№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Суды шектемесең шекеңе тиеді

Суды шектемесең шекеңе тиеді

ХХІ ғасырдағы ең өткір мәселе – су мәселесі. Мұның салмағы мен салдарын әлем елдері сезініп отыр. Әсіресе, Африка елдерінде таза ауыз суға мұқтаждықтан жұқпалы ауру түрлері тарауда. Дүниежүзілік ресурстар институтының мәліметінше, жаһанның 2,6 миллиард тұрғыны ауыз суға зәру. Ал, 17 елдегі 1,7 миллиард адам суға аса мұқтаж өлкеде тіршік етуде. Бұл – мемлекет басшысы айтқандай, ауыз су тапшылығы – ХХІ ғасырдың он қатерінің біріне айналғанын көрсетеді. Енді не істеу керек? Әрине, үнемдеу шараларын күшейту маңызды. Өйткені, елімізде су тапшылығы мәселесі жыл өткен сайын күрделеніп келеді. Мемлекет басшысының пайымдауынша, еліміз 2050 жылға қарай суға өте мұқтаж елдердің санатына кіруі мүмкін. Қазірдің өзінде елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауыз суға зәру. Тіпті, соңғы уақытта Сыр елінде су тапшылығы сезіле бастады. Оның себебі неде? Осы сұрақтар төңірегінде ізденіп көрген едік.

Ақпарат көздеріне сүйенсек, жер шарының үстіңгі қабаты 75 пайыз сумен көмкерілген. Дүниежүзілік мұхиттың көлемі – шамамен 1 трлн. 332 млрд. текше метр. Әйтсе де, соның бір пайызы ғана адамдардың күнделікті тұтынуына қолжетімді. Қалғаны – мұхиттар мен теңіздердің ащы суы немесе суық өлкеде қатып қалған мәңгілік мұз. Соның салдарынан жұмыр жер тұрғындарының үштен бірі ауыз суға зәру. Атабабаларымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаса керек-ті. Өзгенің емес, өзіміздің ахуалды ескерсек, алдағы уақытта су тапшылығы сезілуі мүмкін деп дабыл қағуда мамандар. Ресми деректерге сүйенсек, елімізде судың 67% көлемі ауыл шаруашылығына жұмсалады. Өнеркәсіпке – 30%-ы кетсе, қалғанын шаруашылық-тұрмыстық қажеттілікке пайдаланамыз. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі әзірлеген тұжырымдамада жерүсті су ресурстарын ұлғайту есебінен 2030 жылға қарай 5-7 текше км-ге жаңа су қоймаларын салу, 5 текше км-ге дейін су үнемдеу, 15 текше км-ге дейін жерасты суларын пайдалану жоспары енгізіліпті. Елордамыз Астана қаласында өткен халықаралық форумда сарапшылар «Су тапшылығы проблемасы туралы креативті ойлау» тақырыбын талқылағаны белгілі. Жиында ВВС-дің бұрынғы журналисі Стивен Коул планетаның 70%-ын су алып жатқанын, бірақ оның 97%-ға жуығы тұзды, ал қалған 2%-ы мұздықтардың мұз қабатында қатып қалғанын айтты. Оның дерегінше, бүкіл әлемде 3,5 миллиард адам жылына кемінде бір ай су тапшылығы жағдайында өмір сүреді екен.

Осы уақытқа дейін, елімізде су көздерін реттеп, халықты сапалы ауызсумен қамтудың бірнеше бағдарламасы қолға алынғанымен нәтижесі көңілге қонымсыз. Осыны ескерген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда су мәселесін көтере отырып, осы жағдайды реттеуші жаңа министрлікті құруы құптарлық іс болды. Атап айтсақ, су ресурстары және ирригация министрлігін құра отырып, ел аумағында түйткілді мәселелерді шешуге аталмыш ведомостваның алдына бірнеше міндеттер жүктеді. «Су үнемдейтін технологияларды енгізу – аса маңызды және шұғыл міндет. Сондықтан тиімді тәсілдер ұсыну қажет. Дегенмен біз дәл қазіргі жағдайда жаңа тариф саясатынан да аттап өте алмаймыз. Әбден ескірген инфрақұрылым әрең жұмыс істеп тұр. Сондықтан жаңа инфрақұрылым салу – өте маңызды міндет, қазіргі нарықтың талабы. Суды нормативтен артық жұмсағандар оның ақысын жоғары тарифпен төлеуі керек. Бір сөзбен айтсақ, суды барынша үнемдеуіміз қажет. Оған қоса судың «көлеңкелі» нарығы түбірімен жойылуға тиіс. Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған», – деді Президент.

Байқағанымыздай, мемлекет басшысы суды үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс екендігін алға тартуы орынды. Қазір әлем елдері арасында оның көзін иелену үшін күрес шиеленісіп, кейбір аймақтарда геосаясаттың аса маңызды факторына айналып келеді. Бүгінде су қорының проблемасы ең өткір болып отырған аймақ – Африка және Орталық Азия. Оның ішінде Қазақстанның жағдайы өте күрделі. Елдегі су ресурсының 40% астамын құрайтын Ертіс, Іле, Сырдария, Жайық, Тобыл, Есіл және Шу секілді елдің бас өзендері көрші Ресей, Қытай, Тәжікстан, Қырғызстаннан бастау алады. Оған Сырдарияның Тәжікстан, Өзбекстан аумағынан өтетінін қосыңыз. Бұл су бойынша сырт елдерге тәуелдіміз дегенді білдірмей ме? Бастауын Қырғызстаннан алатын Сырдария өзені Тәжікстан, Өзбекстан аумағынан өтіп, шығыстан батысқа қарай ағып, Аралға келіп құяды. Осы аралықта өте көп мәселелер туындап, Сырдағы диқандар жыл сайын тығырыққа тіреліп, шаруаның жайы қиын болып отыр. Дарияға жағалай қоныстанған Сыр диқандары соңғы жылдары судың тапшылығын анық сезініп келеді. Егінге келетін судың жылдағыдан көлемі кемуде. Себебі, Сырдарияның бойында орналасқан халы¬қтын тыныс-тіршілігі Сырдария өзе¬ніне тікелей байланысты. Бұл жерде судың шығынын азайтуда су шаруашылығы саласын толықтай цифрландыруға көшіру өзекті. Сосын каналдар мен су қашыртпаларын назардан тыс қалдырмай, үнемі тазалап, қажетті жағдайларда, каналдардың табанын бетондауды қолға алу маңызды. Бұл әлбетте шаруаның жайы. Ендігі кезекте, тұрғындар да суды үнемді пайдалануға көшкен жөн секілді. Неге десеңіз, Африкадағы Мали елінің тұрғындары тәулігіне тек 2-3 литр суды қолданады. Бұл – жуынып-шайынып, ауыз су ретінде пайдаланатын мөлшері. Ал біздің елдің тұрғындары тәулігіне 150- 200 литрге дейін су шығындайды екен. Демек, еліміздің су шығыны мөлшерін төмендету де кезек күттірмес мәселе. Яғни таяу болашақта елдің да-муында су ресурстарының қолжетімді¬лігі – бірінші орынға шығады дегенге саяды емес пе?
Ғалымдардың зерттеуінше 2025 жылға қарай су тапшылығын көретін адамдардың саны 5,5 миллиардқа дейін өседі деп болжануда. Дүниежүзілік су жөніндегі комиссияның мәліметіне сүйенсек, бүгінде әр адам күніне 20- 50 литр су құртады екен. Сондай-ақ әлемнің 28 елінде миллиардқа жуық адам осы өмірлік маңызды ресурсқа қол жеткізе алмай отыр. Ал 2,5 миллиардқа жуық адам орташа немесе ауыр су тапшылығын сезуде. Қазақстан су ресурсы тапшы елдер санатына жатады. Солай бола тұра, суды ең көп тұтынатын елдер қатарына кіреді екен. Worldometers мәліметінше, Қазақстан жан басына шаққандағы суды тұтыну бойынша әлемде 11-орында. Республика бойынша тәуліктік норма 3,5 мың литр. Ресейде бұл көрсеткіш үш есе аз – бір адамға 1,3 мың литр, Германияда – 855 литр, ал Ұлыбританияда – небәрі 348 литр. Дегенмен су тапшылығынан зардап шеккен Африка елдерінде суды тұтыну жан басына шаққанда небәрі 34 литр. Рейтингте суды тұтыну бойынша Түрікменстан мемлекеті ең алдыңғы қатарда тұр. Бұл мемлекет жан басына шаққанда тәулігіне 16,3 мың литр қолданады. Одан кейін Оңтүстік Американың екі елі – Чили мен Гайана. Олардан кейін Орталық Азияның үш елі – Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан, бұл елдерде бір адам тәулігіне 4,8 мың, 4,5 мың және 4,3 мың литр су тұтынады екен. АҚШ мемлекеті бір адамға 3,8 мың литр көрсеткішпен жетінші орында тұр. Демек, осы тұрғыдан нақты бағдарлама әзірлеп, жүйелі жұмыс жүргізу керектігі аңғарылады емес пе?
Осы тақырып төңірегінде бірнеше жауапты мамандармен сөйлесіп, ойларын білген едік.

Аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов,
– Қазір барлық елде экономиканың дамуы, халық санының өсуі, экология жағдайының шиеленісуі судың жетпеуінен туындап отыр. Бұл мемлекетаралық мәселе. Мысалы, бізде Сырдария өзеніне су Шардарадан түседі. Шардараға Қырғыз елінен келеді. Бұл әлбетте табиғатқа байланысты құбылыс қой. Өзге мемлекеттер су тапшылығын жою үшін көптеген су қоймаларын қазып, тығырықтан шығу жолдарын қарастырып жатыр. Енді Жаңақорған ауданына тоқсалсақ, Көктөбе ауылының тұсынан үрмелі су тоспасын салды. Бірақ, біздің жеріміз құмшауыт, яғни қатты топырақ емес, жеңіл құм аралас топырақ болып келеді. Дарияны өзінөзі қазып жібереді. Қыс уақытында, көктемде су тасығанда кезде дарияны қазып жібереді де, кедергі үрмелі су тоспаның іске аспай қалғаны осыдан. Жан-жағын қазып жіберді де, кедергі жасай алмай қалды. Сондықтан да, бірінші кезекте дарияға тоспа керек. Сол кезде, маңайындағы 35 мың гектар су ішіп жатқан алқапқа дариядан су шығатын болады. Екінші, суды аз пайдаланатын дақылдарды егу маңызды. Яғни, жеміс-жидектерді тамшылатып суғару деген бар. Одан бөлек, біздің өңір күрішті молынан егеді. Мысалы, Жапонияда күрішті өндіріп барып егеді. Сол сияқты бізде де диқандар ерте көктемде атызда су бар кезде суғарып жіберіп, күрішті өндіріп алып ексе, көп септігі болар еді. Айталық, Жайылмада қарбызды бірінші теплицада немесе терезенің алдына горшоққа отырғызып барып егеді. Әлбетте, күріштікі қиындау. Дегенмен, сол әдісті қолдану да керек шығар. Күріш 100 күнде пісетін болса, соның 10 күнін өндіріп жіберіп өсіретін болса, он күнді ұтады екенбіз. Бұл жерде ғылыми әдістерді қолдану керек секілді. Яғни, күріш жүз күн суда тұратын дақыл ғой. Бәлкім, сексен күн немесе тоқсан күн суда тұратын түрлерін шығару керек шығар. Қалай болғанда да, суды неғұрлым үнемдеу керек болып тұр. Дей тұрғанымен, біздің табиғи ерекшелігімізге де қарау керек. Айталық, таудан келетін су бар, кейде жауын-шашын аз жауса платиналарда су болмай қалады. Біздің жеріміз тікелей табиғатқа тәуелді өңір ғой. Бұдан бөлек, жер асты суын есеппен пайдаланатын уақытқа келдік. Ең қымбат ресурс – су. Сондықтан есепсіз шығынға қатаң бақылау қажет, – дейді бөлім басшысы.

Ал, аудандық «Казсушар» бөлімінде ұзақ жылдар қызмет атқарған Баянбек Халжанов.
–Су тапшылығы бүкіл әлемде қарқындап өсуде. Әсіресе, халық санының өсуіне, судың басқа арнаға бұрылуына, сондай-ақ мұздықтардың еруіне, құрғақшылыққа, жердің азыптозу үдерісінің артуына байланысты Орталық Азия елдерінде сумен қамсыздандыру өзекті проблемаға айналуда. Ал біздің аймағымызға келетін болсақ, қазіргі таңда судың тапшылығы байқалуда. Біздің ауданның негізгі күнкөріс көзі егін және мал шаруашылығы. Қазіргі уақытта жалпы көлемі 36 мың гектарды құрайтын егістік жерді сумен қамтамассыз ету қиын болып тұр. Сондықтан да, егінді әртараптандыруды қолға алынуда. Мысалы, күріштің гектарына 24 500 литр су кететін болса, картоп, жүгері сынды бақша дақылдарына 7-8 мың литр су жұмсалады. Егіншілер жылда өздерінің айналысатын, егетін кәсіптеріне әбден үйреніп қалған ғой. Мысалы, күріш сасымайды, шірімейді, әйтеуір жинап алса болды. Ал, қауын, қарбызды уақытында өткізбесе іріп кетеді, жарамсыз болып қалады. Одан бөлек, картопты егу үшін оған адам қолы көп керек. Ал, күрішті себеді, су береді, табанында су жатса күзде жинап алады. Оның үстіне, облыс бойынша малдың саны бізде көп. Бір жағы күріштің кебегі малға жем, азық. Сол себепті де, күріш егу біздің аймаққа өте тиімді. Дегенде, алдағы уақытта әртараптандыруға көшпесе болмайды. Екінші жағынан мына тау беткейдегі малдың бәрі сыр беткейге көшеді. көшкеннен кейін ол малға да су керек. Бұрын каналдарда су жата беретін. Қазір дарияның деңгейі төмен түсіп кеткендіктен, каналдарға су бармайды. Осыған байланысты үрмелі су тоспасы салынған. Қазіргі уақытта жарамсыз. Дегенмен бетонмен су тоспасы жүйесі салынса су аз болса да деңгейін көтеріп алар еді. Сонымен қатар, облыстан суды қайта пайдаланудың жолдарын қарастыруда. Күріштен қашыртқыға тасталған ыза суларды қайта егістікке пайдалану қажет. Атап айтсақ, судан қатты қиындық көретін Келінтөбе, Аққорған, Қыркеңсе, Жаңарық, Екпінді сынды елді-мекендерге тапсырып отыр. Алдағы уақытта су жетіспеген жағдайда қашыртқыдағы суды қайта каналға айдап, суды екінші рет пайдалануға жұмыстар жүргізіп жатыр. Сайып келгенде, су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі өте өзекті болып отыр ғой. Бұл күрделі болғанымен, ше¬шімдері мемлекет экономикасы мен ұлт денсаулығына айқындаушы ретінде ықпал ететін күрделі әрі стра¬тегиялық маңызды мәселе. Сондықтан да, бар суды тиімді пайдалануға тиіспіз, – дейді сала ардагері.

Байқағанымыздай, жалпы жер жүзінде суға деген тапшылық басталды. Бүгінгі таңда республика бойынша суды аз қажет ететін және дақылдардың алаңдарын әртараптандыру бойынша жоспарлы жұмыс жалғасып жатыр. Бұдан бөлек, су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары жүргізілуде. Осы ретте аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас агрономы Дәурен Абибуллаевпен байланысып, мәнжайды сұраған едік.
– Қазір су қорын үнемдеуге қатысты әлемде дабыл қағылып, оны шешу жолдары қарастырылуда. Өйткені адамдар ауызсуды есепсіз шамадан тыс пайдалануда. Байқасаңыз ішуге жарамды суды аяқсу ретінде бақша егу мен көгалдандыруға қолданып, кейбірі есік алдына шашып ысырап етуде. Бұл тұрғыда біздің ауданымызда да егін егіп отырған диқандарға әртараптандыруды ұсынып, жан-жақты жұмыс жүргізілуде. Әсіресе, нәпақасын күрішпен көріп, кәсібін дөңгелетіп отырған ағайынға ауыр тиюде. Шыны керек, су мәселесі өте күрделі процес. Алдағы уақытта тіршілік нәрін аз қажет ететін дақылдарды қолға алу керек. Егін егудің де түрлі әдісі бар. Мәселен, көктемде берілген судың ылғалдылығын сақтау.– Көктемде жіберілген судың ылғалдылығын сақтай отырып, мал азықтық дақылдарды егуге болады. Бұл екінші жағынан мал шаруашылығын дамытуға көп көмек. Бізге қойылып отырған басты талап – аз суды ысырапсыз пайдалану. Яғни, каналдардың тазалануына мән беру, ротацияға бағыну қажет-ақ, – дейді агроном маман. Қорыта айтқанда, ата-бабаларымыз «Судың да сұрауы бар» деген сөзді тектен-текке айтпаса керек-ті. Суды ысырап етпей, шашып-төкпей, ас үйде, жуынатын бөлмеде оны пайдаланғанда барынша ұқыптылықпен қарағанымыз дұрыс.

Әсел Рзаева

28 қазан 2023 ж. 391 0