№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Әртараптандыру нарықты реттейді

Әртараптандыру нарықты реттейді


Қазір экономика саласын әртараптандыру бағытында кешенді шаралар қабылданып, нақты міндет пен меже айқындалуда. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, оның ішінде егін саласын әртараптандыру басты назарға алынды. Бұл Сыр өңірі диқандарына да тікелей байланысты. Нәпақасын жерден теріп отырған ауылдағы ағайынға суды үнемдеу технологиясын енгізу, күрішті азайту оңай шаруа емес, бірақ заман ағымы солай. Әртараптандыру, біріншіден, суды үнмедеуге, екіншіден, нарықты реттеуге үлкен мүмкіндік береді. Әйтпесе, базар жағалаған өзге өңірдің тауарынан көз ашпай қаламыз. Импортталған тауардың құны екі есе қымбат болатыны да белгілі. Сондықтан әртараптандыруды жетілдіру – бүгінгі күннің өзекті мәселесі.
алығымен өткен Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы өнімдерін ұлғайту бойынша қабылданып жатқан шаралар қаралғаны белгілі. Өйткені, диқан қауымының үлкен мәселесіне айналған аяқ су тапшылығы жылдан-жылға үдей береді. Оның алдын алудың себептері мен алғышарттары да айтылуда. Бір ауыл бүтіндей бір кәсіп, бір өніммен күнелтіп отырғаннан кейін егінші қауымға оңай болмайтыны анық. Мәселен, Сыр беткейдегі ауыл халқының басым көбі күрішпен отырса, Жайылма жұрты қарбызбен қамбасын толтырып келеді. Қазақстандағы жалпы егіс алаңы 2024 жылы 23,8 млн гектарды құрады. Биылғы әртараптандыру жоспарына толық деңгейде қол жеткізілді дейді ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров. Мәселен, бидай алаңы 450,3 мың гектарға қысқарды, майлы дақылдар 608 мың гектарға, қант қызылшасы 9,4 мың гектарға ұлғайтылды. Суды көп тартатын дақылдар алаңдары: күріш 6,9 мың гектарға, мақта 16 мың гектарға азайтылды.
Ал Қызылорда облысында Жол картасын орындаудағы оң нәтижелер атап өтілді. Өңірде күріштің егіс алқаптарын азайту және су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша индикатор асыра орындалды. Облыс минералды тыңайтқыштарды енгізу бойынша жоспарды 100% орындаған. Саланы қолдау мақсатында шаруалар үшін биыл қаржыландыру арналары, оның ішінде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды тарту есебінен барынша кеңейтілді. Қаржы институттарын тікелей субсидиялау және агроөнеркәсіп кешені субъектілерінің қарыздарына кепілдік беру мүмкіндіктері енгізілді.
Үкімет басшысы диқандарды жеңілдетілген қаржыландырумен қамтуды, оның ішінде әлеуметтіккәсіпкерлік корпорациялар арқылы қамтуды 100%-ға дейін жеткізу қажеттігін атап өтті. Биыл көктемгі егіс жұмыстары мен ауыл шаруашылығы техникаларының лизингіне ауқымды қаражат бағытталды. Жеңіл шарттармен кредит беру көлемі бірінші рет 580 млрд теңгеге жеткізілді. Бұған дейін бұл көрсеткіш 180 млрд теңгеден асып көрмеген. Қабылданған шаралар егіншілердің барлық қажетті агротехникалық ісшараларды толық көлемде жүргізуіне мүмкіндік берді. Бұл ретте диқандар пайдаланатын элиталық тұқымдардың үлесі 7,1%-дан 9%-ға дейін өсті. Енді ауданға келсек. Биылғы жылы Жаңақорғанда 36026 гектарға ауылшаруашылығы дақылдары орналастырылды. Бүгінде Шардара су қоймасына жоғарыдан түсіп жатқан су көлемінің аз болуына байланысты өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырмалы түрде алғанда 2,0 млрд текшеметрге аз жиналған.Сәйкесінше вегетациялық кезеңде Сырдария өзені арқылы өңірімізге келетін су деңгейінің төмен болатындығы күтілуде. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, суды көп қажет ететін күріш дақылының көлемін қысқартып, облыс бойынша 78,0 мың гектарға, оның ішінде біздің ауданға 6 035 гектарға егу жоспары бекітілген.
Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда әжептеуір аз екені көрініп тұр. Соңғы 2-3 жылда аудан көлемінде егінді әратаптандыру жүйелі жолға қойылып келеді. Десе де, әлі де кенже қалып келеміз. Бұл жөнінде ауылшаруашылығы бөлімінің бас аграномы Дәурен Абибуллаев былай дейді. – 2024 жылы шамамен 80 гектар егістік алқаптарындағы мал азықтық дақылдарға жаңбырлатып суару және бақша көкөніс дақылдары үшін 20 гектар жерге тамшылатып суару технологияларын қолдану жоспарлануда. Қыраш ауылдық округінде Qaratau Fruits» шаруа қожалығы 2023 жылы тамшылатып суару әдісімен 30 гектарды құрайтын қарқынды алма бағын (интенсивный сад) орналастырса, 2024 жылы тағы да қосымша 50 гектарға алма көшеттері егіліп, су жүйелерімен қамтамасыз етілді (тамшылатып суару әдісімен). Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, 2023 жылы 295 гектар жерлер жаңадан ашылып отбасылық егістіктерге берілсе, 2024 жылы бұл көлем 400 гектарға артқалы отыр. Нәтижесінде ауылдық округтер бөлінісінде 805 адам дайындалған егістік жерлермен қамтамасыз етілетін болады. Әртараптандыру егістіктерін суаруға қажетті дизельді және электрлі су насостары жеткілікті деңгейде, – деді ол. Мемлекет басшысы 2028 жылға қарай елде ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін екі есе ұлғайту міндетін қойып отыр. Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруда минералды тыңайтқыштарды енгізудің пайдасы зор екенін айту керек. Жалпы, ауыл шаруашылығы – еліміздегі ең маңызды саланың бірі.
Егін шаруасын ширату, түрлендіріп, нарыққа жұмыс жасауды жетілдіру маңызды. Ауыспалы егістікті қолдау және оған жеңілдіктер әлі де жалғасын табады. Оны шаруалар ұтымды пайдаланып қалғаны абзал. Мамандардың пікірінше, ауыспалы егістің жемісі бір жылда көрінбеуі мүмкін, бірақ бұл тәсілдің әсері өте көп деседі. Бастысы, дәстүрлі бірізділіктен құтылуға жұмыс жасап, жақсы нәтиже беруге көшкен жөн. Бұл ойымызды қандөздік диқандар да құп көріп, бақша дақылдарының табысы тары өсіруден артық болмаса, кем емес екенін түсінді. Әртараптандыру жөнінде алдағы уақытта тереңірек зерделеп жазатын боламыз.

Әлібек ТЕМІРБЕК

27 шілде 2024 ж. 189 0