диқандары 189 мың 400 гектар жерге егін екті. Негізгі дақыл – күріштің көлемі 85 мың 600 гектарды құрап (өткен жылдан 3,4 мың гектарға кем), әр гектардан 58 центнерден өнім алынып, жарты миллион тоннаға жуық күріш жиналды. Осы жылдың басынан бері теңізге барлығы 2 млрд текшеметр су түссе, оның 977 млн текшеметрі вегетация кезеңінде жіберілді. Соның нәтижесінде Арал теңізіне 2020-2023 жылдары маусым, шілде, тамыз айларында орташа есеппен секундына 15 текше метр су түссе, биыл 70 текше метрге дейін су түсіп, теңіз суының көлемі едәуір ұлғайды. 2022 жылы теңіздегі су көлемі 18 млрд 500 млн текше метрге дейін азайған болса, биыл түскен судың көлемі 22 млрд текшеметрге жетті. Жалпы, Сыр өңірінің экономикалық-экологиялық жағдайы, халқының тыныс-тіршілігі Сырдария өзенінің деңгейіне тікелей байланысты. Су ресурстарын неғұрлым тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу, су жүйелерін цифрландыру, әсіресе, егін шаруашылығында күріштен басқа дақылдарды тамшылатып суару көлемін ұлғайту – бүгінгі күннің басты талабы. Президенттің суды үнемдеу туралы тапсырмасына сәйкес, аймақта суды көп қажет ететін дақылдар көлемі оңтайландырылып, су үнемдеу технологиялары енгізілді. Су үнемдеу технологияларын пайдалану арқылы егіс еккен шаруа қожалықтарына су беру қызметтерінің құнын субсидиялау қағидаларына сәйкес су жеткізу тарифының 60%-ы субсидияланады. Сонымен қатар инвестициялық субсидиялау қағидасы бойынша қолданылған су үнемдеу технологияларының жобалық сметалық құжаттамасына сәйкес құнының 50%-ы субсидияланады. Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен дер кезінде жүргізілген келіссөздер арқасында биыл аймақтағы егіс алқаптары сумен толық қамтамасыз етілген, су тапшылығы болмаған. Сонымен қатар «Кең дала 2» бағдарламасы диқан қауымы үшін қолайлы болды. Жалпы салаға соңғы 2 жылда 20,3 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Өткен 10 айда негізгі капиталға 12,2 млрд теңге инвестиция салынған. Иә, аграрлық аймақ саналатын облыс үшін суармалы су мәселесі қашанда өзекті. Шиелі, Қазалы, Арал аудандарында су үнемдеу технологияларын қолдану арқылы 3 ірі жоба іске асуда. Жаңақорған ауданында Қыраш елді мекеніндегі «Қаратау Фруд» алма бағы да аграрлы салаға салынған ауқымды инвестицияның бірі. «Астана Финанс» АҚ мекемесінің тікелей демеушілігімен қолға алынған бұл жобада дария суына тәуелді емес. Осындай байыпты бастамалардың нәтижесінде отандық өнімнің көлемі артып, экспорт көлемі де артатынын ұмытпағанымыз жөн.


ТЫҢ ТӘСІЛДЕР ТҮЙІНІ
Алдымен дрондар жөнінде сөз ете кетейік, өйткені, бұл технология біздің ауданға енді келуде. Шыны керек, әлемнің 100-ден астам елінде ауылшаруашылық дрондарын қолданудың халықаралық тәжірибесі жерүсті бүріккіштехниканың орнына ұшқышсыз ұшатын аппараттарды пайдаланудың елеулі артықшылығын көрсетуде. Бүгінде дүниежүзінде агродрондардың көмегімен 500 млн гектардан астам егістік өңделген. Әлем бойынша шамамен 210 млн тонна суды үнемдеуге мүмкіндік туған. Ауылшаруашылық дрондары жетуі қиын жерлерді өңдеп, зерттеуге мүмкіндік береді. Олар кез келген ауа райында тәулік бойы жұмыс істейді. Нақтырақ айтсақ, өздігінен жүретін бүріккіш гектарына 150 литр су жұмсайды, 5 мың гектарға шамамен 750 мың литр су қажет. Ал дронға дәл осындай аумақты өңдеу үшін 50 мың литр қажет, ол 15 есе аз. Осы мақсатта Ауыл шаруашылығы министрлігі қытайлық «Eavision» компаниясымен 80 агродрон әкелуге арналған меморандумға қол қойған. Бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арасында сатылатын болады. Бұдан басқа «Sunkar eavision International LLP» ЖШС бірлескен Қазақстан Қытай кәсіпорны құрылды, ол «Алатау» ақпараттық технологиялар паркі АЭА аумағында отандық дрондарды жинауды жүзеге асырады. Мұндай техника біздің ауданда екі ғана шаруашылықта бар. Түгіскендік жас кәсіпкер Бағлан Мамыров екі бірдей дронды егініне ендіріп, мол өнім алуда. 40 гектар жерге күріш дәнін тастап, биыл өзіндік рекорд жаңартты. Әрбір гектардан 100 центнерге дейін өнім жинап, қамбасы астыққа толды. «Дронды қалай қолдану керек, оның тиімділігі турасында Шымкент шаһарына барып, шаруалардан айтарлықтай тәжірибе жинақтап келдім. Нарықтағы сұранысы өте жоғары, біздің ауданға енді келе бастады. Оның мүмкіндігі өте зор, біріншіден, уақыт үнемдейміз, екіншіден, дәрі-дәрмек толықтай себіледі, үшіншіден, суды үнемдеудің де бір тетігі» деді диқан. Мол өнім алудың екінші техникасы жер тегістеудегі лазерьдің көмегі. Лазерьмен жер тегістеу жүйесі де біздің ауданға енді келе бастады. Енді су үнемдеудің екі бірдей тәсіліне тоқаталайық. Тамшылатып суару және жаңбырлату әдістерін қолданғанда өнімділік 30 пайызға жоғары болады. Осы орайда елде су үнемдеу технологияларымен суармалы жерлерді кеңейту жұмысы қолға алынған. Биыл мұндай жер көлемі 462 мың гектарды құраса, 2026 жылға қарай 762,2 мың гектарға жеткізілмек. Осы мақсатта Үкімет қажетті мемлекеттік және қаржылық қолдау көрсетуде. Негізінен бұл әдіс біздің өңірге тоқсаныншы жылдары Израйлден келгені айтылады. Бұл әдіспен қазір шағын жылыжайлар бақша дақылдарын суаруда. Оның ішінде қияр мен қызанақтан бөлек, қызылша, картоп, сәбіз сынды дақылдар бар. Жалпы бұрынғыдай жерге тұқымды шашып, суды жібере салатын заман кетті. Сондықтан шаруалар әрдайым ізденіс үстінде болуы керек. Бүгінде әртүрлі заманауи техникалар шығуда. Соларды зерттеп, практикалық тұрғыда пайдалану біз үшін маңызды. Сонда ғана өнім мол болатынын шаруалар алға тартуда.

АУДАНДАҒЫ АХУАЛ
Ауданда ауыл шаруашылығымен айналысатын жалпы 781 шаруашылық құрылымының 460-ы егінмен айналысса, 234-і күріш дақылын өсіреді. Ауданның Сыр беткейіндегі ауылдардың барлығы дерлік егінмен күнелтсе, соның басым көбі күрішті күтіп баптайды. Маусымдық жұмыс болғанымен, шығымы жақсы болса, өнімі де табысты болатыны ақиқат. – 2024 жылы аудан бойынша 35004 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Тарқатып айтатын болсақ, дәнді дақыл, оның ішінде, күріш, бидай, тары, жүгері – 11 812 гектарды құрады. Биыл күріштің көлемі – 7 545 гектарға қысқарды. Ал, мал азықтық дақылдар (жоңышқа, сүрлемдік жүгері) – 19 058 гектарға жетті. Майлы дақылдар (мақсары, күнбағыс) – 1 463 гектар болса, картоп – 157 гектар, көкөніс, бақша – 2514 гектарға орналастырылды. Сондай-ақ, азықтүлік қауіпсіздігін сақтау мен бағаны тұрақтандыру мақсатында жаңадан жерлер дайындалып, ұжымдық егістіктерді әртараптандыруға басымдық беріліп, картоп, көкөніс, бақша дақылдары 400 гектарға егілді, – деді бас агроном Дәурен Абибуллаев. Ауданда егістік алқаптарды тұрақты аяқ сумен қамтамасыз ету үшін 2024 жылы барлық бюджеттерден 1млрд 275 млн теңге қаржы бөлінген. Енді каналдардан берілетін судың көлеміне тоқталайық. Бұл бойынша Жаңақорған сушар өндірістік учаскесі басшысы Әбдімәжит Ахметов жауап берді. – Биыл былтырғы жылға қарағанда егіс көлемі қысқарған, бізге былтыр 15 997 гектарға аяқсу пайдалануға өтінім келсе, биыл 13363 гектарға ғана өтінім толтырылыпты. Осыған орай пайдаланылған судың көлемі де қысқарған. Биыл егінге жұмсалған судың көлемі 317 млн м3 болса, экологиялық ахуалды жақсартуға 94 млн м3 пайдаланылды. Негізінен суды көп қажет ететін де, гектары көп осы күріш өнімі. Бізге өтінім келіп, келісім-шартқа отырса біз суды дер кезінде беріп отырамыз, – деді мекеме басшысы. – Су тапшылығы орын алып жатқаны ақиқат. Диқандар қандай тәсілге көшуі керек деп ойлайсыз? – Бұл бағытта егінді әртараптандыру қолға алынып жатыр. Мысалы, күріштің гектарына 24 - 32 мың куб су қажет. Ал картоп, жүгері сынды бақша дақылдарын 7-8 мың деңгейіндегі суда пісіп жетілдіруге болады. Аудан көлемінде де егінді әртараптандыруды барынша қолға алып жатыр. Мал азығы бағытында мақсары, жүгері егілуде. Бірақ мехнаты бөлек. Күріш сынды төзімді емес, дер кезінде қимыл қажет. Кауын, қарбызды да уақытында өткізбесе іріп кетеді, жарамсыз болып қалады. Одан бөлек, картопты егу үшін оған адам қолы көп керек. Ал күрішті себеді, су береді, табанында су жатса күзде жинап алады. Оның үстіне, облыс бойынша малдың саны бізде көп. Бір жағы күріштің кебегі малға жем, азық. Сол себепті де күріш егу біздің аймаққа өте тиімді. Дегенмен, алдағы уақытта әртараптандыруға көшпесе болмайды.

ЖАҢА НАУҚАН БАСТАЛДЫ
Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша фермерлердің өтініш-тілектерін ескеріп, осы жылдың 29 қарашасынан бастап 2025 жылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуді қаржыландыру басталды. Президенттің тапсырмасын орындау шеңберінде 2025 жылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына 700 млрд теңгеге дейін бағытталады, оның 560 млрд теңгесі капиталдың нарықтық көздерінен тартылады. Қаржыландыру алғаш рет көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуден бұрын басталғанын атап өту маңызды. Бұл фермерлерге тұқымды, тыңайтқышты алдын ала сатып алуға, техниканы дайындауға және барлық қажетті жұмысты сапалы жүргізуге мүмкіндік береді. Үкімет қабылдаған шаралардың арқылы шаруалар өздеріне барынша қолайлы жағдайлар бойынша жедел қаржылық қолдау алады. Бұған қоса, қарыздарды ресімдеу үшін де, оларды кейіннен өтеу үшін де жүгінуге болатын қаржы институттарының саны ұлғайды. Қаражатқа екінші деңгейлі банктер, несиелік серіктестіктер, әлеуметтіккәсіпкерлік корпорациялар және Аграрлық несие корпорациясы арқылы қол жеткізуге болады. Сондайақ кәсіпкерлер жиі көтеретін кепілмен қамтамасыз етудің жетіспеушілігі мәселелерін шешу үшін «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша қарыз сомасының 85%-ын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры кепілдік береді.
P.S. Президент биылғы Жолдауында аяқсуды барынша үнемдеу жұмысын ұйымдастыру керегіне баса назар аударды. Ең бастысы, су үнемдеуге иек артып қана қоймай жаңа технологияларды енгізе отырып өнім сапасы мен көлемін арттыруға жұмыс жасау керек. Бұл бағытта ғалымдардың кеңесі, зерттеулері керек, ғылыми жүйеге негіз артқан тиімдірек болмақ. Нәтижесінде, импорт көлемін азайтып, экспортты арттыру өте өзекті болып тұр. Өйткені, аграрлы сала ел экономикасының негізгі драйверіне айналып келеді.
Әли Темірбек
04 желтоқсан 2024 ж. 17 0